Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиқатты арының алдаспаны еткен

Ақиқатты арының алдаспаны еткен

Сыр топырағы – шешендікте шашасына шаң жұқтырмай, майдан қыл суырғандай небір сүлейлер мен ділмәрларды дүниеге әкелген өңір. Осы мекенде туылып, туған жерінің, елінің абыройын асқақтатып, ауызбіршілігін нығайтуға сүбелі үлесін қосқан тұлғаның бірі – Үмбет Ғалиев.

Деректерде 1835 жылы туған деген би 1893-1894 жылдары қайтыс болған делінеді. Кей жазбаларда тарихи тұлға туралы “Үмбет молда” деген жолдар кездеседі. Үмбет молда, Үмбет би деген кісі біз айтып отырған Үмбет Ғалиев (Ғалимоллаұлы) екенін растайтын құжаттар жеткілікті.
Оның молда атануының да себебі бар. Үмбет Ғалиұлы ұзақ уақыт имандылық бағытында біраз еңбек етеді. Осы жолдағы мол тәжірибесі уақыт өте келе ел басқару ісіне ойысуына көп көмегін тигізеді.
Құстың қос қанатындай ізгілік пен басқарушылық қабілетімен ел есінде қалған Үмбет би төрелігі мен тапқырлығы туралы мына әңгімелер кеңінен таралған.
Бақа би Үмбетпен түйедей құрдас екен. Бір жолы Бақа биді Орынбор генерал-губернаторынан жауапқа шақырған бұйрық келеді. Бұрын-соңды ондай алыс жерге ат ізін салмаған Бақа қатты сасып:
– Үмбет, бір жылда туған құлынбыз әрі достығымыз бар. Орыспен сөйлесуге епті едің. Орынборға менімен бірге жүр, – деп қолқалайды. Досы да келісім береді. Қос биді жолдағы ел қонақ етіп, Орынборға айтқан мерзімнен кешігіп жетеді.
Бақа биді жауапқа шақыртқан генерал-губернаторға өтініші жүретін қазақ байының бірі екен. Оған себеп: ертеректе Бақа бидің елінің аты бәйге жарысынан озады. Жүйрік жылқыға қызыққан Орынбор елінің беделді бір адамы бесіктегі қызын айттырып, қалың малға жүйрік атты алып қалыпты. Арада жылдар өтіп, қос тараптың арақашықтығынан екі елде байланыс болмайды. Қалыңға ат берген құдадан хабар болмаған соң, әкесі бойжеткен қызын басқа біреуге ұзатпақшы болады. Сонда қатынаған сау­дагерден қыз сәлем жолдап, болған жағдайды атастырған жігітке жеткізеді. Күйеу бала ұрын барып, қалыңдығын алып кетеді. Қыз төркіні көпке белгілі адам екен. Сол кісі Бақа биді жауапқа тартқанда, Үмбет оған сұрақ қояды:
– Қазақта жаңа туған нәрестені қалай атайды? – дейді.
– Қыз болса, «қырық жылқы», ер бала болса, «дүниеге ат келтірер келді» деп сүйіншілейді, – деп жауап береді.
– Қалың малға бәйге ат алыпсыңдар. Қазақта бәйге атты «бір қыздық ат» деп атайды, – деп қыз төркінін жеңіп шығыпты.
Әділ бидің ұлық ісі 1865-1867 жылдардағы Қазалы уезінің түрлі бөлімдеріне арналған құжаттарда кездеседі. Оның қағазға түсуінің де өз сыры бар. Себебі бұл кезеңде әлі ел тізгіні болыстық басқаруда еді.
«Зауряд хорунжий Үмбет Ғалиев» деп қол қойған құжаттарды мұражайдан кездестіруге болады. Мағлұматтар 1868 жылы Ақторғай болысын алғашқы басқарған басшы дәл осы Үмбет Ғалиұлы екенін көрсетеді.
Заманында «Қызыл мойын ояз» атанған, Қазалы уезін басқарып отырған Арзамасов деген әскери кісі Орынбор губернаторы Николай патшаның Қазалыға Самар губерниясынан 30-40 үй орыс мұжықтары келетіні туралы тапсырмасын алады. Нұсқаумен танысысымен, Ақбайдың қолтығынан жер бермек болып, оны мақұлдатуға би-болыстарды жинайды.
