Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала атауы қандай өзгеріс әкеледі?

Қала атауы қандай өзгеріс әкеледі?

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығын қосу туралы сөз қозғалғанда әңгімені әріректен бастаған дұрыс. Өйткені бұл бүгін немесе кеше көтерілген мәселе емес. Қайбір жылдары кенттегі жол жөндеу жұмысы жүрмей тұрғанда тұрғындар аудан әкімінің есебінде осы жайында сұраған. Әкім мұның себебін бюджеттен бөлінген қаржының көп бөлігі қала статусы бар аймаққа бөлінетіндігімен түсіндірген. Ал ­аудан орталығы кент болғандықтан жылдық лимиті көңіл қуантарлықтай емес еді.
Содан кейін орталықтағы азын-аулақ тірлікке жұмсалған маңдай тер халық тарапынан еленбейтін. Десек те өткен жылы аталған мәселенің толық болмаса да, біраз бөлігі шешілді. Бірақ келешекте де ел игілігі үшін іске асатын жобаларды қаржыландыру, қасиет тұнған Қазалы өлкесін көркейту үшін екі аралықтың қосылуы соншалықты маңызды болып тұр. Алайда таяқтың екі ұшы барын атқарушы билік те, ­аудан тұрғындары да жақсы біледі.

Қос аралықтағы қоныс
Осы кезде кент орталығында сатып алуға болатын немесе тұрғын үй үшін тегін берілетін жер телімдері жоқтың қасы. Сондықтан бірер жыл бұрын аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің рұқсатымен Ғани Мұратбаев ауылына апаратын жол жиегі мен Жалаңтөс батыр ауылының күре жолының жағасынан баспана салу үшін тұрғындарға жер учаскелері табысталды. Өткен жылдары жұрт «барсакелмес» атап кеткен бесінші, алтыншы квартал аумағынан қалааралық автомагистрал жолына дейін баспана салып, кент өрісін кеңейтті. Былтырдан бастап қазалылықтар көкейінде қала мен кент арасынан ұлтарақтай болса да жер алғысы келгені жасырын емес. Бірақ аудандық жер бөлімінің басшысы Еркін Сейітов биыл Жанқожа батыр кесенесіне дейінгі қара жердің барлығының қожайыны анықталғанын айтқан еді. Қос аралыққа халықты қоныстандыру 2018 жылы басталып кеткен.
Ерте басталған тірліктің еншісі сол, біріктірілген 8 мың гектарға жуық аумақтың 700 гектардан астамына инфрақұрылым барып тұр. Бұл үшін 7 миллиард теңге қаржы бір-ақ бөлінген. Салыстыру үшін, айта кетейік өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған 42 жобаның өзі 3 миллиард 11 миллион теңгені құраған. Осыдан-ақ қаншалықты ауқымды тірлік атқарылғалы жатқанын байқауға болады. Аудандық құрылыс бөлімінің берген ақпарында солай делінген.
Ал жер бөлімінің мамандары жыл өткен сайын бос жатқан жер табу қиындап бара жатқанын айтады. Мәселен 2018 жылы аралықта үй мен кәсіп нысанының құрылысын бастау үшін 622 азаматқа жер телімі берілді. Келесі жылы тиісті бөлім 232 учаскені өтініш берушілерге үлестірген. Бұдан бөлек былтыр қаладан бері қарай 261 гектар аумақ талап қылған 339 адамға бөлінді. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет кент меншігіндегі 234 учаскенің басым бөлігі мақсатты құрылысын аяқтағанын тілге тиек ете кетейік. Жер мамандары біріктірілген бас жоспар мен тұрғындар тілегін ескеріп, жыл аяғына дейін қаладан 320, кенттен 115 адамға дайын тұрған жерді табыстайтындарын айтып отыр. Бес жыл бұрын қараусыз жатқан қала мен кент арасы ендігі екі-үш жылда адам танымастай өзгерейін деп тұр.
