Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отырардан Отпан тауға дейін...

Отырардан Отпан тауға дейін...

Өткен жұма күні газеттің кезекті нөміріне дайындық жүріп жатқан. Іште әуре-сарсаң, қарбалас, қауырт тірлік. Компьютер алдында отырған менің қалта телефоным шырылдады. Қоңырау шалған сол кезде Қызылорда қаласында жұмыс сапарымен жүрген бас редактор амандық-саулықтан кейін:
– Ақтілеу, осы кезде шұғыл түрде үлкен трассаның бойындағы Мүсірәлі бабаның кесенесіне бар. Сәрсенбай деген ағаң сол жақта сені күтіп отыр,– деді.
Бейтаныс Сәрсенбайдың нөмірін алып, бабаның кесенесі тұрған жерге тіке тарттық. Жолда WhatsApp желісінен Сәрсенбай аға жайлы ақпаратты оқып, кімге бара жатқанымды да жобалап алдым.
Діттеген жерге жеткеннен кейін іздеген адамымды түнеуханадан таптым. Танысып, білістік. Сапарға шыққан Сәрсенбай ағадан жөн сұрадық.
Өзін жолаушымын деп таныстырған ол әлемнің екінші ұстазы саналатын Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына, хәкім Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының құрметіне, Маңғыстаудағы 362 әулиенің бірі Бекет атаның 270 жылдығына арнап жолға шыққан. Бір қызығы, «Қасиетті сапар» деп атаған жолды Сәрсенбай аға Түркістаннан бастап Қызылорда, Ақтөбе арқылы Маңғыстау жеріне дейін жаяу жүріп өтпек. Бұл қайдан туған қызығушылық, жасы алпысқа келгенде жылы үйінде отырмай жаяу жолға шығатындай не көрінді деген ой келгені рас. Соны білмекке кейіпкерімізден өзі жайлы айтып беруді сұрадым. Әңгімені әріден бастаған ол: «Мен Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қаражар елді мекенінде дүниеге келдім. Тарихшы болуды армандап, қазіргі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде тарих факультетін тәмамдап шықтым. ­Жаяулатып жолға шығуды 1996 жылдан 2002 жылға дейін Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясында бас маман қызметінде жүргенде ­бастадым, – деді.
2000 жыл республика көлемінде мәдениетті қолдау жылы болып жарияланған кезде Бекет атаның 250 жылдығы тойланатын болады. Осыған орай мемлекеттік бағдарлама жасалып, облыс көлемінде ауқымды жұмыс жүргізілген. Бекет атаның жолымен жүріп өтуге ұсыныс тастаған Сәрсенбайды облыстық ішкі саясат бөлімі қолдап, жәрдемдеседі. Алғашқы жаяу жолға шығу осылай жүзеге асқан. Маршруттың сөресі Қобдадағы Бекет атаның аса таяғы тұрған жерден ­басталады. Керек-жарағын бір сөмкеге буып-түйген жиһанкез жол бойында Атырау облысы, Құлсарыға жақын маңдағы Бекет атаның туған жеріндегі Ақмешітке қонып, құран бағыштайды.Мұнан соң тоғыз жолдың торабы саналатын Бейнеу стансасының күн батыс жағындағы ата салдырған ескі жерасты мешітіне аяладайды. «Алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды» демей ме, жол мехнатын басынан өткерген кейіпкер сапарды пір Бекеттің жерленген жері Үстірттегі Оғыланды тауында аяқтайды. Оқталған ойынан қайтпаған ол адам айтса нанғысыз 1440 шақырымды 44 күнде жаяу жүріп өтеді.
Жетіқарақшыны таныған, жеті түнде адаспас. Жол азабына үйренген жолаушы 2009 жылы Бекет атаның 260 жылдығына арнап екінші сапарын бастайды. Бұл жолы ішкі Маңғыстауды аралап, 280 шақырым жерді артта қалдырып, Отпан тауы, Шопан ата, Оғыланды тауы арқылы Бекет ата мешітінде межелеген жолын жүріп өтеді. Сәкеңнің айтуынша, ол ірі қалалардың арасын жалғап жатқан үлкен трассамен көп жүрмейді. Онда тізбектелген тауар тиеген жүк көліктерінен басқа көрер қызық жоқ. Оған қолайлысы елді мекендерді аралап, қыр басында жалғыз-жалқы отыратын шопандардың әңгімесін тыңдап, кие тұнған иен даланы қиялай жүру.
