Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорғаны болған халқының

Қорғаны болған халқының

Қазақ халқы көшпелі өмір сүрген кезде әр рудың, әр елдің өз шежіресі болған. Сол арқылы біз бұрынғы өткен ата-бабалардың кім болғанын, не істегенін білеміз. Елге тигізер пайдасы көп билер мен елін-жерін жаудан қорғаған ержүрек батырлар туралы да осында айтылады. Соның бірі – Бекарыстан би туралы сөз қозғамақпыз.

Бекарыстан би Жанғазы ханды жалғыз ауыз сөзбен тоқтатқан, түрікпендердің барымташыларын садақтың жалғыз оғымен қорқытқан әрі шешен, әрі батыр кісі болған. Бекарыстан баба туралы «бір оқпен жауды қуған батыр, бірауыз сөзбен дауды тындырған би» деп айтылуының мәнісі осыдан.
Қарақалпақ еліне барып, зерттеу жүргізілген кезде, сол жақтағы туысымыз, Нөкіс қаласынан 15-20 шақырым қашықтықта, Әмударияның жағасындағы «Хожелі пристані» деген жерде тұратын Зәки атаның Бекарыстан би туралы айқан әңгімелеріне тоқталайын.
Зәки ата дерегі бойынша, Бекарыстан би 1868 жылы күз айында бүкіл ауылымен Қарақалпақстан жеріне, Әмударияның бір саласы – Талдық өзенінің бойына көшіп барып «Аққала» деген жерде қыстаған. 1869 жылдың қаңтар, ақпан айларының бірінде 84 жасында қайтыс болған. Талдық бойында қарақалпақ пен қазақ қорымдары баршылық. Бекарыстан би қазақ қорымындағы Балтабек ишан бейітінің қасына жерленген.
Балтабек ишан бұрын Қазалы жеріндегі Ақшатаудан көшер кезінде Бекарыстан бимен қоштасып тұрып:
– Әй, Бекарыстан саған топырақ менің қасымнан бұйырады, – депті.
Сол кезде Бекарыстан:
– Сен Әмударияның басына көшіп бара жатырсың. Мен болсам, Сырдарияның аяғында тұрамын. Ол қалай болады? – дегенде, Балтабек ишан:
– Оны өмір көрсетеді, – деп айтқан екен деген аңыз бар.
Шындығында, Бекарыстан биге топырақ Балтабек ишан қорымынан бұйырыпты.
Осы дерекке қарағанда, Бекарыстан би 1786 жылы Сырдария өзенінің аяғында дүниеге келген. Сырдарияның теңізге құяр сағасына жақын «Тоқпан» деген жердің маңында «Бекарыстан шоқаты» деп аталатын қара құмнан үйілген екі шоқат бар. Ол кісінің жаз айларын өткізетін мекені болғандықтан, сол маңда дүниеге келді ме екен деген болжам бар.
Бекарыстан қайдан шықты деген сауалға жауап іздер болсақ, Әлімнен тарайтын біздің өңірдегі ұрпағы көбі – Кішкене. Соның алты баласының бірі – Асан. Асаннан – Сырлыбай, Сырлыбайдан – Матығұл, Матығұлдан – Нұрбай туады. Нұрбайдың сегіз баласы болған. Соның екіншісі Бекарыстан бидің әкесі – Амалдық.
Жаратылысынан пысық туған Амалдыққа әкесі, сол замандағы тұстасы Жақайым руының батыры Жылқайдардың қызына құда түседі. Жылқайдар батыр қызын беретін болып, Нұрбай баласы Амалдыққа алатын болып қалың малын төлейді.
Бір күні бір дауды шешу үстінде Нұрбай би мен Жылқайдар батыр қатты сөзге келіп қалады. Сол екеуінің ренжісуі салдарынан Нұрбай бидің баласы – Амалдық қырық жасқа дейін бойдақ болып жүреді де, оған айттырылып қойған Жылқайдар батырдың қызы отыз төртке келеді.
