230 мың теңге беріле ме?
Жақында Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы балаларға арналған әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы төлеу тәртібіне тағы өзгеріс енгізді. Арнайы заң жобасы мәжілістің алғашқы қарауынан да өтті. Ал депутаттардың өздері қазіргі жүйені түбегейлі өзгертіп, әрбір балаға 230 мың теңгенің жәрдемақысын енгізуді ұсынып отыр.
Sputnik Қазақстан тілшісі соңғы өзгерістердің тиімділігін, сондай-ақ депутаттар көтерген бастаманы іске асыру мүмкіндігін зерделеп көрді.
Шыны керек, әлеуметтік саланы басқару оңай емес. Шенеуніктер оны жақсы біледі. Бұл жерде зейнет жасын ұзарту, я болмаса, көпбалалы аналардың намысына тиетін сөз айтудың арты үлкен дау-дамайға ұласуы мүмкін, бірден халықтың сенімінен айырыласың. Артынан қызметтен де кетесің. Сол себепті осы мекемеге келетін басшылар зейнетақы мен жәрдемақының жыл сайынғы индексациясы туралы көбірек айтуға тырысады. Әрине, арасында тың бастамалар да болуы керек. Онсыз жұмыстың нәтижесі көрінбейді.
Мәселен, Нұрымбетовтың кезінде көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төлене бастады. Оның орнына келген Серік Шәпкенов те көпке созбай, заң жобасының пәкетін ұстап, парламентке барды. Осы жолы министрлік тағы жаңа жәрдемақы енгізуді ұсынып отыр. Бірақ бұл ақшаны 24 мың адам ғана алады. Олар - I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтар. Сосын мүгедек балалардың жәрдемақысын өсіру қарастырылған.
Министрдің есебіне сәйкес, бүгінде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның үштен бірі күтім жәрдемақысын алмайды. Содан жеке көмекшінің қызметтерін төлеуге жағдайы жоқ. Олардың барлығы көмекке зәру, себебі өз бетімен жүре алмайды. Ал бюджеттен жаңа жәрдемақыға ақша бөлінсе, барлығын жеке көмекшімен қамтуға мүмкіндік болады.
Бұдан бөлек, заң жобасы аясында мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақыны 37%-ке дейін көтеру көзделіп отыр. Осының арқасында 30 мыңнан астам мүгедек баланың жәрдемақысы өседі. Сосын асыраушысынан айырылған жағдайда екі жәрдемақыны да алуға жағдай жасалады.
"Қазіргі уақытта мүгедек балалар ата-анасы ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда бір немесе екі ата-анасы қайтыс болған жағдайда балаға мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы беріледі. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен бірге асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны алатын болады", – дейді Шәпкенов.
Демек, осы бастама заң жүзінде бекітілсе, мыңдаған мүгедек баланың ай сайынғы жәрдемақысы біршама өседі. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде мүгедектікке байланысты ай сайын 41 163 – 48 023 теңге төленеді. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда 12 063 - 29 500 теңгенің жәрдемақысы беріледі. Осылайша, әкесінен немесе шешесінен айырылған мүгедек балаға айына 77 мың теңгеге дейінгі әлеуметтік көмек аударылады. Әрине, қазіргі жағдайда бұл көп ақша емес.
Сондай-ақ заң жобасында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын бекіту ұсынып отыр. Әйтпесе, қазіргі кезде ондай отбасылар кезекте 10 жылға дейін тұрады. Ал бала 18 жасқа толғанға дейін баспана берілмесе, ол өзі қайтадан кезекке тұруы тиіс. Жаңа норманың арқасында 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегін сақтай алады деген жоспар бар.
Алайда бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Бұдан былай баспана кезегінде тұрғандарға тегін үйді ешкім бермейді. Осы психологияны толығымен жою үшін алдағы уақытта әкімдіктің баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - Sputnik) ауыстырылады. Сол жерде арендалық немесе кредиттік баспана ғана беріледі. Әрине мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға үйді кредитке алу үшін табыстың көлемін барынша арттыру қажет, я болмаса арендалық пәтерді күту керек. Бірақ оған біраз уақыт кетеді. Себебі жыл сайын таратылатын арендалық пәтерлердің саны көп емес. Ондай үйді алған күннің өзінде сапасы сын көтермейді.
Негізі, депутаттардың жәрдемақыға қатысты соңғы ұсынысын іске асырса, мүгедек баласы бар отбасылар да сапалы әрі кең үйді кредитке емес, бірден жеке меншікке сатып алуға мүмкіндік алатын еді. Бірақ үкімет ондай жомарттыққа бармайтын сияқты.
Жақында Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы балаларға арналған әмбебап жәрдемақыны енгізуді ұсынған болатын. Депутат Айжан Ысқақованың айтуынша, бүгінде жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша төленетін ай сайынғы жәрдемақыны 30 күнге бөлсе, күніне бір балаға 560-865 теңге ғана шығады. Анасына ештеңе төленбейді.
"Ал сотталған бір адамның тамағына күніне 1018 теңге жұмсалады", - дейді Ысқақова.
Фракция өкілдері барлық жәрдемақыны қысқартып, әрбір балаға 18 жасқа дейін орташа жалақы көлемінде әмбебап жәрдемақы төлеуді ұсынды. Ресми мәліметке сәйкес, биыл алғашқы үш айда елімізде номиналды жалақының көлемі 230 829 теңге болған. Дәл осындай жәрдемақы төленсе, баласы бар отбасылар ештеңден қысылмайды. Таңдаған киім-кешегін де алады, қалаған үйірмесіне де барады.
Наурыздың басында дәл осы депутат жәрдемақыны көтеруге қатысты үкіметке сауал жолдаған. Бірақ ол кезде фракция өкілдері бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне (34 302 теңге – Sputnik) дейін көтеруді ұсынды. Бір айдан кейін үкіметтен жауап та келді. Ол хатта премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов соңғы он жылда мемлекеттік жәрдемақы алатын отбасылардың жарты миллион адамға артқанын баяндады. Осыған байланысты бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де ұлғайып отыр. Мәселен, 2011 жылы 160,9 млрд. теңге берілсе, 2020 жылы жәрдемақының жалпы сомасы 635,3 млрд. теңгеге дейін өскен. Үкімет басшысының орынбасары бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерін арттыру мәселесі талай рет зерделенгенін де жеткізді.
"Осы мақсатта қосымша 530,2 млрд. теңге (мемлекеттік бюджеттен 242,6 млрд. теңге, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 287,6 млрд. теңге) қажет болады деген шешімге келдік. Ондай сценариймен 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығы бұзылады", – дейді Тоғжанов.
Ералы Лұқпанұлы өз хатында әлемдік тәжірибені тілге тиек етіп, АҚШ пен Үндістанда ондай жәрдемақылар мүлдем төленбейтінін де еске салды.
Осылайша, үкімет бала күтіміне байланысты жәрдемақыны орташа жалақының мөлшері былай тұрсын, ең төменгі күнкөріс деңгейіне де көтеруге жағдай жоқ деп отыр. Осы жолы Қазақстан халқы партиясының депутаттарына алдындағы жауаптың көшірмесі келетін шығар.
Негізі, орташа жалақының көлеміндегі жәрдемақы болады. Бірақ қазір емес. Министрлер өз дәстүрінен жаңылмаса, бала күтіміне арналған жәрдемақы жыл сайын көтеріле береді. Сөйтіп, 230 мың теңгеге де жетеді. Алайда ол кезде жалақының мөлшері де, нанның бағасы да қазіргідей болмайды...