Марафон туы Қармақшыға жол тартты
Өткен аптада облыс орталығынан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны бастау алған болатын. Жемқорлыққа қарсы заңы мен мемлекеттік қызметтің 20 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына орайластырыла өткізілген шарада 20 автокөліктен тұратын шеру марафон туын желбіретіп Арал ауданына жол тартқан еді.
Айдынды Арал өңірінен марафонды қабылдап алған қазыналы Қазалы ауданы адалдықты ту еткен екі күндік шара аясында жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, халықты қоғамдық дертке қарсы тұруда күш біріктіруге шақырды.
Бейсенбі күні Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда марафон эстафетасын көршілес Қармақшы ауданына тапсыру рәсімі өтті. Оған мемлекеттік орган қызметшілерімен бірге, жастар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдері белсене қатысып, аудан өнерпаздары патриоттық әндер айтып, белсенді жастар флешмоб өткізді.
Орталық алаңдағы шара барысында Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев “Нұр Отан” партиясының Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Бухановқа эстафета туын және өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат пен тілектер жазылған кітапты табыстады. Сондай-ақ «Адал жол – честный путь» марафоны Қорқыт бабаның киелі мекенінде де жоғары деңгейде жалғасатына сенім білдірді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