Нұрбай ойланып, әдейі адам жіберіп, Жылқайдар батырдың Ақшатаудың етегіндегі жайылымға жылқыларын түгелдеп, келіп-қайтып жүрген күндерінің бірінде атынан түсіп, жолын тосып кездеседі. Би мен батыр бір-бірінен кешірім сұрап, тойдың қай күні болатынын сол жерде шешеді.
Жылқайдар батыр үйіне келісімен, қызына хабар салып, ұзатылатынын айтады.
Қызы бұны естігеннен кейін:
– Мені отыз төрт жасқа келгенде ұзатып не істейді? Енді иіліп келін бола алмаспын. Бала туып, ұрпақ та жая алмаспын. Одан да қарқаралы күйімде оң босағада отыра берейін, – депті.
Жылқайдар батыр қызын шақырып алып:
– Балам, бір балалы боласың. Біреу болса да, бірегей болады, – деп ақ батасын берген екен.
Сол Жылқайдар батырдың қызынан туған Бекарыс­тан әрі батыр, әрі би атанған.
Нұрбайдың сегіз баласы бар. Бәйбішеден: Абыла, Амалдық, Әйтбек, Нәзірбек, Марқа, басқа әйелдерінен: Еділбек, Қожабек, Қосуақ туады.
Бекарыстан жасынан атасы – Нұрбайға тартып, ақылды да адал, сабырлы да табанды, әділ болып өседі. Осындай қасиеттерін көріп-білген халық оны досына жұмсақ, елгезек, дұшпанына темірдей қатал, ел қорғаған батыр, әрі би деп сөзін жерге тастамаған, дуалы ауызды тура би деп құрметтеген.
Бекарыстан батырдың алып күштің иесі болғанын да айтқан жөн.
Жиырма-жиырма бір жас шамасында атқа мінген Бекарыстан ел аралап, қыдырып келе жатса, бір ауылды дүрліктірген шу асау атқа кезігеді. Ауылдың барлық адамы байлай алмай, әбігерге түсіп жатыр екен. Асау аспанға шаншып, маңына адам жуытпайды.
Бекарыстан ауыл адамдарына жақын келіп тұрады. Әбден қалжырап, шаршаған. Көп адамның ішінен бір ақсақалды қария Бекарыстанның зор тұлғасына көз салып тұрып: «Ей, балам! Мына бір асау бәрімізді діңкелетті. Әліміз келетін емес. Арқан біткеннің бәрін үзді. Енді бір ұмтылса, босанып кететін түрі бар. Осыны бізге құл қылып берші. Шырағым, тұлғаң бар жігіт екенсің», – деп өтінеді.
Айтса айтқандай, Бекарыстанның дене бітімі нағашысы – Жылқайдар батырға тартқан жуан мойын, алшақ төс, мұз қабырғалы, атан жілікті, палуан денелі екен.
Қарияның өтінішін аяқасты етпейін деп Бекарыс­тан атынан түседі. Көптің ортасында тұрған шу асауға жақындап: «Күшіміз жетіп, абырой алсақ жақсы болар еді-ау!» – деп осқырынып тұрған шу асауға жолбарыс­тай атылып, құлағы мен желкесіне жабысады. Темірдей тегеурінді екі қол, құлақ пен желкеден бұрай ұстап, шалт қимылмен төмен қарай басып қалғанда, шу асау тұмсығымен жер сүзе, омақаса құлайды...
Бекарыстан бидің батырылығы, шешендігі мен көсемдігі туралы ел аузында әңгіме көп.
Халқының қорғаны болған әрі батыр, әрі би Бекарыс­тан баба өмірі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін туған жерді, халқын сүюдің үлгі-өнегесі бола береді.
Темірхан ІЗТІЛЕУОВ,
№98 мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
27 тамыз 2019 ж. 3 524 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930