Амал – айтулы мереке
Халқымыздың бағзыдан бүгінге жеткен айрықша мейрамдарының бірі – Амал мерекесі. Көктемнің шуақты шапағатымен бірге келетін Көрісу күні – ел ішіндегі татулық пен сыйластықты дәріптейтін ерекше күн, Ұлыстың ұлы күніне бастау болатын мереке.Өткен сенбіде қазалылықтар дәстүрлі Көрісу күнін кең көлемде атап өтті. Береке мен бірлікті, татулық пен сыйластықты дәріптейтін бұл мейрам аудан тұрғындарын тағы бір мәрте жақындастырып, ағайынның амандық-саулығын сұрасатын тағылымды күнге айналды.
Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда «Амал келді – жыл келді» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
– Амал мерекесі – халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрлерінің бірі. Бұл күн – ағайын-туыс, дос-жаран бір-бірімен қауышып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіріп, бір-біріне ақжарма тілектер айтатын, өкпе-ренішті ұмытып, жаңарудың бастауы болатын ерекше күн. Қазалылықтардың басты қасиеті – ауызбіршілік пен ынтымақ. Бүгінде ауданымыздың дамуы, елді мекендердің көркеюі, халықтың әл-ауқатының артуы – осы бірліктің айқын көрінісі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне деген ерекше қолдауының, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірдің дамуына бағытталған игі бастамалар жүзеге асуда. Ауданымызда Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын мәдени бағдарламалар, спорттық жарыстар, жастарға арналған патриоттық іс-шаралар, қайырымдылық акциялары сынды көптеген мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Алдағы күндері біз баршамыз асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтетін боламыз. Халқымызды жақсылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа шақыратын ерекше мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында аудан тұрғындары бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін айтып, үлкендерге құрмет көрсетіп, ізгі ниеттерін білдірді. Ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, қазақы салт-ғұрыптар кеңінен насихатталды.
Айта кетейік, Амал мерекесі – Наурызнама онкүндігі аясындағы алғашқы күндердің бірі. Бұл күн көктемнің келуін, жаңару мен жақсылықтың басталуын білдіреді. Адамдар бір-бірімен көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа кезеңге қадам басады.
Осындай тағылымы мол шаралар ауданымызда алдағы күндері де жалғасын тауып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ұласпақ.
Орталық алаңдағы мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат













