Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім уәдесіндегі жоспар қаншалықты орындалды?

Әкім уәдесіндегі жоспар қаншалықты орындалды?

«Жас Алаштың» негізін қалаған Ғани Мұратбаевтың кіндік кескен жері – қазыналы Қазалы ауданының бүгінгі әлеуметтік, экономикалық хал-ахуалы нешік деген сұраққа жауап табу үшін аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың тышқан жылы атқарған жұмыстарын саралап көрдік.
Былтырғы есебінде атқарылар істер мен жүзеге асуы тиіс жобаларды тізіп берген аудан әкімі айтылған сөзін орындады ма? Әкім уәдесіне кірген елді мекендер арасын жалғайтын жолдарды жөндеу, көнерген мәдениет пен білім ошақтарын жаңарту сияқты әлеуметтік мәселелер қалай шешілді? Әкім бұқара үдесінен шыға білді ме?
Әдетте көптің көңілінде қалған уәде құр сөз күйінде қала ма деген күмән болуы заңдылық. Бірақ қазалылықтардың басым бөлігі нағыз іскер азамат ретінде танитын әкімінің былтыр ауқымды тірліктерді іске асырғанына куә болды. Оның барлығын сүйіншілеп отырмай-ақ, болған істі ғана ел назарына салайық.
Жылдағы қағидаға сүйенген аудан әкімі тұрғындарға іске асырған жобалар жайын айтып берді. Ел амандығы үшін Zoom платформасы арқылы қашықтан есеп берген Ергешбаев өткен жылы шешімін тапқан өзекті мәселелерді түгендеп, Қазалы ауданын одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды.
Былтырғы пандемияға қарамастан, Қазалы ауданы табысты шықты. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 миллион теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, бір ауылға газ тартылды. Одан бөлек, көптеген көше асфальтталып, жарықтандырылды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бекарыстан би ауылындағы тұрғын үйлер ­ауызсудың сервистік желісіне қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Он көше асфальтталып, жарықтандырылды. Ол үшін қазынадан 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінді.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бөлек, Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру арқылы Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, жұрт көмір жағу машақатынан арылды. Көп ұзамай қалалықтар да үйлерін көгілдір отынмен жылытатын болады.
Өткен жылы көпшілік қалаға қатынайтын жол мәселесіне көбірек көңіл бөлуді сұраған еді. Осыны ескерген әкім ауылдағы ағайындардың тілегін толығымен орындап, аудандық маңызы бар 60 шақырым жол мен ауылдар ішіндегі 70 көше әжептәуір жөндеуден өтті.
– Биыл да жолдарды жөндеуге көп көңіл бөліп отырмыз. Ең бастысы – осыдан үш жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы аяқталады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ал «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпірінің аралығындағы жөндеу жұмысы да мәресіне жетер күн жақын. Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым аумақты қалпына келтіру ісін жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Биыл Әйтеке би кентіне қарасты – бес, Қазалы қаласының аумағына кіретін он көшеге асфальт төселетіні айтылды. Мұнымен қоса, ауылдық жерлердегі көшелер де ұмыт қалмайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен тағы 18 көше тегіс күйге енбек.
Дамыған елдер әлеуметтік саласын жаңғыртады. Ауданға қарасты барлық ауылдардың түйткілді мәселелері жыл өткен сайын жеңілдеп келеді екен. Мәселен, өткен жылы Ақсуат ауылындағы апаттық жағдайдағы балабақша мен клуб жаңадан бой көтеріп, қызметкерлері заманауи ғимаратқа көшті. Тұрғындар тарапынан жиі айтылатын «Қарлаң» көпірінің де мәселесі шешілетін күн жақындады. Биылғы бюджеттен көпір құрылысының жобасы әзірленіп, оны сараптамадан өткізуге 80,3 миллион теңге бөлінді.
– Кәукей ауылының тұрғындары үшін тағы бір қуанышты жаңалығымыз бар. Биыл аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей мен Бозкөл ауылының аралығындағы электр бағаналары жаңартылады. Қазіргі таңда екі елді мекен аралығындағы электр бағаналары су ортасында қалып, құлап қалу қаупі төніп тұр. Бұл үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған. Жаз мезгілінде ауданда ауызсу тапшылығы орын алатыны жасырын емес. Әсіресе Әйтеке би кентінің тұрғындары бұл мәселемен жақсы таныс. Осыны шешу үшін Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландыруға ұсындық. Біз сұраған 2,5 миллиард теңге бөлінсе, аралыққа 63 шақырым магистральдық желі тартылатын болады, – деген әкім жиналғандарды бір қуантып тастады.
