Шыңға шыққан марафоншылар
Жүгіру марафондарының түрі көп. Ішінде күрделілері де жоқ емес. Мәселен, тауда өтетін трейл марафонды алыңыз. Биікке ұмтылып, кедергілерге қарамастан, жүгіру кімге болсын оңай тимесі анық. Өткен аптада Home Credit Irbis Rase өтті. Осымен екінші рет өтіп жатқан жарыста рекорд жаңарды. Шыңғыс Байқашев есімді марафоншы жүзден жүйрік шықты.
Бұл марафон елімізде ресми түрде Халықаралық трейлранниң қауымдастығының сертификатын алған. Яғни, барлық талапқа сай іске асады. Жарыстың жалпы қашықтығы – 50 шақырым. Қатысушылар 2600 метр биіктікке көтеріледі. Марафон Үлкен Алматы көлінен бастау алып, мәресі Медеуден аяқталады. Кеңес Одағы кезінен бері танымал туристік «Кругосветка» бағытымен өтті. Биыл 300 шақты адам қатысуға өтініш білдірген. 11 елдің марафоншысы бақ сынады. Атап айтқанда, Израиль, Франция, Чехия, АҚШ, Германия, Австралия, Норвегияның азаматтары бар. Былтырғы абсолют чемпион Дмитрий Власов 6:11:21 көрсеткішімен үздік атанса, биыл Шыңғыс Байқашевтың уақыты 6:02:10 болды. Әйелдердің ішінде Айжан Жанбатыр (3:33:05) бірінші келді. Жарыс жас категориялары бойынша бөлінді.
– Шыңғыс, спортпен кәсіби түрде шұғылданасыз ба?
– Жоқ, мамандығым бойынша инженермін. Бұл – мен үшін хобби ғана. 2010 жылдан бері түрлі марафондарға қатысып келемін. Соңғы екі жылда скайранниң, яғни тауда жүгірумен шұғылданып жүрмін. Еуропада мұндай жарыстар жиі өтеді. Бізде енді дамып келеді. 50 шақырымды бұрын-соңды жүгіріп көрмедім. Ең ұзақ қашықтығым 35 км болатын.
– Өзге елдерде өткен марафондарға барып көрген боларсыз?
– 2016 жылы Эльбрусты бағындырдым. Биіктігі – 5642 метр. Өте үлкен шабыт сыйлады. Барамын деп билет алғаннан бастап тыңғылықты дайындалдым. Одан бөлек Италиядағы марафонға қатыстым.
– Мотивацияны қайдан аласыз?
– Ультра марафонға қатысу үшін тауды қатты жақсы көру керек. Қолым қалт етсе, тауға кетіп қаламын. Жұмысқа дейін, кейде кейін осында келіп жаттығамын. Арнайы киім алу шарт. Әрі достарым да табиғатқа шыққанды, спортты ұнатады. Ең бастысы, мақсат қою деп ойлаймын. Финляндиядағы марафонға қатысуды жоспарлап жүрмін. Сол ойдың өзі – мотивация.
Айша ЕРСҰЛТАН