Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемге танымал алты марафон

Әлемге танымал алты марафон


АСТАНА. ҚР Жеңіл атлетика федерациясы әлемге әйгілі алты марафон жарысын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олар: Бостон марафоны (BAA Boston Marathon) - жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жарыс (АҚШ, Массачусетс штаты). Ол сәуір айының үшінші дүйсенбісі күні ұйымдастырылады. Бостон марафоны - ең алғаш рет кәсіпкер Херберт Холтонның қолдауымен 1897 жылы өткізілген. Негізінен бұған 27 мың адамға дейін қатысуға дейін рұқсат етілген. Алайда кейбір жылдары 36-38 мыңға дейін жеткен. Бұл марафонды 500 мыңнан астам көрермен тамашалайды. 2013 жылдың 15 сәуірінде марафонның мәреге жетер тұсында болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды. Бұл жарылысты ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ұйымдастырғаны анықталған еді. Тамерлан полициямен атыс кезінде қаза тапса, Джохар сот үкімімен өлім жазасына кесілді. Лондон марафоны (Virgin London Marathon) жыл сайын өткізіледі.
Негізінен сәуірде. Ең алғаш 1981 жылы ұйымдастырылған. 2014 жылы марафонға 36550 адам қатысты. Оның көрермендер саны 750 мыңнан асып жығылады. Стартқа кәсіпқой және әуесқой жүгірушілердің барлығы қатыса алады. Берлин марафоны (BMW Berlin-Marathon) - қыркүйек айының соңғы жексенбісінде. Алғаш рет 1974 жылы 13 қазанда ұйымдастырылған. 1990 жылға дейін тек Батыс Берлинде өткізіліп келді, ал Берлин қабырғасы құлаған соң, марафоншылар Бранденбург қақпасы арқылы да жүгіретін болды. Жалпы 40 мың адам қатысуға мүмкіндік бар. 2008 жылы мәреге 35913 адам жетті. Көрермендер саны - 1,5 миллион шамасында. Чикаго марафоны (Bank of America Chicago Marathon) - АҚШ-тың Иллинойс штатында қазан айында өткізіледі. Күзгі марафондардың ішіндегі ең танымалы. 2011 жылы Гүлжанат Жанатбекті жаттықтырып жүрген ресейлік Лилия Шобухова үшінші рет осы марафонда суырылып шығып, рекорд орнатқан болатын. Бірақ кейіннен допинг дауына байланысы барлық нәтижелері жойылды.
45 мың қатысушыға дейін рұқсат етілген. Көрермен саны бүгінгі таңда 1,7 миллионға дейін жетіп отыр. Нью-Йорк марафоны (ING New York City Marathon) жыл сайын қараша айының бірінші жексенбісінде өткізіледі. Бұл жарыс 1970 жылдан бастау алады. Алғашында 127 адам қатысыпты. Ол кезде қаладағы Орталық саябақтың айналасында ұйымдастырылған. Арада 5 жыл өткенде осы марафонның негізін салған Фред Лебо жүгіру тас жолына өзгеріс енгізіп, енді Нью-Йорктың бес ауданын қамтитын болды. Қазіргі кезде аталған марафон қанатын жайып, әлемдегі ең танымалдарының қатарына енген. Жыл сайын Нью-Йорк марафонына қатысуға 40 мың адам келеді. 2011 жылы 47340 адам жарысты. Ал 2 миллионнан астам көрермен оларды қолдау үшін көшеге шығады. Токио марафоны (Tokyo Marathon) - Азия құрлығындағы ең ірісі. Тарихы 1981 жылдан бастау алады. 2013 жылы бұған 35,5 мың адам атсалысты. Ал қатысушылар қаланың барлық көрікті жерлерін жүгіріп өтеді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 27 тамызда Астанада алғаш рет IAAF-тың сертификатын алған халықаралық ШЫҰ марафоны өтті. Оған 5000-нан астам адам қатысты. Сондай-ақ, соңғы кездері жалпы халықтық марафон ұйымдастыру Қазақстанда да дәстүрлі үрдіске айналып келеді. Алматы, Астана қалаларынан бөлек, облыс орталықтарында да әр түрлі деңгейде ұйымдастырыла бастады.
inform.kz
09 қаңтар 2018 ж. 1 416 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930