Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық құрылысшылар Арыс қаласында қалай өмір сүріп жатыр? (ФОТО)

Қызылордалық құрылысшылар Арыс қаласында қалай өмір сүріп жатыр? (ФОТО)

2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болып, елді әбігерге салғаны белгілі. Әлеуметтік желі арқылы лезде Қазақстанды шарлап кеткен сұмдық хабар тек арыстықтарды ғана емес, халқымызды есеңгіретіп тастады. Әскери бөлім маңына жақын орналасқан жұртты былай қойғанда, қаладағы 45 мыңнан астам тұрғынның баспаналары мен мал-мүлкін тастай қашқан бейнежазбасы жүрегімізді сыздатты. Жарылыс 3 адамның өмірін жалмады.
Осы төтенше жағдайдан кейін 1 айдан аса уақыт өтті. Арыс қаласының қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Осы қалада жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіріп жатқан жерлестеріміз – қызылордалық құрылысшылар қалай еңбек етуде? Олар қандай жағдайда, қалай өмір сүріп жатыр? Міне, осыны білмекке Арыс қаласына арнайы сапарға шыққан болатынбыз.
 
«Мұндағы әр сәт – тарих»
Біз Арыс қаласына қас қарая бір-ақ жеттік. Жарылыс болған қалаға жақындаған сайын жүрегің дүрсілдей бастайды. Неге екенін қайдам, алапат жарылыстан бір-ақ күнде тас-талқаны шыққан қала бойыңа басқаша сезім ұялатады. Әлеуметтік желіде «қаптаған» бейнежазбалар есіңе түсіп, көңіліңе үрей орнайды. Қаланың әр жерінде қазылған жерлер мен қираған үйлер, терезелері үңірейген, шатырлары жоқ кейбір нысандар теледидардан ғана көретін соғыстан кейінгі көріністі көз алдыңызға еріксіз елестетеді.
Қаланы қараңғылық жайлап, түн болғанымен бізге Қызылорда облысының штабын табу қиынға соқпады. Қаладағы тұрғындар әр облыстың штабының қайда орналасқанын жатқа біледі екен. «Қызылорданың штабы орталық алаңның жанындағы Мәдениет үйінің артында», деп жөн сілтеді жергілікті тұрғынның біреуі.
Бізді күтіп алған Қызылорда облысының Жұмылдыру дайындығы басқармасы Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының бөлім бастығы Бауыржан Садықов штабта орналасуымызға мүмкіндік жасап, жанында құрылған шатырға кешкі асқа шақырды.
Қызылорда облысының штабы – Қызылорда облысы әкімінің жылжымалы басқару пунктіне орналасыпты. Бауыржан Садықовтың айтуынша, мұндай жылжымалы басқару пункті басқа бірде-бір секторда жоқ көрінеді. Соңғы үлгідегі заманауи техника, байланыс және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған автокөлікте жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған.

  Қызылорда облысының штабы орналасқан облыс әкімінің жылжымалы басқару пункті

Сыр елінің штабымен танысып болған соң, Бауыржан Сұлтанмұратұлына қойған ең алғашқы сауалымыз Арыс халқының қазіргі қал-жағдайы туралы болды.
– Жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп, бүгінде Арыс қаласының еңсесі тіктеліп келеді, – дейді ол, – Барлық облыстар мен 3 қалаға арналып 17 секторға бөлінген қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біздің облысқа тиесілі №6 аумақта тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді.

Оның айтуынша, қызылордалықтар халыққа көмек көрсетуді жарылыс болған күні-ақ бастаған көрінеді. Сол күні аталған орталық Қызылорда қаласының вокзалында сағаттап тұрған пойыздардағы жолаушыларға сусындар мен ыстық тамақ жеткізіпті. Ал, Арыс қаласына облысымыздан тиісті басқарма мамандары мен құрылысшылар 28 маусым күні келген. Үш күн бойы өздеріне тиесілі аймақпен жіті танысып, жасалатын жұмыстың ауқымын зерттеп, қажетті құрылыс материалдарының есебін шығарған. Тура 1 шілде күні құрылыс жұмыстары қызу басталып кеткен.

