Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл басындағы жоспар орындалды ма?

Жыл басындағы жоспар орындалды ма?

Өткен жылдың басында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл тұрғындары алдында атқарылған істер мен тышқан жылы жүзеге асатын жобалар жайын баяндағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Оның ішінде елді мекендер арасын жалғайтын жолдарды жөндеу, көнерген мәдениет пен білім ошақтарын жаңарту сияқты уәдесіне жұрт риза болды. Көптің көңілінде айтылған әңгіме құр сөз күйінде қалады ма деген күмән болғаны да жасырын емес. Бірақ қазалылықтардың басым бөлігі нағыз іскер азамат ретінде танитын әкімнің былтыр ауқымды тірліктерді іске асырғанына куә болды. Оның барлығын аудандық «Қазалы» газеті сүйіншілеп отырғанын айта кету керек. Десек те жылдағы қағидаға сүйеніп, сәрсенбі күні әкім аудан тұрғындары алдында жыл бойы іске асырған жобалар жайын толық айтып берді. Өткен жылы шешімін тапқан өзекті мәселелерді түгендеп, қазыналы Қазалыны одан әрі дамытудың жоспарымен ­таныстырды.

Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығына жиылған жұрт аудан басшысын күтіп, есік жаққа елеңдегені рас. Бірақ М.Нәлхожаұлы облыстағы әріптестерімен бірге сахнадағы экранна көрінді. «Zoom» платформасы арқылы қашықтан есеп беруді жиналған жұртшылыққа карантин талаптарын сақтау деп түсіндіріп, ел амандығы үшін ерте тарқасуға шақырды. Солай деді де, қомақты қаржы жұмсалып, ел игілігіне берілген жобалар туралы баяндамасын бастап кетті.

«Жол картасының» жақсылығы
2020 жыл пандемиялық ахуалға қарамастан Қазалы ауданы үшін табысты болды. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 миллион теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, 1 ауылға газ тартылды. Одан бөлек, көптеген көше асфальттанып, жарықтандырылды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдағы тұрғын үйлердің ­ауызсуы сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 10 көше асфальтталып, жарықтандырылды. Ол үшін қазынадан 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінген.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бөлек Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның нәтижесінде Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, жұрт көмір жағудың машақатынан арылды. Көп ұзамай қалалықтар да үйлерін көгілдір отынмен жылытады.

Ауылға апарар жол
Өткен жылдары аудан әкімі ауылдық округ халқы алдында есеп беруге барғанда көпшілік қалаға қатынайтын жол мәселесіне көбірек көңіл бөлуді сұрайтын. Содан кейін әкім ауылдағы ағайындардың тілегін толығымен орындауға кіріскендей. Өйткені былтыр аудандық маңызы бар 60 шақырым жол мен ауылдар ішіндегі 70 көше әжептәуір жөндеу көрді.
– 2021 жылы да жолдарды жөндеуге көп көңіл бөліп отырмыз. Ең бастысы – осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы аяқталады, – деді М.Нәлхожаұлы.
Сонымен қатар «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпірінің аралығындағы жөндеу жұмысы да мәресіне жетер күн жақын. Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым аумақты қалыпқа келтіру ісін жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 миллион теңге қаржы қаралған. Бұдан жолшылардың аталған жерге әлі талай тер төгетінін байқауға болады.
Биыл Әйтеке би кентіне қарасты 5, Қазалы қаласының аумағына кіретін 10 көшеге асфальт төселетіні айтылды. Мұнымен қоса ауылдық жерлердегі көшелер де ұмыт қалмайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен тағы 18 көше теп-тегіс күйге енбек.

Әлеуметтік нысандар басты назарда
Қайбір ел даму жолында әлеуметтік саланы жаңғыртуға көбірек көңіл бөлетінін білеміз. Соған сай ауданға қарасты барлық ауылдардың түйіткілді мәселелері жыл өткен сайын жеңілдеп келеді. Мәселен, өткен жылы Ақсуат ауылындағы апаттық жағдайдағы балабақша мен клуб жаңадан бой көтеріп, қызметкерлері заманауи ғимаратқа көшті.
Тұрғындардың тарапынан жиі айтылатын «Қарлаң» көпірінің де мәселесі шешілетін күн жақындады. 2021 жылдың бюджетінен көпір құрылысының жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізуге 80,3 миллион теңге бөлінді.
– Кәукей ауылының тұрғындары үшін тағы да бір қуанышты жаңалығымыз бар. Биылғы жылы аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей мен Бозкөл ауылының аралығындағы электр бағаналары жаңартылады.
Қазіргі таңда екі елді мекен аралығындағы электр бағаналары судың ортасында қалып, құлап қалу қаупі төніп тұр. Бұл үшін де облыстық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған.
Жаз мезгілінде ауданда ауызсу тапшылығы орын алатыны жасырын емес. Әсіресе Әйтеке би кентінің тұрғындары мәселемен жақсы таныс. Осыны шешу үшін Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландыруға ұсындық. Біз сұраған 2,5 миллиард теңге бөлінсе, аралыққа 63 шақырым магистральдық желі тартылатын болады, – деп әкім жиналғандарды қуантты.

