Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол сапасы жоғары болсын

Жол сапасы жоғары болсын

Осы кездері ел экономикасы бұрынғыға қарағанда біршама өссе, оған ауылдағы ағайынның тындырымды тірлігі түрткі болғанына ешкім дауласа қоймас. Сондағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының арқасында ішкі қажеттілік өтеліп отырғанын білеміз. Солай бола тұра ауылдық округтердегі инфрақұрылымды ұмыт қалдыру сын. Қазіргі таңда Бекарыстан би ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Апта соңында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай тиісті сала басшыларымен бірге жұмыс сапасын бақылап қайтты.
Жоба аясында Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 930 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Нәтижесінде ауылдағы мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу және ауылдағы 8 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылуда.
Жол сапасы да назардан тыс қалмады. Бекарыстан би ауылындағы Ғ.Мұратбаев, З.Қалиева, Қ.Мәкенов, Ү.Түктібаев, С.Сейфуллин, А.Нұрпейісов және М.Ізмағанбетова көшелеріне орташа жөндеу жасалуда. Бұл шаруамен «Нұрас и К» және «Сыр маржаны және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысуда. Жақын аралықта асфальт төселген тегіс көше ауыл тұрғындары игілігіне беріледі.
Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен Ғалымжан Еркебай мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан жол сапалы болуы тиіс екенін жеткізіп, жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Ү.Түктібаев ауылында болып, клубтың қысқы жылу маусымына дайындығымен танысты. Ауылдық клуб меңгерушісі Нұрлан Қаманов мәдениет ошағындағы екі бу қазандығының біреуі істен шыққанын айтты. Ғалымжан Бақтығалиұлы бұл мәселені дереу шешу үшін клуб басшысына тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ Ғ.Еркебай 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауқымды жұмыстар жүретін Қ.Пірімов ауылына барып, мекеме ғимараттарының жай-күйімен танысты. Тиісті сала басшыларымен бірге қандай ғимаратты жөндеу қажет екендігін пысықтады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
08 тамыз 2020 ж. 735 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031