 
Бауыржан ағамыз әңгімешіл жан екен. Қызылордалық құрылысшылардың алғашқы күннен бастап жасаған жұмыстарының бәрін жатқа біледі. Олардың бір ай бойғы еңбектері мен Арыстағы күнделікті өмірлері ұялы телефонында мыңдаған сурет пен бейнежазба күйінде сақтаулы тұр. Соларды шетінен көрсете бастағанда, өзің де солармен бірге жүргендей күй кешесің. – Мынау жарылыс болған күні мина түскен үй, – дейді кейіпкеріміз, – Оны былай қалпына келтірдік. Ал, мынау үйдің шатыры түгел өртеніп кеткен. Бұл үйдің шатыры жаңадан жасалды. Мына бейнежазба – біздің құрылысшылардың түнімен демалмай жұмыс жасап жатқан кезі.
Осылай жалғасып кете береді. Оған әр сурет қымбат. Себебі, отбасы мен бала-шағасынан жырақта жүрген жандардың ерен еңбектері ертең тарихқа айналарын жақсы біледі.

«288 нысан, 221 құрылысшы»
Арыста таң ерте атады. Сондықтан да болар, таңғы сағат бес-алтылардың шамасында оянып аласың. Оның үстіне, таң қылаң берісімен басталып кететін құрылыс жұмыстарының тарс-тұрс еткен дыбыстары еріксіз ұйқыңнан тұрғызады.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі – ауа-райының қолайсыздығы. Шіліңгір шілденің ми қайнатар аптап ыстығы таң атпастан «шекеңді қыздырады». Бірақ, осыған қарамастан құрылысшылар жұмысты бір сәтке де тоқтатқан емес.
Таңғы сағат 7:00-де Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков жұмысын штабтағы жиыннан бастады. Кеше қанша үйдің жөндеу жұмыстары бітті, қандай ауқымда жұмыс атқарылды, бүгін қандай жұмыстар жасалады, кезек күттірмей шешілуге тиісті қандай мәселелер бар, міне, осының бәрі – таңғы лездемеде пысықталады.
Басқарма басшысының таңғы жиыны аяқталған соң, штабтың алдына жиналған бір топ тұрғынды көзіміз шалды. Олар – басқарма басшысының немесе жауапты өкілдің қабылдауына келгендер екен.
– Мен Кенжеханов көшесі №87 үйдің тұрғыны Ләззат Сүлейменовамын, – деп таныстырды өзін жергілікті тұрғын басқарма басшысының қабылдауында, – Жарылыстан зардап шеккен үйімді қалпына келтіріп бердіңіздер. Оған алғысым шексіз. Ендігі өтінішім – ауламдағы сарайымның шытынаған кішігірім жерлерін жасауға көмектессеңіздер.

  Басқарма басшысы М. Әлсеріковтің қабылдауына келген жергілікті тұрғын Ләззат Сүлейменова

Басқарма басшысы оның өтінішін тыңдап шығып, ондай жұмыс міндеттеріне кірмесе де қол ұшын созуға уәде берді. Бір байқағанымыз – мұндай өтініш айтып келетіндердің қарасы күнұзақ үзілмейді. Жасыратыны жоқ, арасында ақылға сыймайтын, орынсыз өтініш айтатындары да кездеседі. Бірақ, қызылордалық құрылысшылар өздеріне қосымша жүк болса да тұрғындардың бетін қайтармауға тырысады екен.
– Қызылорда облысына бекітілген Арыс қаласының №6 аумағындағы 14 көшеде барлығы 288 нысан орналасқан, – дейді Мұхамедиса Абдрахманұлы бізбен әңгімесінде, – Оның ішінде, 5 әлеуметтік, 15 кәсіпкерлік нысан, 268 жеке тұрғын үй бар. Әлеуметтік нысанның құрамында 2 балабақша, 1 мешіт, 1 Төтенше жағдайлар бөлімнің ғимараты және 1 Өнер мектебі болса, кәсіпкерлік нысандар 5 дүкен, 2 монша, 2 жанар-жағармай бекеті, 1 техникалық қызмет көрсету орталығынан тұрады. Жалпы, 1 шілдеден бері Арыс қаласында нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге Сыр еліндегі 20 құрылыс компаниясынан құралған 4 топ тиісті аймақтарға бөлініп, барлығы 221 қызылордалық құрылысшы еңбек етіп жатыр.