Төрт жолақты жол – тұрғындар үшін
Қалаға апарар асфальт жолдың таршылық ететіні талай рет қоғамда қызу талқыланып жүргені рас. Жыл он екі ай ауылдық округтерден қатынайтын тұрғындар жаз мезгілінде көліктің көптігіне налып, қыс келіп, қалың қар түсе қалса қозғалыс қиындайтынына шағымданатын. Атқамінерлерлер аталған мәселеге келгенде бір оқпен екі қоянды қатар атқанын байқаймыз. Неге десеңіз, үш жылға жетпейтін уақыт ішінде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы 7 км жолға қайта жабдықтау ісі жүргізіліп, төрт жолақты автомагистраль болып шыға келмек. Бүгінде көпірлерді көңілден шығаруға күш салып жатқан мердігерлер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов жұмысты жүйелі әрі сапалы жүргізіп, келер жылы мәресіне жеткізетіндерін мәлімдеген. Күннің суық кезінде көпірдің тірлігін, күн жылынғанда асфальт төсенішін аяқтауды жоспарлап отырған көрінеді. Оның ені жиырма метрге дейін кеңейтілмек.
– Көлік қозғалысын реттеп, жүргізушіге жайлылық сыйлайтын төрт жолақты жол салу үшін бюджеттен 2 миллиард 380 миллион теңге қаржы қаралды. Жобаның алғашқы жұмыстарын бастау үшін былтыр 600 миллион теңге бөлінді. Осыдан кейін жеңімпаз атанған «СтандартОйл» мердігер мекемесі көпірлерді жаңартуға кірісіп кетті. Өйткені қос аралықта жөндеу қажет ететін екі бірдей көпір бар. Оның бірі 1978 жылы бой көтерген болса, екіншісінің ел игілігіне берілгеніне сегізінші жылға қарап барады. Оның жаңасы төртжолақты жолдың көлеміне лайықталып, 14 метрге дейін созылады. Ал ескісі толықтай қайта салынатын болады. Құрылыс басталмас бұрын су өткізгіш құбырлар жайы да ескерілді. Мәселен Жанқожа баба кесенесі тұсындағы канал мен Ақарықтың арнасы өтетін құбырларды жаңадан орналастырамыз. Жол халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесінің тұсынан басталып қалаға кіре берістен аяқталады, – дейді Мұрат Әбсұлтанов.
Жол кеңейтіліп, жолаушылар қатынасы көбейе түскенде қоғамдық көліктер жайлы сұрақ туындайтыны заңды. Қос аралықты қоныстанғандар саны артатындықтан аялдама орнату ісі де іркіліп қалмауы тиіс. Бұл бас жоспарда ескеріліп, оннан астам заманауи үлгідегі аялдама салынатын болды. Соған сай қоғамдық көліктер үлкен автобустарға ауыстырылып, саны көбейеді. Екі жақтауына биіктігі он бір метрлік жарықшамдар орналастырылады. Ал жүргіншілер жолы құрылыс біткеннен кейін талқыланатыны белгілі болды. Қос аралықта қоныстанушылар саны едәуір артып, көзделген нысандар бой көтергеннен кейін аспалы жүргіншілер көпірін салу тиісті бөлімнің алыс жоспарында бар. Содан кейін де келешек аралықты жалғайтын аумақ көздің жауын алар көрікке ие болады деген үміт бар.

