Қазақстанда бала үш жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленуі мүмкін
Қазір қазақстандық аналарға бала күтіміне байланысты жәрдемақы сәби бір жасқа толғанға дейін төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала үш жасқа толғанға дейін төлеуді ұсынып отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз еңбек министрлігінде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны көтеру туралы бастама көтергіміз келеді. Қазір ол бала бір жасқа толғанға дейін төленеді. Енді біз оны бір жарым жасқа немесе үш жасқа дейін ұзартуды қарастырып отырмыз, тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл қисынды болар еді", - деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, қазір республикада 387 мың ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алады. Олардың басым бөлігі - әлеуметтік сақтандыру қорынан.
"Яғни жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бір жыл бойы ай сайын 15 мыңнан 24 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдер алады. Олардың жәрдемақысы өз жалақысының 40 проценті шамасында. Сондықтан біз осы мәселелерді қарастырып, бастама көтергіміз келеді", - деді Нұрымбетов.
Бір жасқа дейінгі ай сайынғы жәрдемақы
Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады.
Жұмыс істемейтін әйелдерге:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 15 270 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 18 054 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 20 811 теңге;
төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 23 594 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем былай есептеледі:
Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.
Мәселен, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 3 000 000 теңге табыс тапты делік.
Осы соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге.
125 000 теңге – орташа айлық жалақы.
125 000*0,4 = 50 000.
50 мың теңгенің 10%, яғни 5 мыңы – ай сайынғы зейнетақы жарнасы.
Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 45 000 теңге алып отырады.