Өрелі істің өркені
Қазіргі таңда теміржол – елдегі көлік қызметінің нағыз күретамырына айналған. Содан болар осындағылар жүктелген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, міндетін салмақты саралайды. Бәрі де темірдей тәртіпке бойсұнуға дағдыланған. Міне, осындай болат жол көкжиегін кеңейткендер қатарындағы «Қамқор вагон» ЖШС Қазалы вагон жөндеу депосына арнайы барып, іргелі кәсіпорындағы ілкімді істермен таныстық.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл аумақта 1904 жылдан бастап пойыздар жүре бастады. Орынбор-Ташкент теміржолының Қазалы теліміндегі паровоз депосы жанынан алғаш вагон жөндеу цехы ашылып, пойыздар жүрісінің қауіпсіздігін, жүк тасымалын қамтамасыз етті. 1928 жылы вагон жөндеу цехы өз алдына вагон учаскесі атанды. 1930 жылдан төрт білікті вагондар қолданысқа енгізілді. Ал 1933 жылы ғылыми-зерттеу институты құрылуына байланысты жаңадан жасалған вагондар сынақтан өтті. Осылайша 1950 жылдары толықтай автотірегіштермен жабдықталды. Доңғалақтары роликті подшипникпен шығарылып, пойыздың жүру жылдамдығы 70 шақырымға жуықтады. Паровоздар «ТЭ-2» маркалы тепловоздармен алмастырылды.
Қазалы вагон депосы ағымдағы, орта, күрделі жөндеуді жолға қойды. Орыс ұлтынан шыққан инженерлер жергілікті мамандарды теміржол ісіне үйретуден жалықпады. Вагон депосын әр жылдары Ф.И.Печерский, М.С.Папов, П.М.Воровьев, В.И.Солдатов, тағы басқалары басқарды. 1970 жылы вагон депосының бастығы қызметіне Қазалының төл перзенті, Ташкент теміржол институтын бітірген шебер, бастықтың вагон жөндеу жөніндегі орынбасары болған Әбдінағи Әбжанов тағайындалды. Осыдан соң араға жиырма жыл салып, 1990 жылы баламалы сайлау арқылы Қазалыда туып, теміржолшылар әулетінде тәрбиеленген Әзімжан Әліпбаев депо бастығы лауазымына бекітілді. Осында еңбек жолын бастап, технологиялық жүйенің бүге-шүгесін меңгерген, бірнеше жыл бастықтың орынбасары, бас инженерлікте тәжірибе жинаған Әзімжан Әліпбаевтың басшылығымен көптеген өрелі істер өркен жайды.
«Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының 1999 жылғы 2 маусымдағы «Құрылымдық ө згерістер» туралы бұйрығына сәйкес бұрынғы мекеме пайдалану ваго н депосы және вагон жөндеу депосы аясында екіге бөлінді. Сөйтіп №32 Қазалы вагон жөндеу депосы атауын иемденді. Мекеме бұдан кейін де бірнеше өзгерісті бастан өткерді.
Атап айтсақ, 2001 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстан теміржолы» РМК-ның құрылымдық бөлімшелерін таратуға арналған бұйрығына байланысты құрылтайшылар жиналысының шешімімен «Қазалы-Болашақ» өндірістік кооперативіне айналды. 2002 жылы «Қазалы-Келешек» өндірістік кооперативі, 2004 жылы «Қазалы-Келешек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды.
2010 жылдың алғашқы айынан «Қамқор Менеджмент» ЖШС-ның бұйрығымен «Қамқор вагон» ЖШС-ның Қазалы вагон жөндеу депосы филиалы болып құрылымдалды.
Депо цехтарын аралап жүріп ондағы тапсырыс бойынша жеткізілген жүк вагондарына мерзімді және жоспардан тыс жөндеу жүргізілетінін және қосалқы бөлшектер ауыстырылып, қалпына келтірілетінін аңғардық. Сондай-ақ барлық белгіленген ауқымды жұмыстар вагон құрастыру, қосалқы бөлшектерді дайындау, қалпына келтіру және жөндеу, диагностика және бұзбай бақылау, өндірістік процеске қызмет көрсету, доңғалақ-роликті жөндеу цехы мен автотежегіштер бақылау пункті арқылы атқарылады екен.
Айта кетейік, бұлардың ішінде вагон құрастыру цехының орны бөлек. Өйткені мұнда жүк вагонының шанағы, қорабы, жүріс бөлігі, автотежегіш құрылымдары, соққы және тіркеу бөліктері бөлшектеліп, әр цехқа жіберіледі. Жөнделіп болғаннан кейін осында қайтадан жинақталады. Қазалы вагон жөндеу депосына кіргеннен қарсы алған бас инженер Әділжан Ерниязов ондағы қызу тірлікті бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді.
– Депоға арнайы тапсырыс бойынша жеткізілетін жүк вагондарына мерзімді жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ жоспардан тыс та вагондарға қызмет көрсетіледі. Барлық жарамсыз қосалқы бөлшектерін ауыстырамыз.
Вагонның түрлері көп. Нақтыласам, мұнай таситын цистерна, жартылай ашық вагондар, жүкке арналған деген секілділері бар. Бұлардың жарамдылық мерзімі де шектеулі. Біздің алдымыздан өткен вагон 160 мың шақырым жүруі керек. Егер белгіленген қашықтықты өтемесе де, 3 жыл мерзімі бітсе, жедел түрде осында жөндеуге қойылады. Қазір жүк вагондарында қозғалыс көп. Егер 160 мың шақырымды жүріп, тастағандар міндетті түрде межелі мерзімге қарамай депода жөнделуі тиіс, – деді ол.
Еңселі де кең цехта жоғары салмақты жүктерді көтеруге бейімделген электрлі кран орналасқан. Одан бөлек жүк вагонының шанағы, қорабы, жүріс бөлігі, автотежегіш құрылымдары, соққы және тіркеу бөліктері бөлшектеліп, әр цехқа жіберіледі. Жөнделіп болған соң қайтадан құрастырудан өткізіледі.
1963 жылы қайта жабдықталған депо – Қазалыдағы қуатты жұмыс орнының бірі десек қателеспейміз. Қазақстандағы іргелі деполар санатындағы мұнда, он екі ай бойы тынымсыз тіршілік. Цехтағы жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындап жүрген Жеңіс Әжіғұлов, Ербол Орысбаев, Қали, Мәди Сисеновтер өз ісінің білікті мамандары.
Іргелі ұжымның бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Айтар болсақ, вагон жөндеу депосы «Қамқор Менеджмент» ЖШС-іне қарасты мекемелер арасында 2009 және 2016 жылы «Үздік кәсіпорын» атағын алған. Сонымен қатар 2016, 2017, 2018 жылдары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсқа қатысып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнаулы дипломын еншіледі. Аудандық, облыстық деңгейдегі басшылықтан берілген түрлі марапаттаулар да жеткілікті.
Бүгінде мұнда 171 адам жұмыс жасайды. Бірлігі бекем мекеменің ауызбіршілігі де жоғары. Жұмыс барысында олар ынтымақты ұмытпайды, бір-біріне деген сыйластықтары жоғары. Әріптестерімен орынды әзілдесіп, ортақ шаруаны еңсере атқаруға күш салады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК