Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бозкөлдің бағы бес елі

Бозкөлдің бағы бес елі

Бүгінгідей қиын-қыстау заманда ауызбіршіліктің арқасында тіршілігін күйттеп, жағасы жайылып келе жатқан ауылдар саусақпен санарлық. Тіпті өмір сүруге қолайсыз елді мекендер тұрғындардың жаппай қалаға көшуі салдарынан тақырға айналып бара жатқаны жасырын емес. Алайда біз әңгіме еткелі отырған Бозкөл ауылдық округінің жайы мүлде бөлек. Аудан орталығынан 60 шақырымнан сәл ғана алыста жатқан жалғыз елді мекеннің табиғаты – тұмса, тіршілігі – қызу. Округтегі мыңға жуық тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Қуаңшылық орын алған аумақтан алыс орналасқан, Қуаңның суына бір табан жақын жұрт бау-бақша егу ісімен де көптен ілгері екенін айта кеткен жөн.
Ауыл тұрғындары үшін жан-жақты қызмет көрсету мәселесі жолға қойылған. Мұнда Қ.Ерімбет атындағы №96 мектеп пен №18 Ақкөгершін Бөбекжай балабақшасы ұжымы білімді ұрпақ тәрбиесіне білек сыбана кіріскен. Мұнымен бірге амбулаториялық күндізгі стационар басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың жанына жайлылық сыйлап отыр. Ел руханиятын көтеру мақсатында ауылдық Мәдениет Үйі мен «Бала-Ахун» мешітінің есігі айқара ашық. Ауылдық округ әкімі Ақылбек Бөлебай бәрінен бұрын Бозкөл ауылында электр энергиясы, ауызсу, аяқсу мәселесі толық шешілгенін сүйіншіледі. Бұдан бөлек мұнда пошта байланысы, ветеринариялық пункт пен Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры бекеті халыққа үздіксіз қызмет жасап тұрғанын білдік. Дегенмен құлау қауіпі бар нысандар да жоқ емес.
– 2019 жылы бюджеттен 40 миллион теңге қаралып, Орталық саябақ пайдалануға берілді. Халық демеушілігімен Бала-ахун атындағы мешітке асхана салынды. Өткен жылы қазынадан қомақты қаржы бөлініп, тозығы жеткен білім ошағына күрделі жөндеу жүргіздік. Мектептің есік, терезе, шатыр, едені, жылу жүйесі, электр желілері жаңартылып, оқушылар мен ұстаздар үшін тиімді жағдай жасалды.
Округтегі балабақшаның іргетасы 1962 жылы қаланғандықтан құлау қаупінде тұр. Жаңадан балабақша салу үшін 387 миллион теңгеге сметасын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Республикалық бюджеттің қарауына ұсынылып отыр. Алдағы уақытта мақұлданып, қаржы бөлінеді деген үмміттеміз. Сол сияқты 1961 жылы бой көтерген амбулаториялық емхана орнына жаңасын тұрғызу үшін облыстық бюджеттен 175 миллион теңге сұраттық, – деді округ әкімі Ақылбек Бекқожаұлы.
Жол туралы сөз қозғалса бұрын бозкөлдіктердің көңілі құлазитын. Қазіргі жағдай мүлде бөлек. Елді мекенге апаратын жол да, ішкі көшелер де біраз жақсарған. Мәселен округте А.Жолжанов, Д.Қуандықов, Қ.Өтепбергенов, Ш.Бердібаев, А.Мамытов есімі берілген бес көше болса, оның екеуінің мәселесі сонау 2012 жылы майшаммен қаралып, асфальт төселген. Ал А.Жолжанов көшесінің екі шақырымға жуығына былтыр ғана құрылысшы қолы тиген. Бұл мақсатта аудандық бюджет 19 миллион теңгені бір-ақ бөліп, қиыршық тас төсеген. «Биыл не тірлік?» десеңіз, ауылдың кіреберістегі бас қақпасына арка орнатылды. Мұны ауыл жанашырлары демеушілік есебінен жүргізген. Туған жерге ту тіккен деген осы. 2021 жылы А.Жолжанов көшесін асфальттауға 40 миллион теңге, А.Мамытовқа 80 миллион, Д.Қуандықов көшесін жөндеуге 50 миллион теңгеге сметалық құжаттар дайындалып, бюджетке ұсынылғанын айтуды ұмытып барады екенбіз.
Бүгінде бозкөлдіктер аудан орталығына қиындықсыз қатынап отыр. Мезгіл сайын қыңырлық көрсетіп, жолды бөгейтін Қарлаң көпірі ғана көңілге күп. Әйтпесе 2015 жылы Қожабақы-Бозкөл аралығындағы 16 шақырым асфальттанды. Келесі жылы араларында арба мен дорба жиі жүретін көрші Тасарық ауылына қарай 22 шақырымға қиыршық тас төселген.
Соңғы он жылда ауылда маңызы жоғары істер атқарылып келеді. Аталған жобалар халық сұранысын қанағаттандыру бағытында жүзеге асырылған. Мәселен, 2017 жылы тұрғындардың бақша егуіне жәрдем ретінде “Дөненбай” каналына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 3,5 шақырым жері қайта қазылған. Араға үш жыл салып, арнаның қалған бөлігінің тынысы кеңейтілді. Бұған дейін ауылға аяқсу әкелетін ­магистральды «Жиеней» каналының 22 шақырымы қайта қазылған болатын. Техника қалағына «Қандыарық» каналы да іліккен.
Қайсыбір ауылды алып қарасақ та электр құрылғылары мінсіз жұмыс істеп тұрған елді мекенді табу қиын. Ауылдың жанға жайлы тіршілігі туралы сөз қозғалса қараңғы кештердегі қызықтар ойға оралады. Бірақ көпшілік үшін олқылық саналатын мұндай мәселелерді шешумен ауыл әкімдіктері айналысып келеді. Электр қуатынан қол үзіп қалмас үшін алдымен аудан орталығымен ауыл арасындағы желіні жаңарту керегі түсінікті. Бұл бағыттағы жұмыс жауаптылардың күн тәртібінен түспей келеді. Мұнан кейін ауыл ішіндегі көне ток таратушы құрылғыларды ауыстыру да ерекше маңызға ие. Бозкөлде бес жыл бұрын ғана Д.Қуандықов көшесінің бойына су жаңа трансформатор орнатылды. Құны 2 миллион теңгенің шамасында. Ақыры қуатты трансформатор орнатылғаннан кейін, жергілікті әкімдік құрылғыға 10 жарық шамды қоса жалғады. Осыдан әрі қарай Д.Қуандықов көшесін толық жарықтандыру үшін 6 миллионға жуық қаржы жұмсалды. Бүгінде А.Жолжанов көшесін жарықтандыруға тағы 6 миллион, А.Мамытовқа жарық бағанасын орнатуға 10 миллион теңге сұратып, бюджеттік комиссияға ұсынылған.
Тұрғындар төрт-түлік санын көбейтуге күш салып отырғанын айттық. Содан болар мұндағы мал басы адам қызығарлықтай. Мәселен мүйізді ірі қара саны 1700-ге жетсе, қой мен ешкі басы төрт мыңға жуықтаған. Тізімге 1545 жылқы алынып, 33 бас Ойсылқара малы анықталған.
Тұрғындар әл-ауқатын жақсарту, жұмыссыздықты азайту бағыты да жаман емес. Былтыр «Бастау бизнес» бойынша 3 адам оқып, 555 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп, 3 адам 6 миллион 300 мың теңге жеңілдетілген несие иемденген. Мұнымен бірге «Алихан», «Дәулет» қожалықтары асыл тұқымды ақбас бұқа сатып алып, мемлекеттік субсидия алып отыр. Жаңадан кәсіпкер ретінде тіркелген ауыл азаматтары да мал шаруашылығымен айналысқанды жөн көреді.
– Өткен жылы 32 кәсіпкер тіркелсе, биыл 6 айда 10 азамат жаңадан кәсіп бастады. Тіркелген кәсіпкердің алтауы 583 мың грант жеңіп, қой сатып алған. Тағы үш ауыл тұрғыны үлкен соммада несие алып, мал басын көбейтуде. Қазіргі таңда осындай мақсатта он адам құжат дайындап жатыр. Қаржы ұйымдары арқылы жыл соңына дейін қаржыландырылады деп күтілуде. Сондай-ақ халық алдындағы есеп беруге дейін кәсіпкерлік субъектісін 50-ге жеткізу жоспарда бар, – дейді округ әкімі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 маусым 2021 ж. 1 193 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930