Ақтан батырға ас берілді
Аудан орталығына жақын орналасқан Ақтан батыр ауылында соңғы уақыттары ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде елді мекенде жаңадан орталық алаң мен саябақ салынып, ауылдың ажары онан сайын айшықтала түсті.
Бүгінгі таңда Ақтан батыр атындағы ауылда түнгі жарықшамдар самаладай жарқырап, кіші архитектуралық формалар, темір күрке, балалар ойын және спорт алаңқайлары төңіректің әрін келтірген. Концерттік бағдарламалар өтетін ашық сахна алаңында ауыл тұрғындары мен қонақтары талантты өнерпаздардың өнерін тамашалай алады.
Өткен аптада жыл санап сәулеттік келбеті артып келе жатқан ауылда Ақтан Ақайұлының ұрпақтары ас берді. Жиналған халық алдымен Ақтан батырдың кесенесі басында баба әруағына арнап құран бағыштады. Негізгі шара саябақ ішіндегі сахна төрінде жалғасты. Онда Көларық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Өмірзақов сөз сөйлеп, ел басына күн туғанда атқа қонып, халқына қорған болған батырлар жайына тоқталды. Оның ішінде Түлкіқашқан деген жерде өмірге келген ақ бұлтты Ақтан Ақайұлының шоқтығы биік екенін тілге тиек етті.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов:
– Ақтан батыр, Жанқожа батыр, осындай бабалардың арқасында тәуелсіздікке жеткен ұрпақпыз, сол үшін өзімізді бақытты санаймыз. Жалпы егеменді ел болғаннан кейін ғана өз тарихимызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Соның арқасында бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозға Жанқожа батырдың, осы ауылға Ақтан батырдың атын беруге қол жеткіздік. Бұл жұмыстарды қолға алған уақытта қос батырды бөліп-жармай ұлы жолдың бойындағы екі ауылға алып беру үшін көптеген азаматтар тер төкті. Осылайша өмірде халықты азаттыққа жеткізем деп жанын қиған, жаумен жағаласып жүрген бабалар есімі ұлы жолдың бойындағы екі ауылға берілді. Міне, бүгін осы ауылдың азаматтары ата-бабаларын қастерлеп-қадірлеп, жастары бастап, үлкендері қоштап үлкен іс жасап жатыр, – деп мезгілінде бабалар тарихын түгендеуде осындағы мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің көп көмегі тигендігін айта кетті. Білім ордасының ұжымына алғыс айтуды да ұмытпады. Сондай-ақ, тарихи тұлғаға қатысты соңғы уақытта белгілі болған тың деректерге тоқталып, мұның бәрі келесі жылы Ақтан батырдың 250 жылдығы аясында халыққа таныстырылса деген ұсынысын айтты.
№190 мектептің директоры Ділдәбек Айтмамбет, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Оқасов, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Әбілмәжін Балабаев, ардагерлер Шора Аяпов, Жеткербай Махамбет пен “Невада-Семей” қоғамдық ұйымының Қазалы ауданындағы өкілі Өмірбек Күлімбетов бабалардың ерлік істерін тілге тиек етіп, әрдайым батырдың әруағы бізді қолдай берсін деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова болса өткен жылы Ақтан батыр¬дың мәңгілік мекені болып саналатын Ақтөбе облысының Шалқар ауданында республикалық деңгейде үлкен шара өткендігін атап өтті.
– Ақтан батырдың жерленген жерін Қазалыдағы ағайындарға алғаш болып сүйіншілеп жеткізген Алшын Баймаханов аға болатын. Содан бері Шалқардағы әріптестермен байланыс үзілген емес. 2018 жылы Нағима Тіленбаеваның ұйым-дастыруымен “Ақайұлы Ақтан батыр” атты республикалық конференция өтті. Оған Қазалы және Арал аудандарынан делегация барып қатыстық. Сол кезде Ақтан батырдың мәңгі өлмейтіндігіне тағы бір көз жеткіздік, – деп сөзін түйіндеді.
Имандылық шарасын ұйымдастыруға ұйытқы болған Қазалы қаласының тұрғыны Аралбай Баянұлы бізбен әңгіме барысында: «Осындай игі іске атсалысқан барша ағайындар мен ақтанбатырлықтарға алғысымыз шексіз. Бұл жердегі негізгі мақсат ас ішіп, аяқ босату емес. Бәріміз бұл жерде қандай игілікті істер атқарылып жатқанын көріп жүрміз. Осы арада батырдың ұрпақтары үнсіз қалмай, ас беруді ұйғардық. Ауыл адам танымастай өзгерген десек артық айтқандық емес. Расында мына саябақтың жасыл-желегі жайқалып, таза ауада арнайы қойылған орындықтарда демалуға болады. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Сол үшін “Сыр маржаны” ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеевке және осы жұмыстың басы-қасында жүрген ауыл әкімі Шәкір Қартабаевқа ризашылығымызды білдіреміз, – деп ағынан жарылды.
Қазалы қаласындағы “Нұралы” мешітінің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлы имандылық шарасын ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыс¬тан би мен Әзілхан ишандардың әруағына бағыштап құран оқыды.
Бұл шараның үстінде ақтанбатырлық ағайындарға тағы бір жағымды жаңалық айтылды. Бабаның ұрпағы, Қазалы қаласының тұрғыны Махмуд Алиев өз күшімен Ақтан батырдың туған жері – «Түлкіқашқанға» ескерткіш белгі орнатты. Осылайша аудан тұрғындары мен қонақтарының киелі орынға адаспай келіп, тағзым жасауына мол мүмкіндік жасалды.
Батыр баба ауылындағы тағылымды шараға жиналған жұрт ерекше құбылысқа куә болды. Сахна төріне Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов шығып, ақша бұлтты Ақтан батыр туралы тебірене сөз сөйлегенде кенеттен саябақтың төбесінде қыран құс пайда болып, шыр айнала ұшып жүрді. Бабаға арналған имандылық шарасында киелі құстың әп-сәтте көріне қалуы тегін емес. Бәрін де жақсылыққа жорыдық.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