Құрылыс қарқыны артты
Осы жылдары әкімдікке қарасты бөлім басшыларының жұмыстарына көп сын айтыла бермейді. Бұл аудан әкімінің кураторлығымен тірлік тізгінін ұстаған іскер азаматтардың есепсіз еңбегі екенін де баса айта кетейік. Өйткені бір-екі-ақ жылда көпқабатты үйлер бой көтеріп, ондаған жаңа әлеуметтік нысанның ашылуы, бұл аз десеңіз жиырма көшенің бір мезгілде жөндеу көруі, жапан даланы қақ жарып, ауылдық округтерге апаратын жолға асфальт төселуі, алыстағы ағайынның игілігіне балабақшалар мен маңызды нысандардың берілуі оңай тіршілік емес. Бұдан бөлек біріктірілген аумақтағы бірегей ғимараттардың жарыса бой көтеруі көз ілеспес жылдамдықпен жүруде.
Аталған жоба іске асырыла бастағанда аудандық ауруханалар мекемесі пайдалануға берілді. Ізін ала аудан әкімдігінің су жаңа ғимаратының лентасы қиылды. Аудандық сот та келбеті келіскен нысанға көшті. Рәміздер алаңының ашылуы аудан жұртшылығының кеудесіне ұлттық рух бергені анық.
Ал осы сәтте 250 орындық емхана салынып жатқанын көзі қарақты оқырман газет беттерінен оқыған болар. Екі аралықтың арасындағы ерекше ғимараттың бірі – мәдениет үйінің келушілерді қабылдауына да аздаған уақыт қалды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Жомарт Сарабековтің сөзіне сенсек, көп ұзамай екі қабатты 12 пәтерлі 12 арендалық баспана бой көтереді. Келешекте Жанқожа батыр көшесінен аудан прокуратурасы, өрт сөндіру депосы мен көпбейінді балабақша, білім ордасын тұрғызып, іске қосу ­жоспарда тұр.
Өткен жылы кент орталығында орналасқан базарлар бірінен соң екіншісі отқа оранып, кәсіпкерлердің тірлігін тұралатып қойды. Бұрын да мұндай жағдай жиі қайталанатын. Ол аз болғандай, базар маңында жол көлік оқиғасы жиілеп кетті. Өйткені осы аумақта көлік кептелісі жиі орын алады. Осы тұста базар маңын кеңейту мүмкін емесін бәрі біледі. Мәселені шешудің жолы – сауда орталығын кең жерге көшіру. Бұл бастамаға кездесулерде сондағы кәсіпкерлер де тұрғындар қолдау білдірген. Ал әкімдік қызметкерлері екі елді мекен жұртшылығына қолайлы орынды таңдап, қос аралықтан жабық базардың сызбасын дайындаған. Көп ұзамай құрылыстың басталғанын сүйіншілеуден үміттіміз.
Ең қызығы бас жоспарда төрт жолақты жолдың оң жақ бөлігі коттедж типіндегі үйлердің бой көтеруіне, сол жақ беткейін кәсіпкерлік мақсатта ұйымдастырылған. Бұл алдымен ғимараттың үйлесімділігіне, тұтынушылардың ыңғайына жоспарланған. Бір сәт елестетіп көріңізші, қаз-қатар тізіліп, үйлесім тартқан сәнді даңғыл бойындағы серуен керемет емес пе?!

Жеңілдіктер жайы не болмақ?
Арал, Қазалы, Шалқар аудандары экологиялық апат аймағына кіретіні бұрыннан белгілі. Осыған байланысты 2003 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік көмек бекітілді. Бұл Қазалыда айлық жалақының жартысын құрайды. Ал ауылдық квотамен оқуға түсетіндерге берілетін жеңілдік пен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жұмысын тоқтатуы ғажап емес. Бұл жайында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбайдан сұраған едік.
– Алдын ала нақты пікір білдіру асығыстық болар. Бірақ екі аралық қосылып, аудан орталығы қала статусын алар болса, жас мамандарға берілетін бір реттік төлем мен үй алу үшін қаржы берілмейді. Заңнамада осылай көрсетілген. Дегенмен аудандағы ауылдық округке қызмет етуге барған немесе ауылдағы адамдар критерийге сай келсе, аталған мүмкіндікті пайдалануын жалғастыра береді. Мәселен Арал қаласында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының көмегіне жылына оннан аса азамат ғана жүгінеді екен. Бұл көрсеткіш Қазалы ауданында жүзден асып жығылады. Өйткені Аралда ауылдағы ағайындар ғана өтініш береді, – деп түсіндірді.
Қалай болғанда да қаламен кенттің қосылуы ауданға өзгерістер алып келері сөзсіз. Қала статусына көшудің кемшілігі – түлектер мен жас мамандарға қиынырақ болып тұр. Десек те аудандық ішкі саясат бөлімі осы тақырыпта сауалнама жүргізгенін айта кетейік. Оған қала мен кенттен екі мың адам қатысқан. Мамандардың сөзінше, қолдаушылар мен қарсылық танытқандар үлесінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірі мұны ауданның өркендеуіне баласа, екіншісі жеңілдіктің жойылатынына қапалы. Бұл туралы кейінірек, бөлімнен жауап келгенде тарқатып айтатын­ ­боламыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
30 қаңтар 2021 ж. 2 393 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031