 
Басқарма басшысының мәліметінше, облыс әкімдігінің тарапынан 268 жеке тұрғын үйдің 53340 шаршы метр шатырларын ауыстыру, 4064 шаршы метр терезелерді қайта орнату (металлопластик), қабырғалар, едендер мен төбелерді (гипсокартон, декорпанель) жөндеу, әрлеу-сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың болжалды құны 850 млн. теңгені құрайды. Оның 425 млн-ы – республикалық, қалған 425 млн. – облыстық бюджеттен бөлініпті.
– Бүгінгі күні мина түсіп, толық өртенген 4 үйді бұзып, орнын тегістеу жұмыстары аяқталды. Өртенген 3 үйдің орнына облыс әкімдігі тарапынан үй иелерінің келісімі негізінде жаңа үй сатып алып берілді. Жаңадан сатып алынған үйлердің барлығына толықтай қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді 93 жастағы кейуанаға сатып алынатын үйдің құжаттарын рәсімдеп жатырмыз, – дейді басқарма басшысы.

Құрылыс жұмыстары үшін Қызылорда қаласынан 1290 шаршы метр әйнек, 3800 шаршы метр металл профилі, есіктер және ағаштар жеткізілген. Қызылордадан арнайы көшіріліп әкелген 4 металлопластикалық цех тұрақты жұмыс жасап тұрған көрінеді. Бұған қоса облыстан газель, манипулятор, жүк көтергіш кран секілді барлығы 6 техника жұмылдырылған.
Осының арқасында біз барған күні қызылордалық құрылысшылар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды қоспағанда, 264 тұрғын үйге жөндеу, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, толық қалпына келтіріліпті. Қалған 4 үйді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Құрылысшылардың қарқынына қарап ол үйлердің де жөндеу жұмыстары тез арада бітетініне көзіңіз жетеді.
– Жалпы, барлық жұмыстар жоспарға сәйкес белгіленген уақытта толық аяқталатын болады, – дейді М. Әлсеріков.


«Әрбір тұрғынның өтініші ескеріліп жатыр»
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Абдрахманұлынан жерлестеріміз атқарып жатқан жұмыстардың мән-жайына қаныққан соң, біздің өңірге тиесілі аумақтағы жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын өз көзімізбен көруге шықтық. Жолбасшымыз – Ілесбек Әлмаханов. Аталған басқармада Құрылыс бөлімінің бастығы болып қызмет етеді.
 
Айтуынша, құрылыс жұмыстары басталмас бұрын құрамында мемлекеттік органдар, құрылыс, жобалау, техникалық қада¬ғалаушы мамандары бар 66 адамнан тұратын арнайы топ белгіленген аумақтағы үйлер мен ғимараттардың шығынын анықтаған.
– Бір қаладағы нысандарды жөндеу, бірқатарын жаңадан салу – өте қиын шаруа. Бір үй салудың өзі машақаты мол жұмыс екенін білеміз. Ал, біздің облысқа тиесілі 5 әлеуметтік, 15 кәсіпкерлік нысан мен 268 тұрғын үйді жөндеу барысында шыдам мен сабыр қажет-ақ. Құрылыс болған соң, кейбір көшелерде ерте, кейбір көшелерде кеш жөнделеді. Бұған жергілікті тұрғындардың түсіністікпен қарағаны абзал. «Жұмыс жүрмей жатыр» деп шу шығару құрылысқа кері әсерін тигізеді. Біз 14 көшедегі барлық тұрғынның өтініш пен шағымдарын жерде қалдырып жатқан жоқпыз. Бір нәрсе анық. Мемлекет тарапынан барлық тұрғынға қолдау көрсетіліп, зақымдалған үйлері жөнделеді. Осындай қысылтаяң шақта әрбір азамат Арысқа қолымен, ісімен, ең болмағанда сөзімен көмектесуі керек деп ойлаймын, – дейді Ілесбек Қадырұлы.

Ілесбек ағамыз дұрыс айтады. Жарылыс болған күні тараған шындыққа жанаспайтын алып-қашпа әңгімелердің көптеген жұмыстарға зиянын тигізгені анық. Жалған әңгіме мен негізсіз айқай-шу жарға жыққанымен қоймай, құрылыс жұмыстарына кедергі келтірген кездері де аз болмаған.
Біз тоқтаған алғашқы аялдама – Қызылорда қаласынан арнайы көшіріліп әкелген металлопластикалық цех болды. Бүгінде мұндағы 3 цех өздеріне тиесілі жұмысты толық аяқтаған. Қалған 1 цехте 6 шебер күні-түні еңбек етіп жатыр. Кешелі-бері тұрғын үйлерге 225 жаңадан пластик терезе жасап, орнатып шыққан.

  Қызылорда қаласынан көшіріліп әкелген металлопластикалық цех
  
Жолбасшымыз Ілесбек Қадырұлының айтуынша, Қызылорда облысына тиесілі аумақтағы жөндеуге тиісті тұрғын үйлердің саны жағынан Төле би көшесі көш бастап тұрған көрінеді. Бұл көшеде 41 тұрғын үйге зақым келген. Одан кейінгі орында 32 тұрғын үйлері бар Назаров және Сапарбай болыс көшелері болса, ал, соңғы орын жарылыстан қираған 4 тұрғын үйі бар Парасат көшесіне тиесілі екен.

«Әлі күнге дейін еске алуға қорқамын»
Металлопластикалық цехтің жұмысымен танысып болып келесі Парасат көшесіне бұрылғанымызда, көлеңкеде немерелерін ойнатып отырған әжейді көзіміз шалды. Қазақы қалпымызбен сәлем беріп, қал сұрасқаннан кейін кейуананы сөзге тарттық. Өзін Бадамкүл Досжанова деп таныстырған анамыздың жасы жетпіс екіде екен.

  Парасат көшесінің тұрғыны Бадамкүл Досжанова әжей

– Сол күнгі оқиғаны еске алуға әлі күнге дейін қорқамын. Таңертең қорадағы ешкіні сауып отырғанымда жарылыстың дауысын естідім. Аспанды қою қара түтін қаптап кетті. Артынша бірінен соң бірі өрт сөндіру көліктері тізіліп өтті. Біздің көшеге жақын жерде жанар-жағармай құю бекеті бар еді. Әуелі сол өртенген болар деп ойладым. Ойымызда ештеңе жоқ, таңғы асымызды ішейік деп дастарханның басына отыра бергеніміз сол еді, екінші рет дүмпу болды. Аяғымыздың асты қозғалып, қол-аяғымыз дірілдеп кетті. «Жер сілкінді ме екен?» деп далаға шықпақ болғанда үшінші рет тағы атылды. Осы үшінші рет жарылғанда, есімді жоғалтып алыппын. Қанша жатқанымды білмеймін, есімді жисам, үйіміздің қабырғалары сықырлап тұр. Төбелері құлаған. Аспалы шамдар опырылып түскен. Терезелердің күл-талқаны шығып, әйнектері жан-жақта шашылып жатыр. Көшеге шықсақ, көршілеріміз жанұшырып қырға қарай жүгіріп барады екен. Сексендегі отағасы, келінім және жеті немерем бар, бәріміз көрші-көлемге ілесіп, қырға қарай жүгіре бердік. Сөйтіп жүріп, қарбаласта үлкен немеремді жоғалтып алдық. Байланыс мүлдем үзілді. Ұлым сол әскери бөлімде жұмыс жасайтын еді, онымен хабарласа алмай қиналдық. Баламды ойлап, түрлі жаман ойлар келді. Оның үстіне, немеремді жоғалтып алғанда жүрегім тоқтап қала жаздады. Қорыққанымыздан үйді кілттеу, құжаттарымызды алу ойымызға келмепті. Тек жайнамаз бен тәспімді ғана алыппын. Оны қалай, қашан алғанымды білмеймін. Құдайдың құдіреті ғой. Жолда тоқтаған көлікке мініп, өзеннің жағасында отырған бір қауым елге барып қосылдық. Үстімізден кинода көрген соғыстағы секілді снарядтар жан-жаққа ұшып жатыр. Айналамыздың бәрі өрт. Снарядтың түскен жерлері бірден өртеніп кетеді, ол жерлермен жүру мүмкін емес. Бір кезде «Әскери бөлімде атылатын «Луна» бомбасы бар екен, сол жарылса ешкім тірі қалмайды. Сол үшін Бөгеннің суын жібергелі жатқан көрінеді. Ол қаланы түгел шайып кетеді. Бұл жерден дереу кету керек», деген хабар келді. Ести сала, зәреміз ұшты. Сөйтіп жатқанда, бір автобус келіп, бізді тиеп басқа жерге апарды. Онда үш сағат отырдық. Сол жерде «Теміржолға жақын орналасқандар темір жолға, трассаға жақындары жолға шықсын. Халықты көшіреді» деп хабарлады. Содан жақын жердегі теміржолға жетіп, пойызға әрең сыйысып, Шымкентке келдік. Ол жақтан қызым күтіп алды. Шымкентке жетіп алып ұлымыздан бір хабар ала алмай, еңірегенде етегім жасқа толды. Үй деген жайына қалды, тек баламның тілеуін тілеумен болдым. Үш тәуліктен кейін ғана зорға дегенде ұлымның өзі хабарласты. Сол сәтте қуанғанымды көрсеңіз, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Бадамкүл әжей көзіне жас алып.
 
– Үйді жөндеу жұмыстарын бүгін ғана бастап жатыр – дейді кейуана одан баспанасын қалпына келтіру жұмыстары туралы сұрағанымызда, – Шатыры мүлде жарамсыз. Ішкі төбелері мен қабырғалары, еден-терезелерін де толық ауыстыру керек деп жатыр. Бұйыртса, бір күні үйіміз қалпына келер. Бастысы – аман қалғанымыз. Отбасымыздағы жандардың төрт көзі түгел. Бұдан артық қандай бақыт, байлық керек? Ал, дүние деген қанша қусаң да жеткізбейді. Осындай қиын сәтте халқымыз бірлігінен айрылып қалмаса, татулығынан ажырамаса – біздің байлығымыз сол болмақ. Осыны күндіз-түні аналық жүрегіммен тілеймін...

Иә, Бадамкүл әжеміз дұрыс айтады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген аталы сөзді бабаларымыз босқа айтпаса керек-ті.

«Абат көшесі адам танымастай өзгерді»
Біз ат басын бұрған Абат көшесіндегі жарылыстан зардап шеккен 7 тұрғын үйдің барлығында жөндеу жұмыстары уақытында аяқталыпты. Жап-жаңа үйлер мен сырланған қақпаларына қарап, бұл үйлерді қираған деп айту қиын.

  Абат көшесінің тұрғыны Күлжар Кенжеханова

– Қызылордалық құрылысшыларға біздің көшенің тұрғындары әбден бауыр басып қалған, – дейді бізбен тілдескен Күлжар Кенжеханова есімді әжей, – Жасым сексен бірде. Осы көшенің ең үлкені мен. Біздің Абат көшесінде бар болғаны жеті үй орналасқан. Сол жеті үйдің барлығын қызылордалық балаларым керемет етіп жөндеп берді. Мен шипажайда демалып келгенше бәрін қалпына келтіріп қойыпты. Өзім тұратын көшені танымай қалдым. Адам танымастай өзгеріп кетіпті. Осы көшедегі үйлерді қалпына келтірген Сырдан келген балаларымыа аналық алғысым шексіз.


  Абат көшесінің тұрғыны Раушан Әшірбекова

– №6 сектордың жігіттері қиын-қыстау кезінде жанымыздан табылып, үйімізді жөндеп беріп жатыр. Әсіресе, Өркен, Қайрат деген жігіттерге ризамыз. Біздің өтінішімізді жерде қалдырып көрген емес. Жарылыстан зардап шеккен баспанамды айналдырған бір аптаның ішінде қалпына келтіріп берді. Жөндеу жұмыстарынан кейінгі үйімнің іші мен сыртына қарап жарылыстан зақым келді деп мүлдем айта алмайсыз. Қызылорда облысының басшылығы мен құрылысшыларына тек жақсылық тілеймін. Шаңырағымыз қалпына келіп, қуанып жатырмыз. Басымызға енді мұндай күн тумасын, – дейді осы көшенің тағы бір тұрғыны Раушан Әшірбекова.

  Қызылордалық құрылысшылар қалпына келтірген Абат көшесіндегі тұрғын үйлер

«Жаңа үйде той да жасап үлгердік»
Келесі болып Ұлбике Оразалиева атындағы көшеге аялдадық. Мұнда да алапат жарылыстан қираған 14 үйдің барлығы жөнделіп, қалпына келтірілген. «Қызылордадан тілшілер келіпті» дегенді естіген осы көшедегі №12 үйдің тұрғыны Айман Төребекова апамыз алдымыздан шығып, дастарханынан дәм татуға шақырды.

 Ұлбике Оразалиева көшесі №12 үйде тұратын Төребековтер әулеті

– Жарылыс болған күні үйімізді тастай қашқанбыз. Есімізді жинағаннан кейін барып үй керек болды, – дейді Айман апамыз дастархан басында, – Қалаға кіруге рұқсат беріліп, қайтып келгенде үйімізді көріп шошып кеттік. Сау-тамтығы жоқ. «Үй» деп айтуға келмейді. Қызылордалық құрылысшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Үйімізді толық жөндеп, қайта қалпына келтіріп берді. Кезінде Қызылорда облысының штабына талай рет барып ашумен айтпаған сөздеріміз қалмады. Облыстың жауапты өкілдері мен басшылығын да жерден алып, жерге салдық. Қазір сол үшін қатты ұяламын. Ол уақыттта үйіміз жөнделмейтіндей болып көрінген. Айдың-күннің аманында баспанаңыздан айрылу оңай деймісіз? Оның үстіне, жоспарланып қойған тойымыз бар еді. Бізге осының бәрі оңайға соқпады. Не істерімізді білмей қалдық. Қазір жан-жағымызға қарап, бәріне шүкіршілік етіп, қызылордалықтарға күнде алғысымызды жаудырып отырамыз. Кезінде айтқан сөздерім үшін күн сайын кешірім сұраудан да жалыққан емеспін. Сіз арқылы да кешірім сұрағым келеді.

 
Отағасы Бауыржан ағамыздың айтуынша, біздің жерлестеріміз сөзінде тұрып жоспарланған той күніне дейін қираған баспананы қайтадан қалпына келтіріп беріпті. – Сөйтіп, жаңа үйде той да жасап үлгердік. Жарылыс бәрімізді есеңгіретіп тастады ғой. Осы күнге жеткенімізге шүкір дейміз. Бір күннің ішінде басымыздан өтпегені жоқ. Бастысы бірлігімізден айырмасын. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» Арыс халқының ауыртпашылығын көтеріп жатқан халқымызға басымызды иіп тұрып рахметімізді айтамыз, – дейді Бауыржан ағамыз.

 Қайта қалпына келтірілген Төребековтердің үйі

Айтпақшы, қызылордалық құрылысшылар да жаңа үйде келін түсірген Төребековтер әулетінің төрінен табылып, құрметті қонағы болыпты.

«Жарылыс салған «жара» жазылып келеді»
Төребековтер отбасымен көрші орналасқан үйлерде де қызу жұмысты көрдік. Бұл көшеде құрылысшылардың бір тобы қираған шатырларды қалпына келтіріп жатса, енді бірі үйлердің сыртын әрлеу үстінде екен.
– Басқа үйлер секілді менің үйім де жарылыстан көп зардап шекті. Бірақ, кешеден бері жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір сыртының жарылған жерлерін жөндеп, бояп жатыр. Бір-екі күннің ішінде толықтай қайта қалпына келеді деп ойлаймын. Бастысы – біздің өзімізге де, қалтамызға да салмақ түсіп жатқан жоқ. Құрылыс жүргізіп жатқандарға ризамын, – дейді осы көшедегі №6 үйдің тұрғыны Дүйсенкүл Шыңғысбаева.


  Арыстық тұрғын Дүйсенкүл Шыңғысбаева

Ал, Дүйсенкүл апамыздың көршісі Сәуле Оспанова болса:
– Бәріміз үшін баспана – басты мұң. Ешкім далада қалғысы келмейді. Не дегенмен, жылдар бойы тірнектеп жиған-тергенімізге салған үйіміз ғой. Бұл жағдайға біреуді кінәлаудан аулақпыз. Жәймендеп үйіміз қалпына келіп жатыр. Бүгін ғана қызылордалық құрылысшылар жөндеу жұмыстарын аяқтап беріп кетті. Ризамын, – деп ағынан жарылды.


 Арыс қаласының тұрғыны Сәуле Оспанова

Сондай-ақ, біз ат басын бұрған Сапарбай болыс көшесінің тұрғыны Бақыткүл Шамбалова «Қираған үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары аз ғана уақыттың ішінде бітеді деп ойлаған жоқпын», дейді.

 Сапарбай болыс көшесінің тұрғыны Бақыткүл Шамбалова

– Бейбіт күнде мынандай жарылыс болғаны жүрегіңді ауыртады екен. Қырда көмек күтіп отырып көрмегенді көрдік. Снарядтар төбеңнен ысқырып келіп құлағанда, қайда қашарыңды білмейсің. Бірақ, «Көппен көрген ұлы той» деген емес пе? Бүгінде жүректерге жарылыс салған «жарамыз» жазылып келеді, – дейді Бекбауылов көшесіндегі біз бас сұққан №1 үйдің тұрғыны Рахима Көшенова апамыз.


 Бекбауылов көшесінің тұрғыны Рахима Көшенова немерелерімен

«Жерлестерің үшін мақтанасың»
Арыс қаласындағы біздің облыс қалпына келтіріп жатқан тұрғын үйлерді аралай жүріп, онда еңбек етіп жатқан жерлестеріміздің жағдайымен танысуға да мүмкіндік алдық. Олардың барлығы жататын орынмен қамтамасыз етіліпті. Бұл мақсатта облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы құрылысшылар мен жұмысшыларға қажетті арнайы 120 керует пен көрпе-төсек жеткізген. Күнделікті тамақтары да оңтайлы шешілген. М. Әлсеріковтің мәліметінше, осы уақытқа дейін құрылысшыларға 168 млн. теңге еңбекақы төленген.

 – Шілденің басынан бері осындамын. Негізінен ішкі және сыртқы жөндеу-монтаждау жұмыстарын жасап жатырмын, – дейді біз әңгімеге тартқан «Сапақ» құылыс компаниясының жұмысшысы Сабырбек Тобжанов ағамыз, – Басында «Қалай болады екен?» деген уайымның болғаны рас. Қазір жағдайымыз жақсы. Жататын орын, ас-суымыз бар. Еңбекақымызды өз уақытында алып тұрмыз. Біздің облыстың атына кір келтірмеуге тырысып жатырмыз.

