Қиындықтан құтқарған құрылғы
Кәсіпкерлік саласынан Қазалы ауданы өзгелерден көш алда десек жаңылмаймыз. Сауда-саттық, егіншілік, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, қол өнермен айналысатын халық істің қай түрін болса да иіріп алады. Жақында өзінің жаңашыл ойын облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жариялаған “Инновациялық жобалар” байқауына жолдап, бақ сынаған кәсіпкер қайтарымсыз қаржы жеңіп алды. Нұрлыбек Нұрқожаев өзінің тамшылатып өсіру жоспары арқылы 2 миллион теңгені иеленді. Бұл қаражатқа арнайы тапсырыспен қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Атап айтқанда, су айдағыш құрылғы, сүзгі мен шланга сатып алды. Осылайша тамшылатып суару арқылы 3,5 гектар жерге бау-бақшалық өнім екті.
Қазір егіндікте қарбыз, асқабақ пен қияр жайқалып тұр. Ала жаздай маңдай термен баптаған өнімдерін бүгінде аудан тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынуда.
– Егін егумен айналысқаныма үш жыл болды. Оған қызығушылығым жылдан-жылға артып, ғаламтор желісі арқылы бау-бақшаны күтіп-баптау жолдарын өздігімнен үйрендім. Қазір кез келген кеңес сұрағандарға оңтайлы бағытын көрсете алатын жағдайға жеттім. Мұның бәрі күнделікті тынымсыз еңбектің арқасы деп түсінемін. Қиялға беріліп: “Алма піс, аузыма түс” деп жататын уақыт емес. Барынша тырмысып, кәсіп ашып дамытатын мүмкіндік берілгенде, оны құр жібермеу қажет. Сондықтан осы тамшылатып суару жүйесінің тиімділігін түйсіндім. Себебі соңғы кездері су жетіспеушілігі байқалады. Оның алдын алған абзалырақ деп шештім. Нәтижесі әзірге жаман емес, – дейді Нұрлыбек.
Оның айтуынша, қарбыздың алғашқы өнімдері 2 шілде күні піскен.
– Егіннің жылдам өнуінің себебі біріншіден – қарбыздың 55 күнде пісетін «Бомбикс F1» дейтін сортына байланысты. Екіншіден, тамшылатып суарудың көмегі. Судың тапшылығы кезінде бұл әдістің тиімділігі зор. Суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқышты да арнайы түтік бойымен жібереміз, – деді жаңашыл кәсіпкер.
Нұрлыбек Нұрқожаевтың тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарының жалпы құны 3,7 миллион теңгені құрайды. Оның 2 миллион теңгесін «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Бағдарлама аясында өзінің инновациялық идеясын қорғап, өтеусіз грант ұтып алған.
Ерте піскен қарбызды аудан тұрғындарымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарынан да келіп сатып алуда. Қарбыздың «Бомбикс F1» деп аталатын сорты қазір екінші рет өнім беруде. Одан бөлек, жақында «Продюсер» деп аталатын сорты піседі.
– Өткен жылы байқау арқылы 70 гектар жер көлемін 10 жылға жалға алған болатынмын. Ғ.Мұратбаев ауылдық округіне қарасты “Шақкөз” учаскесінен. Алдағы мақсат егіс көлемін ұлғайту ойда бар. Қаражат көрсеткіші жақсарса, мал шаруашылығымен айналысуды да көздеп отырмын, – дейді еңбекқор азамат.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Шақкөз» учаскесіндегі орналасқан бақшаға арнайы барып, кәсібі кемелді азаматтың жұмысымен танысты. Бақша басына арнайы келген аудан басшысына Нұрлыбек Нұрқожаев өзінің ұсыныс-пікірлерін айтып, жеке ойларымен бөлісті. Аудандағы топырақтың сор болуына байланысты бақша егетін шағын шаруаларға жер тегістейтін техниканың ауадай қажет екендігін жеткізді. Себебі бақшадан мол өнім алу үшін міндетті түрде жер тегіс болып, сумен бірнеше қайтара шайып алу маңызды.
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев қолынан іс келетін кәсіпкерлерді әрдайым қолдайтынын айтып, бұл мәселені алдымен зерттеп алу қажеттігін жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА