Арал Одиссейі
XIX ғасырдың 80-жылдары Қазалы қаласының көпесі Кривохижин Хиуада нан бағасының арзан екенін естіп, сол жаққа барып сауда-саттықпен айналысамын деп дайындалады. Хиуаға тек керуенмен баратын жалғыз жолды білетін. Ал Сырдария арқылы Арал теңізімен Әмударияға дейін 250 шақырым, әрі қарай Әмудариямен Хиуаға дейін 300 шақырым екен.
1848 жылы А.И.Бутаковтың географиялық сипаттамасында Арал теңізінде үнемі дауылды жел тұратынын жазған. Бүкіл Арал теңізін зерттеп жүріп, ортасынан үш аралды тауып, тас көмірдің көмбесінің барын дәлелдеген. А.И.Бутаков ең үлкен аралды I Николайдың атымен атаған (кейінгі Возрождения аралы). Бұл аралда қалың орман, түрлі өсімдіктер, ауызсудың тұнығы барын көрген. Мыңдаған ақбөкен, жабайы қаз мен үйрек, суында шоғырлаған бекіре мен жайын бар екенін жазған. Тіпті ақбөкендер адамдардан да үркімейді, оқ атылса да қашпайды екен. А.И.Бутаковтың арқасында Арал теңізінің картасы жасалып, қай жерлері тайыз, тереңдігіне дейін көрсетілген. Бірақ Аралдағы кеме қатынастары уақытша тоқтатылған. Дегенмен қазалылық көпес Кривохижин алдындағы күтіп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, жолға шығуға бел буған.
1873 жылы Ресей империясы мен Хиуалықтар ара-қатынас жасауға келісімшартқа отырған. 1881 жылдың 30 маусымында Кривохижинның сыйымдылығы 30 тонналы кемесіне, қасына бес адам жинап алып (3 жұмысшы және 2 жолсерік) жолға шықты. Кемеге молынан азық-түлік, қару, оқ-дәрі, киім-кешек және 3 есекті тиеп алды. Жарты айда аман-есен Хиуаға жетіп, бірақ бидай бағасының көтерілгенін бір-ақ біліп, ешқандай келісімге келе алмай, көпес елге қайтты.
26 шілдеде I Николайдың аралына жетіп, ол жақта әктің бар екенін біліп, бос қайтпау үшін, аралдан есекпен тасып, кемеге 2 мың пұт әк тиеп алды. 2 тамызда жолға шыққанда ауа райы тынық, күн ашық еді. Дауылды жел үдетіп, зәкірдің қанатын үзді. Кемедегі заттарды, тиелген әкті, есектерді де толқын шайып кетті. Кеме батып, өздері аман қалып, әр жері тесілген желкенді үлкен қайығы қалыпты. Бір апта бойы теңіздегі дауыл тыйылмады. Олар толқынмен жиекке лақтырылған балықпен қоректенді. “Илян” деген шөптің тамырын, дәмі картопқа ұқсас болғандықтан отқа пісіріп жеді. Еш жерден көмек келмейтінін білген Кривохижин, ұзындығы бес метрлік қайықпен қайтатын болды. Қайтуға үшеуі келісті, оралдық казак Фёдор Пузаткин және екі қазақ Абдықұл мен Басурман жолсерік жігіттер. Ал солдат Ермолай Кротов пен оралдық казак Артамон Егоров қалатынын айтты. Көпес елге жеткен соң қалған екеуіне көмек жіберуге уәде берген. Қапшықтан желкен құрастырып, илян тамырынан молырақ алып, қолдарында бар болғаны дүрбі және жол картасымен 27 қыркүйекте жолға шығады. Бірінші тәулік тыныш өтті, келесі екі күн бойы дауыл көтеріліп, рульден айырылған соң, оның орнына ауыр тас қойылды. Алдында Толмачев аралы көрінді. Ол жақта бір түнеп, әрі қарай жолға шықты. Бір кезде алыстан жайылып жүрген үш жылқыны көріп, қайық судың жиегіне аялдайды. Әлсірегендер қайықта қалып, басқалары «елшілік бар ма?» деп іздеуге шықты. Бұлардың алдынан түйеші Марқабай Дариябаев шығады. Арып-ашыққандарды үйіне әкеліп, айран, піскен ет, ыстық күлше беріп, өз-өзіне келгесін Қазалыға жеткізеді. Елге жеткен Кривохижин ауылдық орыс әкімшілігінен аралда қалған екі адамды құтқаруға көмек сұрайды. Оған ешқандай көмек көрсетілмейді. Кривохижин өз қаражатына екі желкенді кемеге сегіз айға жететін азық-түлікті, қару-жарақ, оқ-дәрі және екі есекті тиеп, Пузаткин мен Абдықұлды және жұмысшы Поповты ертіп жолға шығады.
1881 жылы күні ауа райының тынық және ілеспе желмен келесі күні Барсакелмес аралына жетеді. Кенеттен күн бұзылып, қар жауып, борандатып, кетеді. Қыс басталып, теңізде мұз қата бастаған. Қазақтардан “Барса – келмес”, “Пойдешь – не вернешься” дегенді естігендері бар. Барсакелместе теріскен шөбі көп өседі екен. Сырдарияның сағасынан Барсакелмес аралына дейін 85 шақырым. Қыстың күні көктемге дейін, малшылар ірі малды мұзбен аралға жайылымға апарып, көктемде мұз еріп кетіп, кері қайталмағандар да болады екен. Бірақ аралда қалып қойса да, таза ауызсу, ататын үйрек, қаз, аулайтын балық табылады. Қайтып бара жатып, көктемде мұз еріп, малмен қоса адамдар да суға кеткен. Кривохижин жанындағымен жертөле үй, ошақ жасап, сексеуіл жинайды. Аң мен құс аулап, бес ай бойы аралда жатады. Олар мұз еріген кезде 1882 жылдың 10 сәуірінде I Николай аралына қарай беттейді. Ауа райы тағы бұзыла бастайды. Қатты дауыл тұрып кемені батысқа қарай бұрады. Үстүрт жартасына соқтырмай, әйтеуір қайықты бір жиекке лақтырады. Осыдан кейін елге қайтуға да болатын еді, бірақ сертіне берік көпес, 25 сәуірде қайта жолға шығады.
27 сәуірде Кривохижин I Николай аралына да жетті, бірақ кемелері басқа жиекке тоқтады. Абдықұл есекке мініп азық-түлікпен екі адамға кеткен. Бәрі кеш. Кротовтың жерленген жерін көріп, ал Егоров жертөледе өлген екен. Қасында жартылай кемірілген ағаш тостақ жатқан. Өздерінің рәсімімен оны жерлеп, дұғаларын оқып, қайтуға дайындалады. Бір қызығы, бұрынғы кемесі сол жиекте жатыр екен. Бірақ оны орнынан қозғалта алмады.
10 мамыр күні жолға шыққан олар 12 күннен соң аман-есен Қазалыға жетеді. Кривохижин полицей басқармасына есеп беріп, Кротов пен Егоровқа акті жасатып, олардың өлгенін растаған. Кривохижин I Николай аралындағы кемесін қайтарғысы келіп, қаражаты болмағасын, Сырдария өңіріндегі генерал-губернаторынан және жоғары лауазымды тұлғалардан көмек сұраған. Қиналған көпес басшылардың көмек бермегенін, және сауда жасауға өзінің кемесінің керегін, Арал теңізінің табиғатын, қай жерлердің тайыз, тереңдігін, желдің бағытын, біраз мәліметтерді баяндамасына түсірген. Ташкеннің “Туркестанские вести” газетіне жанайқайын жазған. Солай бола тұра көпестің хаты 1905 жылы 23 жылдан кейін “Арал Одиссейі” деп жарияланған. Ал 1887 жылы Кривохижин қарызданып өз кемесін Аралдан Қазалыға әкелген. Аралға барғанда жерленген екі досының жатқан жерін қоршап, бастарына крест орнатқан.
Қаламқас РЗАХАН