Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтан батырдың шөбересі

Ақтан батырдың шөбересі

Революциядан кейін партия ісіне белсене араласып, 1920 жылдан бастап Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістанда комсомол ұйымының Орталық комитетінде қызметтес болған, оның тікелей көмегімен журналист атанған, Қазақстандағы алғашқы комсомол және журналист қыздардың бірі әйел құқығы үшін күресуші Сара Сәтбайқызы Есованың XVIII-XIX ғасырларда Хиуа мен Қоқан хандықтарына, Ресей империясына қарсы әулие әрі халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлымен бірге жан аямай шайқасқан Қаракесек Ақтан Ақайұлы батырдың ұрпағы екенін екінің бірі білмейді.

Шындығында солай екен. Ақтан батырдың ұрпақтарының ішінде Ес қайратты, жүректі батыр болған. Осы Ес батырдың ұлы Сәтбайдың балаларының бірі – Сара Сәтбайқызы Есова (1903-1984ж.ж.). Сонда ол Ақайұлы Ақтан батырдың шөбересі болып шығады.
Мен бүгін 1937-1938 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны ретінде репрессияға ұшыраған (кейін ақталған) Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың әйелі, қоғам қайраткері Сара Сәтбайқызы Есованың өмірі және қызметі жайлы Patriot KZ интернет ресурсында жарияланған және Qazaqstan Tarihy порталында баяндалған дерек бойынша дайындалған материалды аудандық «Қазалы» газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдім.
Сара Есова 1903 жылы Қызылорда облысының Қарашеңгел ауылында балықшы Сәтбай мен оның жары Ажардың отбасында дүниеге келген. Сараның отбасы үлкен болған. Сәтбайдың бауырлары Дүйсеғали мен Өтеғалидың үйлері бұларға көрші тұрған. Үш отбасына ортақ екі сиыр, бір жылқы мен есектері болған. Сарадан басқа Ерғали, Мариям және Тұрсын деген тағы үш баласы бар. Отбасының материалдық жай-күйі нашар болғандықтан олар Қазалы уезінің Итемген деген ауылына көшеді. Бұл жерде отағасы алдымен балықшы, кейін қарапайым шаруа болып еңбек еткен.
Сара алтыға толғанда отбасы Түркістан теміржолының бойындағы Соло төбе (Сұлутөбе болуы керек) стансасының маңына барып қоныстанады. Бұл жерде Сәтбай Нарзулла Раджибаев деген өзбектің дүкенінде жұмыс істейді, ағайынды Раджибаевтар сол ауылда мектеп те ашқан екен. Бір жылдан кейін, жеті жасқа толған Сара осы мектепте 1915 жылға дейін оқып, одан әрі Орынбордағы «Бағбустания» деген атпен танымал әйелдерге арналған татар училищесіне оқуға барады. Училищенің негізін қалаған татар педагогы Багбустан Мукминова. Онда оқыған төрт жылдың ішінде Сара Есова ислам негіздерін, татар және орыс тілін, арифметика, қолөнер тарих, география және жаратылыстану ілімдерін меңгереді.
1919 жылы Сара училищені бітіріп, Ақмешітке оралады да, бастауыш қазақ-татар мектебіне мұғалім болып орналасады. Сол жылы жас қыз комсомол мүшелігіне өтіп, социализм құрылысына ден қоя араласып кетеді. Оның басшылығымен өңірде панасыз балаларға арналған интернат пен балалар үйлері салына бастайды. Олардың қажеттіліктеріне арналған қаражат жиналады. Сара өзі алыстағы ауылдарды аралап, жергілікті әйелдерге көп әйел алушылық және қыздарды қалың малға сатумен күресудің маңыздылығын түсіндіреді. Бұл жолда оған Алма Оразбаева, Нағима Арықова, және Мәдина Бегалиевалар көмектеседі. Оларды кейін Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылар деп атайды. Осы әйелдердің көмегімен Қызыл киіз үйлер тігіліп, сол жерде әйелдерге құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі, сауатсыздықты жою бойынша жұмыстар жүргізіп, тіпті медициналық көмек те көрсетіледі. Аталған жұмыста комсомолшы Ғани Мұратбаев көп көмектеседі. Осы кісінің арқасында Есова журналистикаға келеді. Ғани Мұратбаевты Сара Есова былай деп еске алады: «Ғани тек қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар ол өнер қайраткері де болды. Ол әнді қатты жақсы көретін, өзі де әнді жақсы айтатын.
1921 жылы Орынбордағы Қазақстан комсомолының І съезі кезінде, Ғанидың тапсырмасы бойынша біз Ерғали Алдоңғаровтың үйінде көркемөнерпаздардың үлкен кешін ұйымдастырдық, бұл кешке Александр Затаевичті де шақырдық. Сол жылы Затаевичке Ғани Мұратбаевтың, Ерғали Алдоңғаровтың, Алма мен Мәдина Оразбаевалардың әндері қатты ұнады. Затаевич тіпті Ғанидың орындауындағы «Дудар-ай» мен «Қатын жырау» өлеңдерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының бірінші томына енгізді»
1920 жылы Сара Есова Коммунистік партия билетін алады да, Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістанда Комсомол ұйымының Орталық комитетінде жұмыс істей бастайды.
1922 жылы Жетісуға қоныс аударып, партия комитетінің органы «Тілші» газетін шығарды. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының (қазіргі «Қазақстан әйелдері») редакторы болып тағайындалды.Одан кейін Сараның өмірі саясатпен біте қайнасты. Бұл жерде партияның жергілікті облыстық комитетіне мұсылман қыздары арасында жұмыс ұйымдастыруға белсене қатысады. Ол кітапхана, мектеп пен халық үйлерін ашып, жергілікті әйелдерді өңірдің саяси жұмысына тартуға тырысады.
Сара Есова әйелдер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қарақалпақ автономиялық облысында, Сырдария мен Алматы округтерінде әйелдердің құқықтары үшін митингі ұйымдастырды.
1929 жылғы ақпанда Сара Есова Білім беру саласы жұмысшылары одағының республикалық комитетінің төрағасы ретінде сайланады. Осы лауазымды ол 1932 жылғы қазанға дейін атқарады.
Бұл кезде ол Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевпен тұрмыс құрған еді. Ол жолдасының істеріне жиі көмектесетін: Қастеевтің айтуынша, 1930 жылы Исаев оған 1000 рубль береді, бұл қаржыландыруға өтінішті Исаевтың қабылдау бөлмесінде отырған оның хатшы-референті әрі әйелі Сара Есова машинкада басып, ­даярлап береді. Үш ай өткеннен кейін Әбілханға тағы да екі мың рубль береді. Әбекеңнің өзі айтқандай, осы ақшаның арқасында ол үйлену тойын жасап, Сақыш Қастеевамен тағдырын қосады. О. Исаев пен Т. Жүргеновтің қамқорлығын Қастеев ешқашан ұмытқан емес. Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің 60 жылдығын тойлау кезінде осы мерейтойға қатысып отырған Сара Есоваға және олардың басқа да туыстарына қаратып, жоғарыда аталған көрнекті мемлекет қайраткерлеріне деген ризашылығын тағы да білдіреді.
1932 жылы Сара Есованы Марксизм-Ленинизм негіздері институтында оқу үшін Алматыға жібереді. Онда КСРО халықтарының тарихы пәнінің оқытушысы мамандығына оқиды. 1937 жылы институт бітірген Сараны Қазақ педагогикалық институтының жалпы тарих кафедрасын басқарады.
1937 жылғы күзде Сара Есова алғаш рет сталиндік репрессиямен бетпе-бет ұшырасады. Оны Казкрайком хатшысы Ізмұхан Құрамысовқа қатысты түсінік беруге тартады. Ол чекистердің қысымынан қорықпай, «контрреволюционер» Құрамысовты «саяси сауатты және жігерлі партия қызметкері» деп көрсеткен екі адамның бірі болады. Алайда көп уақыт өтпей өзіне де «контрреволюционер» кебін киюіне тура келеді. Оны да революцияға қарсы деп айыптайды.
1938 жылы Сара зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынады. Тоғыз айдай тергеу абақтысында отырды. Соңында Сараны В.И.Лениннің жесірі Надежда Крупская құтқарды. Ол Сталиннің қабылдауында болып «күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп Сараның абақтыдан шығуына себепші болады. Ал 1938 жылғы 29 тамызда Ораз Исаев атылады. Тоғыз ай тергеу барысында чекистер Есованың күйеуінің контрреволюциялық ісіне қатысы барын дәлелдей алмайды Сөйтіп 1939 жылғы 9 наурызда Сара Есова босатылады. Дегенмен, ақталып шыққанымен Есова оқытушылық жұмысына қайтып оралмады. Күйеуінің қазасынан кейін отбасының негізгі асыраушысы болып қалады. Өзінің он және төрт жастағы екі ұлынан басқа, кәрі анасы мен інісі Тұрсын да Сараның қолында болатын.
Сара Сәтбайқызы Есова жазықсыз тергелген түрмеден босап шыққаннан соң екі айдан кейін «Отанын сатқанның әйелі» деген сөз тағылса да, Орталық мемлекеттік музейге ғылыми қызметкер болып орналасады. Одан соң тарих-революция бөлімінің меңгерушісі болады. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1947 жылдан бастап директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ал 1955 жылы музей директоры болып, осы лауазымда он жеті жыл бойы қызмет етеді.
С.Е. Есованың бұдан кейінгі өмірі музеймен байланысты болды деп айтуға болады. «Есова алғашқылардың бірі болып елімізде музей қорларын жинақтаудың ғылыми принциптерін енгізді» дейді әріптестері. Оның тікелей қатысуымен елімізде этнографиялық және тарихи материалдарды жинау бойынша ірі экспедиция ұйымдастырылып, жиналған жәдігерлер кейін 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрсетілген. Бұл жұмысы партиялық номенклатура тарапынан жоғары бағаланып, бір жылдан кейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Әріптестерінің есінде Сара Есова адал, турашыл, жарқын жанды адам ретінде қалған. Райхан Қосмамбетова: «Оның есте сақтау қабілетіне көпшілік таңғалатын. Жетпіс жасында ол Блоктың «Он екі» поэмасын жатқа оқитын. Есенинді, Блокты ерекше жақсы көретін, өте көп өлең білетін. Іссапардан қайтып келе ­жатып, жолдан әбден шаршағанда Сара Сәтпайқызы бізге жатқа өлең оқитын. Ешқашанда жаңылмайтын, Алматыға жеткенше оқитын».
Сара Сәтбайқызы Есованың өмірін зерттеушілер, 1982 жылы 52 жасында дүниеден өткен үлкен ұлы Нұрланның өлімі оған қатты соққы болды дейді. Екі жылдан кейін, 1984 жылы 15 сәуірде, Сара Есова да бақилық болды.
Шәмша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
24 қараша 2020 ж. 14 370 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031