Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыла жасалған жоспар

Жұмыла жасалған жоспар

Елде моноқалаларды дамыту бойынша ауқымды істердің қолға алына бастағаны белгілі. Оның ішінде Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығын қосып, үлкен қалашыққа айналдыру жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты мәселелерінің біріне айналды.

Соған сай 2008-2009 жылдары Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының бас жоспары әзірленіп, аудандық мәслихат сессиясының шешімімен елді мекендерді дамыту бағыттары айқындалған болатын.
Өткен аптада аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кент пен қаланың біріктірілген бас жоспарын жүзеге асыруға арналған мәжіліс өтті. Оған қала, кент әкімдері, аудандық қоғамдастық мүшелері, дербес бөлім басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Басқосуда аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов атқарылуы тиіс міндеттер туралы хабарлама жасады. Ол ең алдымен тұрғындарға берілетін жер учаскесі жағдайына тоқталды.
– Қазіргі таңда екі аралықтан халыққа жер учаскесін табыстау үшін инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. 2018 жылы бұл бағытқа республикалық және облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл да кешенді істер көлемі кеміген жоқ. Атқарылған істің нәтижесінде қала мен кент аралығынан үш жаңа аймақ ашылып, 1500-ге жуық тұрғынға жер учаскесі табысталады деп жоспарлануда, – деді ол.
Бұдан кейін бөлім басшысы қаламен байланыстыратын жол бойындағы салынып жатқан аудандық мекемелер үйі мен 600 орындық мәдениет ошағының құрылысы жайында сөз қозғады. Сондай-ақ көпқабатты үйлер тұрғызу жоспары жайында ақпар берді. Оның айтуынша, 2 қабатты 12 тұрғын үй тұрғызу үшін тиісті министрлікке бюджеттік өтінім жолданған.
Екі аралықты қосудың кешенді жос­парын жасайтын жобалау институты да анықталған. Бұл жайында: «Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің біріктірілген бас жос­парын әзірлеуге аудандық бюджеттен 18 миллион теңге қаржы бөлінді. 2009 жылы әзірленген бас жоспардың авторы ретінде «Казгипроград 1» Жобалау институты» танылып, бір көзден алу тәсілімен келісімшарт жасалды», – деді Мұрат Байғабылұлы.
Мәжіліс барысында аталған мекеме директорының орынбасары Ілияс Темірбаев жобалау барысында қажет болатын мәліметтер базасы жайында айтты. Болашақта бой көтеретін ғимараттар туралы дербес бөлімдер мен мекемелердің толыққанды мәлімет беруін сұрады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали аталған аймаққа халықтың көп шоғырлануына байланысты жаңа білім ордасын салу жоспарға енгізілсе деген пікірін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты, «Қазалы Строй Сервис» ЖШС директоры Әділбек Сарабеков тұрғындарға қолайлы бол­уы үшін алдымен кәріз жүйелерін жүргізуді ұсынды.
Бас жоспарға қала мен кент аралығына үлкен сауда орталығы мен саябақ салуды енгізу, сондай-ақ ең алдымен инфроқұрылыммен қамту мәселесін көтерген аудан басшысы жиналғандарды ортақ шаруаны жұмыла атқаруға шақырды.
– Бұл өте маңызды жоба. Өйткені бас жоспар – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, елді мекеннің одан әрі өркендеуіне қатысты кешенді жоспарлауды айқындайтын және атқарылатын жұмыстарды ұтымды ұйымдастыратын негізгі құжат. Сондықтан сала жетекшілеріне сұратылған ақпаратты дер кезінде жолдап отыруды тапсырамын. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, – деп жиынды қоры­тындылады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 мамыр 2019 ж. 1 075 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930