Былтыр ауданда бірнеше ғимарат бой көтерді. Мұндай үлкен құрылыстар ауданда бұрын-соңды болмаған. Өйткені аудан әкімі 15 нысанның құрылысына бақандай 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтып отыр. Оның ішінде 10 нысан пайдалануға берілді. Мәселен, аудандық әкімдіктің заманауи ғимараты елдегі бүкіл аудандар ішіндегі сәулеттілердің бірі саналады. Жүйелі жұмыстың барлығы осында жинақталған білікті мамандардың арқасында Қазалының «Ақ үйінде» жоспарланғанын айтпай кетуге болмас.
Бүгінде ел игілігін көре бастаған Қазалы қаласындағы көлемі 81 гектар жер учаскесіндегі жол, 18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй, «Аймақаш» тұрғын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым, Ғани Мұратбаев ауылындағы көгілдір отын, Бекарыстан би ауылында жүргізілген сервистік ауызсу желісі мен Әйтеке би кентінен бірқабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үйдің шоқтығы биік екені түсінікті.
Бұған дейін құрылысы басталған 600 орындық мәдениет үйі, ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысының, Қазалы қаласын газдандыру және Жанқожа батыр мен Майдакөл елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге ауызсу желілерін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстардың барлығы биыл аяқталмақ. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан жиі айтылып жүрген ұсыныстар қолдау тауып, бұрынғы №170 мектептің орнына 250 орындық жаңа мектеп салынатын болды.
Індет кезінде ауданда оттегі тапшылығы орын алғаны белгілі. Осыған орай, желтоқсан айында Қазалы ауданаралық ауруханасынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ демеушілігімен оттегі станциясы ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған станция Қазалы, көршілес Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Өткен жылы Сырдария өзенінің деңгейі өте төмен болып, су тапшылығы орын алды. Бұл ауыл шаруашылығы саласында тер төккендерге оңай сынақ болмады. Малшылар Сырдарияның табанында қалған тіршілік көзімен төрт түлігін суарса, егістіктегілердің арығы бірнеше апта құрғақ жатқан кездер болды. Бірақ бұған қарамастан, жер емгендер 17 675 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын отырғызды. Оларды орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілді. Содан да болар, 2019 жылмен салыстырғанда өнім көлемі 167 гектарға артты.
Дағдарыс уақытында дала еңбеккерлері өткен жылы егілген 6337 гектар күріштің әр гектарынан 41 центнерден өнім жинап, қамбаға 25 мың тоннадан астам астық құйды. Бұл жұмыс өңірде жоғары бағаланып, Қазалы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша «Үздік аудан» атанды.
Қазалылық шаруалардың еңбегіне бүгінде ТМД-мен қоса, көршілес елдер мұқтаж екенін атап айту керек. Өйткені Азия мен Еуропа елдерінде жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Өткен жылдың өзінде ауданнан 3,5 мың тоннадан астам ақталған күріш шет мемлекеттерге экспортталған. Бұдан бөлек, 1000 тоннадан астам балық өнімдері Ресей, Дания, Германия, Грузия, Қытайға жөнелтілді. Бұл аз десеңіз, «Орда Қызылорда» серіктестігі арқылы Қазалының 129 тонна қамысы немістерге жолданған.
Тұрғындар тарапынан аудандық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін егіске қажетті су жеткізуді қамтамасыз ету, Шәкен, Сарбұлақ ауылдарына гравий жол салу, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамту, бұрынғы №170 мектептің орнына салынатын 250 орындық мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтау, жайылымдық жерлерді күтіп ұстау мен суландыру, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, Ақсуат ауылында ашылған 90 орындық балабақшада қосымша топ ашып, логопед маман жіберу және Әйтеке би кентінде аяқсу мәселесін шешу туралы мәселелер айтылды.
Қорытынды есепке онлайн қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев Қазалы қаласын газдандыруға қажетті қаражат толық бөлінгенін тілге тиек етіп, қуанышты жаңалығын айтты.
Түйін: Жазбамыздың басында «Әкім бұқара үдесінен шыға білді ме?» деген сауалымыз болған-ды. Уәде беру бар да, оны өз дәрежесінде орындау бар. Оны орындау адамгершіліктің, әкім кәсібилігінің белгісі. Қазалыдағы ағайын әкімдеріне дән риза. Әрине, халықтың разылығын алса, онда оның азаматтығы. «Азаматтығы бір төбе» деп осындайда айтылса керек. Ал бізге елдің дамуы, халықтың тоқтығы керек. Лайым, әкім біткен Мұрат Ергешбаевтай елдің қамын ойласа, алғысын алып жүрсе, өздеріне жазылар үлкен сауап екені қаперінде болса дейсің осындайда.
zhasalash.kz
10 ақпан 2021 ж. 2 306 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031