Мәселенің мән-жайына қаныққан жинал­ғандардың дені бұл шешімнің «орындылығын» қуаттайды. Сонда Үмбет сөз алып:
– Уа, жоғары мәртебелі ояз! Бұл жер басында қарақалпақ жұртына тиесілі еді. Біз жоңғарлардан ығысып, Қызылжыңғыл, Бабысты айналып көшіп келгенімізде, олардың Қатағар, Аламесек деген хандары билік құрып отыр екен. Олармен он-он бес жылдай араластықта болдық. Кейін қазіргі отырған жерге көшетін болғанда, осы жерді қазақтарға отыз мың қойға сатып кеткен.
Біз де патша ағзамның тәртібін орындауға ықыластымыз. Аянатынымыз да жоқ. Жерді де береміз. Айтайын дегенім, халықтың өз қолымен жинап берген отыз мың қойын патша ағзам бізге берсін де, жерді алсын, – депті. Тосын сөзден тосырқаған ояз жиналысты тез тарқатып, естігенін жедел губернаторға баяндайды. Губернатор патшаға жеткізгенінде, патша:
– Қазақтардың жері де, суы да өзіне. Отыз мың қой беріп, жер сатып алуға патшалықтың қаржысы жоқ. Ондай артық байлық Ресейде болған емес. Бірде-бір үй көшпейді, – деп тәртіп береді. Осылайша кемел ұлдың кемеңгерлігі арқасында жер жергілікті жұрттың өзінде қалыпты.
Бидің өмірі мен шығармаларын зерттеуші Мұратбай Әжібаевтың Үмбет бидің Есет есімді шөбересінен жазып алған дерегіне зер салсақ, Қазалыға орыс қоныс аударушылары келе бастаған 1953 жылы Үмбет 18 жасар бала екен. Елден орыс­тарды қарсы алатын адам табылмай, жұрт түгел шошынып жатқанда, «Мен барамын» деп көптен суырылып шыққан екен деседі. Қой бағып жүріп-ақ өз қайратын көрсеткен бозбала еліне, жеріне деген ұстанымнан өмірінің соңына дейін бас тартпай, барлық жиған-терген, көрген білгенін елдік мүддеге тоғыстарады.
«Матай Үмбет би» аталатын М.Әжібаевтың кітабында бидің тағы бір Теңізбай есімді ұрпағының қалдырған естелігі Үмбет бидің атақты Жанқожа Нұрмұхаммедұлымен пікірлес әрі ниеттес болғанынан сыр шертеді.
Ол көзі тірісінде туған жерінің көркеюіне сүбелі үлес қосқанын жерлестері мақтанышпен айтады. Бір дерек бидің Қазалы қаласының көркеюі туралы мысалымен айшықтала түседі. Үмбет: «Орынбор-Ташкент теміржолы сор жерден салынып жатыр. Болат жолы бағыты Қазалы қаласының үстімен өтсе, уездік қала мәдени жағынан қатты дамытып еді», – дегенді ашына айтады. Кейіннен көпке дейін Бекбауылдың тұсынан су кетіп, теміржолға кедергісін келтіргенде жергілікті жұрт: «Әттең, кезінде Үмбеттің айтқанын қылғанымызда, теміржол аман болар еді. Әрі мына сордың иісі аңқыған стансадан гөрі орталыққа көк желекке малынған Қазалы қаласы тиер еді», – деп өкінген екен.
Халқына қалқан болған азамат билікке де ұнамды, ықпалды жанның біріне айналады. Тарихқа зер салсақ, 1875 жылдың мамыр айындағы Қазалы уезі бастығының бұйрығымен 66 адамға сыйлықтай құрмет көрсетілгенде, олардың қатарындағы Үмбет Ғалиұлы 3 санатпен марапатталған.
1897 жылдың 12 ақпанында Қазалы уездік кеңесінде бітімгер сот болған И.Аничковтың жазған «Поездка на киргизские поминки в 1892 г.» деген мақаласында «Зауряд хорунжий молда Үмбет Галиев» деген жолдар кездеседі. Жазбада асты басқарған үш бидің бірі болғандығы жайлы толыққанды ақпарат көрсетілген.
Үмбеттің егде жасқа жеткенде болыстыққа түсуі туралы мынандай естелік жеткен.
Ел билеудің қыры мен сырын толық меңгерген биді халық қартайған кезде тағы да сайлауда болыстыққа ұсынады. Үмбет сайлаудан мүдірмей өтетініне сенімді жүреді. Бұл жағдайды ол кезде сопы болып жүрген Жетес би де естиді. Екеуі құрдас адамдар екен. Үмбетке адам жіберіп:
– Дарияның өріне қарасын, аяғына қарасын, маған қарасын, өзіне қарасын, – деген сәлемдемесін айтып жібереді. Хабаршының сәлемін естіген Үмбет:
– Жүре бер, шырағым, – деп қайтарып, жұмбақтың шешім былай деп топшылайды.
««Дарияның өріне қара» дегені – дария өрінде Бақа би жатыр. Осыны айтты ғой. «Аяғына қара» дегенде, онда Бекетай қорымы бар. Екеуі де бақилық болды. Дүние – опасыз. «Маған қара» деп өзінің дүние-талапты қойып, сопы болғанын меңзеді. «Өзіне қарасын» дегені – мені жастармен таласып, дүние қуып жүргенімді тұспалдағаны. Жетестің мұнысы орынды болған екен», – деп сол күні болыстықтан бас тартып, сенімді бір інісін ұсыныпты. Осылай аға аманатын абыроймен арқалап, үміт үдесінен көрінген екен деседі.
Би егде тартқан шығында қатты толығып, атқа мініп-түсуі қиындай түседі. Өзі өмір бойы мал жимай, қоңыр тірлік кешіпті. Сол жылдары Қазалы қаласынан Серімбет қожаға күйдірген кірпіштен мешіт салынып, құлшылық орны дайын болғанда алыс-жақынның басын қосқан үлкен ас беріліпті. Халық көп шақырылған жиынға Үмбет кеш жетеді. Тәжімбет ол келгенінше шараны бастамапты.
– Тәжімбетжан, қаладан Құдай үйін салған мерекең құтты болсын! Жақсы жұмыс бастапсың, – деп көңілін білдіргенде оған ренжіген Тәжімбет үндеңкіремепті. Сонда Үмбет би:
– Бұрын мені көргендер қуанып «Үмбет келе жатыр» деуші еді, енді «Індет келе жатыр» деп қашатын болды. Кәрілік жеңіп, қимылым нашарлады, – дегенінде:
– Үмбет аға, қазақ – бала сияқты тез қуанып, тез суитын халық. Қартайғанда бізге Үмбетсің, жамандарға ғана індетсің, – деп ағасын қолтықтай төрге оздырады.
– Шайыңа құятын сүтке мына боталы нарды ал, – дейді де беліне қалы кілемсалған нар мен соғымдық семіз ту байталды ұсыныпты.
Кемеңгер ақыл иесінің көркем бейнесі Алашқа аты аян Базар жырау Үмбетпен жақын араластықта өмір сүрген. Базар ақын Үмбеттің аузынан естіген «Айна мен тарақ» ертегісі бойынша дастан жазып шыққан. Сол қанаттас досы, тілеулес бауырына айналған Балқы Базар шығармасында жаны жақын сырласы былайша бейнеленеді:
– Қараның Майтай Үмбет ханы болған,
Бір күнде қайтарусыз тағы болған.
Басында бақыт құсы тұрған шақта
Жылқының наз бедеуі алма сабақ,
Түйенің тарақ құйрық нары болған.
Дүниенің болашағы осы-ау, шіркін,
Тұрмайсың бір қалыпта дүние жалған.
Қаншама дүлділ тұлпар болсаң-дағы
Қара жер қойынына өзі алған.
Бұл жолдарға сөз қосып, алудың өзі артық. Ақиқатты ардың алдаспаны еткен Үмбет би тірі кезінде-ақ бедел биігін бағындырып, ел арасында «Пірлі би» атанған. Осындай жолы дара, жұртына пана болған асыл ердің есімін ұрпақ жадында жаңғырту – баршамызға міндет.

Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 қыркүйек 2019 ж. 1 593 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930