Тұрғындар саулығы бақылауда
Бүгінде республика «жасыл» аймақта тұр. Жоғары қауіпті немесе «қызыл» аймақта 2 өңір – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысы бар. Алдыңғы аптамен салыстырғанда «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа Қостанай және Ақмола облыстары ауысты. «Сары» аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстары бар. «Сары» аймақтан «жасыл» аймаққа БҚО ауысты, қалған өңірлер «жасыл» аймақта екендігін Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов онлайн брифингте мәлімдеді. Ал біздің өңірде әзірге қалыпты. Дегенмен сақтансаң ғана сақтық болатын бір мезет те естен шығармау қажет. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін дәріханада қор жеткілікті. Сонымен қатар теміржол ауруханасы індетке шалдыққандарға қолдан келгенше көмек беруге дайын.
Теміржол ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Серік Ердалиевтің айтуынша, жан-жақты сақтайтынын шаралары жүргізілуде. Емхана мен аурухана кіреберістеріне арнайы пост қойылған. Әрбір келгенді жорналға тіркеп, дене қызуын тексереді. Егер температурасы жоғары болса, оқшаулау палатасы, фильтрге жатқызады. Мұнда толықтай қаралып, өкпе тынысын тыңдап, тамыр соғысын өлшейді. Эпидемиологиялық сауалнама жасалады. Яғни 14 күн қай жерге барды, кіммен қарым-қатынаста болды барлығы да сұралып жағдайына қарай ауруханаға не үйіне жіберіледі. Отбасындағылар түгелдей бақылауда болады.
– Жоспар бойынша ай сайын учаскедегі 500-дей адамды бақылаймыз. Тұмау белгілері бар науқастар мұқият тексеріледі. Нәтиже оң болса, аудандық жұқпалы аурулар бөліміне жолдаймыз. Аурухана бойынша залалсыздандыру режимі сақталған. Екі мезгіл желдетіп, кварц қоямыз. Әрбір бөлімдегілер бір-біріне қатынамайды, сырттан келгендер кіргізілмейді. Бетперде тағу режимі күн-түн ұсталады. Мобильді топ, жедел жәрдем, қабылдау бөлімінің қызметкерлері қорғаныш киімдерімен қамтылған. Дезинфекциялық құрал-жабдықтар, маска, қорғаныш заттарының қоры бар. Күнделікті дене қызуы жоғары белгілерімен түскендер тексеріледі. Әзірге індеттен аманбыз. Қажетті медициналық аппараттармен толықтық. Бір сөзбен, денсаулық жолында сақадай сай тұрмыз, – дейді С.Ердалиұлы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА