Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан жол сапалы болуы тиіс
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай тиісті сала басшыларымен бірге Бекарыстан би ауылына барып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Жоба аясында Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 930 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Нәтижесінде ауылдағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, тұрғын үйлерге сервистік су желілерін жүргізу және ауылдағы 8 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда Бекарыстан би ауылында Ғ.Мұратбаев, З.Қалиева, Қ.Мәкенов, Ү.Түктібаев, С.Сейфуллин, А.Нүрпейісов және М.Ізмағанбетов көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Нұрас и К» және «Сыр маржаны және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері асфальттап жатыр.
Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен Ғалымжан Еркебай мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан жол сапалы болуы тиіс екенін жеткізіп, жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Ү.Түктібаев ауылында болып, клубтың қысқы жылу маусымына дайындығымен танысты. Ауылдық клуб меңгерушісі Нұрлан Қаманов мәдениет ошағындағы қазіргі таңда екі бу қазандығының біреуі істен шыққанын баяндады. Ғалымжан Бақтығалиұлы бұл мәселені дереу шешу үшін клуб басшысына тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауқымды жұмыстар жүретін Қ.Пірімов ауылына барып, мұндағы мекеме ғимараттарының жай-күйімен танысты. Аудан орталығына жақын орналасқан ауылда тиісті сала басшыларымен бірге қандай ғимаратқа жөндеу қажет екендігін пысықтады.
"Қазалы" ақпарат