 «Сапақ» ЖШС-нің құрылысшысы Сабырбек Тобжанов

– Снаряд түсіп қираған Сапарбай болыс көшесі №16 үйдің бөлмелерін қайта қалпына келтірудеміз. Үйдің іргетасын қайта құйып шықтық. Мұнда мол тәжірибе жинауға болады екен, – дейді енді бір жерлесіміз Еркебұлан Әлиәкім.

 Қызылордалық құрылысшы Еркебұлан Әлиәкім

– «Бақ-Береке» құрылыс компаниясында еңбек етемін. Әзірге бұзу, тасу секілді қара жұмыстармен айналысып жатырмын. Көптеген үйлерді қалпына келтіріп болдық. Бұйыртса, бір-екі күнде отбасымызға ораламыз, – дейді Нұрасыл Қайырбек есімді бауырымыз.

 Қызылордалық құрылысшы Нұрасыл Қайырбек

 Қызылордалық құрылысшылар

Айтпақшы, жерлестерімізбен бірге бір дастархан басында дәм татудың да сәті түсті. Қанткүл есімді жергілікті аспазшы қызылордалықтарға алғашқы күннен бастап тамақ пісіріп келеді екен. Айтуынша, құрылысшыларға дәмді ас дайындау үшін барын салатын көрінеді.

 Арыстық аспаз Қанткүл Дайрабаева

Түс ауа бізге жол көрсетіп, тұрғын үйлерде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырған «Интергострой» және «Сапақ» құрылыс компанияларының прорабтары Қайрат Шәріп пен Өркен Садықты арыстық тұрғындардың бәрі танып алған. Екеуін көрген жерде тоқтай қалып алғыстарын жаудырады. Осындайда халықтың ықыласына бөленіп, батасын алып жүрген жерлестерің үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.

 – Мұнда құрылыс компаниялары төрт топқа бөлінген. Біз еңбек ететін «Сапақ», «Интергострой» және «Бақ-Береке», «Сәт-Сервис», «Жабдықтау» құрылыс компаниялары бірінші топқа бекітілген. Топ жетекшісі – «Бақ-береке» серіктестігі. Біздің топ бүгінде 81 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толық қалпына келтірді. Әзірге үй егелерінен қандай да бір көңіл толмастық пен шағым түскен жоқ, – дейді Қайрат Өмірбекұлы мен Өркен Серікбайұлы.

 «Сапақ» және «Интергострой» компанияларының прорабтары Қайрат Шәріп және Өркен Садық

      
 Қызылордалық құрылысшылар қалпына келтірген тұрғын үй
 Қызылордалық құрылысшылар қалпына келтірген тұрғын үй
 Қызылордалық құрылысшылар қалпына келтірген тұрғын үй
 
P.S: Тоғыз жолдың торабында орналасқан, тарихы мыңжылдықтарға тамыр тартатын Арыс өзенінің бойында орналасқан қалаға барған сапарымызда көріп-біліп, көңілге түйгеніміз осы болды. Еліміздің әр қиырынан келіп, аз ғана уақытта Арыстың қалпына келуіне үлес қосып, алғашқы күннен бастап көмегін аямаған азаматтардың арасында сыр бойылықтардың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұны біз жергілікті тұрғындардың пейілінен қапысыз аңғардық.
Қазақ үшін өзінің қасиетті қарашаңырағынан, кіндік қаны тамған туған жері мен өскен үйінен қымбат мекен жоқ. Олай болса, бейбіт күнде шаңырағымз шайқалмасын, Алаш жұрты аман болсын деп тілейік!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Арыс – Қызылорда.
Суреттерді түсірген автор.


01 тамыз 2019 ж. 905 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930