Байқасаңыз кейіпкер әр он жыл сайын Аллаға ниет қылып, әулие-әмбие аралап, бойында қуат барда бабалар ізімен ұзақ жолға шығып отырады. Күнтізбеде 2020 жылдың қазан айы. Демек Сәрсенбай аға үшінші сапарға шықты.
– Кезегі келген бұл сапардың орны ерек. Бүкіләлемге нәубет туып, індет жайлаған мезгілде қазақтың амандығын тілеп, бабалар басына түнеп, зиярат ету бар қолымнан келіп тұрғаны, – дейді ол.
Алпысқа келіп, жаяу-жалпы жолға шыққан ағаның қажырлылығына таң қалдым. Мен көріп жүрген оның қатарластары ауыл ішінде жүріп-тұруының өзі мұңға айналатыны өтірік емес.
Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – уәли. Қазалының үстінен өтіп бара жатқан құдайы қонақты шама-шарқымызша сыйлап жіберейін деген пейілмен Сәрсенбай ағаны ертіп дәмхананың біріне бас сұқтық. Мұнда сөз тізгінін қонақтың өзіне беріп, үшінші сапардың анық-қанығын, жол бойындағы көрген-білгенін тыңдауға көштім.
– Бұл менің үшінші сапарым. Осыған дейін екі рет елдің батыс бөлігін арлы-берлі аралап өттім. Бұл жолы ең бірінші Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан облысы, Отырар ауданы, Темір стансасына дейін пойызбен жетіп алдым. Мұның негізгі себебі осы стансадан солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы Отырар орналасқан. Мен сапарымды осыдан бастауға ниет білдіргенмін. 2 қазан күні жолдорбамды асынып, жолға шықтым, – деп бастады әңгімесін.
Әрі қарай ағамыз аталар айтып кеткен «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген баталы сөзден аттамай Арыстан бабқа барып түнейді. Осы жерде бір қойын сойып, садақа беріп, ғибадат етеді. Ертесіне таң қылаң бере Түркістан қаласын бетке алып қара жолдың бойымен сапарын жалғастырады. Күн ұясына батқанда Түркістан қаласының шекарасына ілініп, мұнда тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне қазақтың 25 ханының сүйегі жатқан пантеоны бар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, зиярат жасайды. Айтуынша, осында өзі жетінші ұрпағы болып келетін Шоғы батыр да жерленген екен. Жол ақысы жүру. Киелі мекенді артта қалдырған кейіпкеріміз жолай Ақ Орданың астанасы атанған Сауран қаласына соғады. Мұнда қызылордалық археолог жігіттер ескі шаһардың орнын ашық аспан астындағы көрмеге айналдырып жатқан көрінеді. Жарты тәулігі мұндағы қыш шығаратын өндірістің, ескі моншалардың орындарын аралауға кетеді. Келесі бір тоқтаған тұсы бізге тарих беттерінен белгілі Қожа Ахмет Яссауидің қарамағында бас имамы болған, «Нихая» кітабының авторы Сунақ ата кесенесі. Бұл жерде бір-екі күннен кейін жүріп отырып, Қорқыт баба кешеніне келеді. Бабаның сүйегі жерленген Сырдарияның жағасында орналасқан белгіге барып Құран бағыштап, жалғызаяқ жолымен күн жүріп, түн жүріп, Мүсірәлі баба кесенесі тұсына жеткен.
Жолсапар хикаясын осы жерден бітірген ағамыз табаны Қазалы топырағына тиіп тұрған соң Жанқожа баба кесенесіне ертіп апаруды сұрады. Қала мен кент аралығында орналасқан батыр атаның кесенесіне барып, дұға қылды.
Жай адамның батылы бара бермейтін қадамға бекініп, қазақ даласын жаяу аралауға шыққан ағаға сәттілік тілеп, шығарып салдық.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
31 қазан 2020 ж. 586 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930