Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Батырлар жырын жаттататын жарыс

Батырлар жырын жаттататын жарыс

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялады. Балалар сайысы өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық,қайсарлық қасиеттерге баулуды көздейді.
Осыған орай сейсенбі күні ұйымның сенімді өкілі Дәурен Сейітжанұлы сайыстың ережесі мен ұйымдастырылу тәртібін түсіндіру мақсатында ауданның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен кездесті. Оған жергілікті білім ұйымдарының отызға жуық ұстазы қатысты.
– Байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Бәйге аясында қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беруі тиіс, – деді облыс­тан келген өкіл.

“Тұлпар мініп, ту алған” байқауы аудан, облыс және рес­публика көлемінде ұйымдастырылады. Онда жеңімпаз атанған бірінші, екінші, үшінші орын иелері облыстық турға жолдама алады. Сондай-ақ, жиында қатысушылар саны мен жүлде көлемі туралы да айтылды.
– Бүгінгі таңда байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 51 328 оқушы, 23 138 мұғалім тіркелді. Аудандық кезеңдегі сайыста бірінші орын иеленген оқушыға 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), екінші орынға 100 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), үшінші орынға 50 000 теңге (немесе бағалы сыйлық) сыйақы беріледі. Ал облыстық кезеңнің жеңімпазына 1 000 000 теңге тағайындалған. Екінші орынды жеңіп алған балаға 600 000 теңге, үшінші орын иегеріне 300 000 теңге табысталады, – деді Д.Сейітжанұлы.

Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдері де мадақсыз қалмайды. Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады. Сонымен қатар облыстық кезеңде бірінші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, екінші орын кемі 1 200 000 теңге, үшінші орын алған оқушының жетекшісі 600 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық иемденеді.
Айта кетейік, жобаның ресми өкілі Серік Сейітманды көпшілік ақын, журналист ретінде таниды. «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы көптеген ҚР қоғам қайраткерлерінен, мәдениет өкілдерінен, жыршы, термешілерден, танымал журналистер мен саясаткерлерден қолдау тапқан. Бұл бастамаға Амандық Көмеков, Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергенова, Елікбай Иса, Мырзатай Жолдасбеков, Несіпбек Айтұлы сынды тұлғалар қолдау білдірген.
27 наурыз күні «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының арнайы бағдарламасы «Шалқар» радиосының толқынында ашылды. Хабардың алғашқы эфирінде жобаның мақсаты, міндеті, өзектілігі жайында айтылды. «Тұлпар мініп, ту алған!» бағдарламасын «Шалқар» радиосының 100.4 FM тікелей толқынында әр сәрсенбі сайын 14:00-14:30 аралығында тыңдай аласыздар.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
15 маусым 2019 ж. 1 437 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031