Әке жолын қуған ұл
Теміржол саласында жолаушылар мен жүк тасымалдауды қамтамасыз етуші мекемелер үшін қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуы – басты шарт. Сондықтан Қазалы вагон пайдалану депосындағылар үшін тәртіп мәселесі бірінші орынға қойылған.
Өңірдегі вагон депосы Қазалы стансасының үстімен өтетін пойыздарды қатаң бақылап, ақауды дер кезінде анықтап, шойынжолдағы қауіпсіздікті сақтауға үлкен үлес қосуда. Әсіресе вагон қараушылардың еңбегі зор. Қырық жылға жуық теміржол бойында тер төккен Асылбек Ерекеш бүгінде тілге тиек етілген депода аға вагон қараушы. Еңбек жолын слесарьлықтан бастаған ол жұмысын санаспай тиянақты істегенінің арқасында ұжымдастарына қадірлі. Сондықтан өзін тәжірибелі маман ретінде бағалаған басшылық «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттаған.
Асылбек Малқаждарұлының ауысымында 12 адам жұмыс істейді. Атап айтқанда вагон қараушылар Тарғын Орынбаев, Байғабыл Есімбаев, Қанжарбек Тілеулесов, Жанболсын Сүндетов, Берік Жылқыайдар, Серік Қаюпов, Шыңғыс Өтеғұлов, Дархан Түменов, Мейірман Қалиев, Қайрат Құлыбаев, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету бекетінің және вагон есебін жүргізетін операторлар Бақыт Сәрсен мен Айсәуле Алтыбаева жүктелген міндетін адал атқарады.
– Вагон қараушыларымыз жылжымалы құрамдарға техникалық қызмет көрсету кезінде доңғалақ жұбына, арбашықтардың құймалы бөлшектеріне аса қырағылықпен қарайды. Себебі пойыздар қозғалысына қатер төндіретін аса қауіпті ақау – бүйірлік рамалардың сынуы саналады. Ондай жағдай пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Рамалар жарығы вагондардың жолдан шығып кетуіне және соның салдарынан теміржол инфрақұрылымының, басқа да нысандардың зақымдалуына себеп болуы мүмкін. Ал біз сондай жағдайды қалт жібермей дер кезінде жөндейміз, – дейді Асылбек.
Оның айтуынша, бұрын бір ауысымда 60-70 адам жұмыс атқарса, қазір оның саны кеміген. Өйткені технология дамығандықтан барлық құрылғылар жаңаланып, автоматтандырылған жүйеге қосылған. Аталған аппарат вагон қызып кетсе, не кілтипан болса дыбыстық ақпарат беріп, ақаулы вагон ағытылып жөндеуге қойылады.
Асылбек Ерекеш теміржол саласына кездейсоқ келмеді. Оның әкесі Малқаждар да тоғыз жолдың торабында ұзақ жыл еңбек еткен. Бүгіндері әке жолын қуған ұл бар бақытын осы саланың тынымсыз тірлігінен тауып, көптің құрметіне бөленіп жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА