Миллионер оқушы

Жалпы аудандық іріктеу кезеңіне 340 оқушы қатысып, бақтарын сынаған еді. «Қобыланды батыр» жырының 132 бет, 5206 жолды құрайтын Марабай жырау нұсқасын мақамына келтіріп, жатқа айтқан Аяулым Әзен, Гауһар Әзен, Гүлзира Қонысбай аудан намысын қорғауға облыс орталығына аттанды. Онда жеті ауданнан келген жыр жаттаудың шеберлері өзара мықтыны анықтау үшін сайысқа түсті. №249 мектеп-лицейдің дарынды шәкірті Гүлзира Қонысбай бірінші орынды иемденіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Оқушысының жігерін жанып, жеңіс жолында талмай еңбектенуіне себепкер болған жетекшісі Гулфайруз Әлішеваның да еңбегі еленіп, 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық алды.
Үш ай бойы жүргізген дайындық жемісін берді. Өзіне қойған талабы күшті талантты қыз дайындығы мен жарыстан алған әсерімен бөлісті.
– Байқаудың талаптарымен танысып, жыр кітабын қолыма алғаннан бастап уақытымның көп бөлігін осыған арнадым. Ұстазымның ақыл-кеңесіне жүгіне отырып, бірінші ретте оқу мәнеріне қатты көңіл бөлдім. Жырды толық жаттап, ойға тоқып болғаннан кейін кітаптың әр тұсынан ашып, кез келген шумақты мүдірмей айтуға машықтандым. Жетекшіммен байланысты үзбей, дайындықты жоспарлы түрде орындауға тырыстық. Аудандық деңгейде үздік үштіктің қатарынан табылып, облыста өнер көрсетуге мүмкіндік алғанда бойымды ерекше қуаныш сезімі биледі. Өздеріңізге белгілі, онда бақ пен бабым сай келіп, бірінші орын бұйырды. Еңбек ақталып, жарыстан ерекше әсермен оралдым, – дейді Гүлзира.
Қай салада болмасын, жеңіс жолына жету үшін темірдей тәртіп пен уақытқа бағынбай еңбектену ерекше ықпал етері анық. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, аудан атағын аспандатқан жеңістің келуі үшін Гулфайруз Әлішеваның да еңбегі орасан.
– Жетекші ретінде бекітіліп, алға мақсат қойғаннан кейін межелі мүддені бағындырғымыз келді. Шәкіртпен алаңсыз жұмыс істеуге мектеп ұжымы да, оқушымның ата-анасы да қолайлы жағдай жасады. Жас өрендердің бойына тың серпіліс ұялатып, ұлттық құндылықтың қадір-қасиетін ұғындырар байқауға басымдық берілгені көңіл қуантады. Жарысқа дайындық барысында аудандық кезеңге қатысқан 400-ге жуық талапкер өмір бойына «Қобыланды жырын» ұмытпасына күмән келтірмеймін. Қызығушылығы еселеніп, Тұран даласына тұнған тарихтан сыр шертер осы сынды басқа да жыр-толғауларды жаттауға ынталы жастардың қатары артатыны кәміл. Ал біз ақтық кезеңде тағы бір белесті бағындырып, республика деңгейінде жеңімпаз атанғымыз келеді, – дейді ол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырлып, ұстаз мәртебесін көтеріп, шәкірттердің талабын ұштаған жоба бүгінде ел арасында танымалдыққа ие.
Сан ғасыр бойына сары құрлықта салтанат құрған көшпенді халықтың озық үлгідегі дала мәдениеті мен ауызекі әдебиеті қазақ халқына мұраға қалған еншісі. Жаңа заман жастары арасында оны насихаттап, түрлі форматта байқау ұйымдастырудың кең етек алғаны құптарлық іс.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