Құрылыста ерекше қарқын бар
Қазалылықтар былтыр ауданда ғажап ғимараттардың бой көтергенін жақсы біледі. Мұндай үлкен құрылыс ауданда бірінші рет жүргізілді десек қателеспейміз. Өйткені аудан әкімі 15 нысанның құрылысына бақандай 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтып отыр. Оның ішінде 10 нысан пайдалануға берілді. Мәселен, аудандық әкімшіліктің заманауи ғимараты елдегі бүкіл аудандар ішіндегі сәулеттілердің бірі саналады. Біз әңгімелеп отырған жүйелі жұмыстың барлығы осында жинақталған білікті мамандардың арқасында, Қазалының «Ақ үйінде» жоспарланғанын айтпай кетуге болмас.
Бүгінде ел игілігін көре бастаған Қазалы қаласындағы көлемі 81 гектар жер учаскесіндегі жол, 18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй, «Аймақаш» тұрғын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым, Ғ.Мұратбаев ауылындағы көгілдір отын, Бекарыстан би ауылында жүргізілген сервистік ­ауызсу желісі мен Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үйдің шоқтығы биік екені түсінікті.
Қазіргі таңда бұған дейін құрылысы басталған 600 орындық Мәдениет үйі, ­ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Қазалы қаласын газдандыру және Жанқожа батыр мен Майдакөл елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желілерін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстардың барлығы биыл аяқталады деп жоспарлануда. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан жиі айтылып жүрген ұсыныс қолдау тауып, бұрынғы №170 мектептің орнына 250 орындық мектеп салынатын болды.
Пандемия кезінде ауданда оттегі тапшылығы орын алғаны белгілі. Осыған орай желтоқсан айында Қазалы ауданаралық аруханасынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның демеушілігімен оттегі станциясы ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған станция Қазалы, көршілес Арал, Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Дағдарыстағы даму
Өткен жылы Сырдария өзенінің деңгейі өте төмен болып, су тапшылығы орын алды. Бұл ауыл шаруашылығы саласында тер төккендерге оңай сынақ болмады. Малшылар Сырдарияның табанында қалған тіршілік көзімен төрт түлігін суарса, егістіктегілердің арығы бірнеше апта құрғақ жатқан кездер болды. Бірақ бұған қарамастан жер емгендер 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызды. Оларды орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілді. Содан да болар 2019 жылмен салыстырғанда өнім көлемі 167 гектарға артты.
Дағдарыс уақытында дала еңбеккерлері өткен жылы егілген 6337 гектар күріштің әр гектарынан 41 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 25 мың тоннадан астам астық құйды. Бұл жұмыс өңірде жоғары бағаланып, Қазалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша «Үздік аудан» атанды.
Қазалылық шаруалардың еңбегіне бүгінде ТМД-мен қоса көршілес елдер мұқтаж екенін атап айту керек. Өйткені Азия мен Европа елдерінде жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Өткен жылдың өзінде ауданнан 3,5 мың тоннадан астам ақталған күріш шет мемлекеттерге экспортталған. Бұдан бөлек мың тоннадан астам балық өнімдері Ресей, Дания, Германия, Грузия, Қытайға жөнелтілді. Бұл аз десеңіз, «Орда Қызылорда» серіктестігі арқылы Қазалының 129 тонна қамысы немістерге жолданған.

Тұрғындар тілегі
Тұрғындар тарапынан аудандық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін егіске қажетті су жеткізуді қамтамасыз ету, Шәкен, Сарбұлақ ауылдарына гравий жол салу, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамту, бұрынғы №170 мектептің орнына салынатын 250 орындық мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтау, жайылымдық жерлерді күтіп ұстау мен суландыру, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, Ақсуат ауылында ашылған 90 орындық балабақшада қосымша топ ашып, штат санын көбейтіп, логопед маман беру және Әйтеке би кентінде аяқсу мәселесін шешу туралы мәселелер айтылды.
Қорытынды есепке онлайн қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев Қазалы қаласын газдандыруға қажетті қаражат толық бөлінгенін тілге тиек етіп, қуанышты жаңалықпен бөлісті.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 ақпан 2021 ж. 2 441 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031