Балаңыз мектепке дайын ба?
Жаңа оқу жылы да басталды. Баласының көштен қалмауы үшін барын беретін ата-ананың мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға жанталасар кезі келді. Алайда биыл Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша, оқушылар классикалық үлгідегі киіммен сабаққа бара алады. Елдегі ірі қалалардың ата-аналары мұндай шешімге наразылық танытып, классикалық киімнің де арзан тұрмайтынын айтып шағымданғаны белгілі. Ал мектеп формасын тігетін фабрикалар екінші жыл қатарынан өнімдерін өткізе алмағандықтан, биылғы маусымда оқушыларға арналған жаңа киім тігілмепті-мыс. Себебі – сұраныс жоқ.
Бір баланы мектепке дайындаудың өзі ата-ананың қалтасына ғана емес, жүйкесіне де салмақ салады. Ал үйінде үш немесе одан да көп баласы бар ата-ананың жағдайы қалай болмақ? Осы орайда ата-аналар мен ұстаздардан балаларды оқу формасы, құрал-жабдығымен қамтамасыз етуге қанша ақша керектігін сұрастырған едік.
Айсәуле Шәйділдаева, 3 баланың анасы:
– Балалардың жазғы демалысқа шыққаны кеше ғана сияқты еді. Енді санаулы күннен кейін алда жаңа оқу жылы. Баланы жаңа оқу жылына дайындаудың өзі ата-анаға үлкен жауапкершілік. Оның үстіне «Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» дегендей, баға дегеніңіз де сан құбылып тұр. Бұрын «Бар жақсымыз – балаларға» деуші едік, қазір «ең қымбатымыз балаларға» дейтін болдық. Кішкентайым мектепалды даярлыққа, екі қызым 3-4 сыныпқа барады. Үшеуіне оқу формасын, киімдерін алуға шамамен 80 мыңдай ақша кетті. Балалардың аяқ киімдерінің бағасы да ересектердікінен қалыспайды. Әрі былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы киімнің бағасы қымбаттаған. Көзге көрінбейтін қажетті ұсақ-түйектердің өзі біраз шығын. Оқу құралдарын түгел алмасам да, 20 мыңдай қаржы жұмсалды. Жалпы үш балаға оқу формасы мен киімдерін үнемдеп алғанда 100 000 теңгедей кетті.
Күнсұлу Бақытбек, кент тұрғыны:
– «Барлық жағдайларды ескере отырып оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық», – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Базарға бардық, бағаны көрдік. Өткен жылдармен салыстырғанда киім бағасы біраз көтерілген. Сатушылардың айтуынша, бір баланы оқу-құралдарымен толық қамтамасыз ету үшін 20 мың теңгенің көлемінде қаражат кетеді. Мәселен, ең көп қолданылатын 12 беттік дәптердің бағасы 25 теңге, 96 беттік дәптер 250 теңге, күнделік 2 мың теңге, қалам мен қарындаш 35 теңгеден, ал бояулар 600 теңге тұрады.
Сондай-ақ қыздың киімі ер баламен салыстырғанда базарда да, дүкенде де қымбаттау. Жалпы бір оқушыны мектепке дайындау үшін орта есеппен 80 мың теңге көлемінде қаражат қажет. Дегенмен нарықтағы бағаны ескерсек, министрдің оқу формасын міндеттемей, классикалық үлгіде киінуіне рұқсат бергені де – жақсы жаңалық.
Ұлмекен Дабылова, технология пәнінің мұғалімі:
– Ұстаз ретінде алдыңда білім алып отырған оқушылардың формамен отырғаны жақсы. Дегенмен қазіргі пандемия жағдайында дағдарыс көп. Соның әсері ме, киім де, басқа қажетті құралдар да қымбат. Өзім де ата-анамын. Екі ұлымды форманың орнына классикалық үлгіде киіндірсем де, ақ көйлек пен қара шалбар керек. Бір балаға форма мен спорттық костюм, аяқ киімдерін алуға 50 мың, ал оқу құралдарына 10 мың теңгедей кетті. Ұсақ-түйегімен 70 мың теңгедей қаржы жұмсалды. Мұны, әрине, тұрақты жұмысы бар ата-ананың қалтасы көтереді. Ал 4, 5 баласы бар, біреуі жұмыс істемейтін ата-аналарға қиын.
Нұрбақыт Әзімхан, оқушы:
– Өзім көпбалалы отбасындағы тұңғыш баламын. Анамыз үй шаруасында. Әкемнің айлығы барлық шығынымызға жұмсалады. Маған сыймай қалған киімдерді інілерім киетін. Ал жаңа оқу жылында бұрын алған формамды киетін болдым. Себебі, көп киілген жоқ, әлі де сияды. Бір өзіме оқу құралдарын алуға 20 мыңдай кетті.
Мектеп формасына жылына бір рет шығындаламыз әрі оқушыларға ортақ болғандықтан, еркін не басқаша киімге қарағанда сол ұнайды. Жоғары сыныпқа өткен кезде мектепті бітіретініңді сезінесің. Сондықтан ортақ формамен жүретініміз көңіл қуантады. Бір жағынан мектеп формасы еркін стильдегі киімдерге қарағанда арзандау.
Дина БӨКЕБАЙ