Шаршы тақтадан топжарғандар
Аудан жастары қай спорт түрінен де болмасын қарсыластарына дес бермей мықтылығын мойындатып жүр. Сондай мақтан тұтар спортшылар арамызда баршылық. Қазір білектің күшінен бөлек ой сарабына салмақ салатын ойын шеберлері озып тұр. Олар ел мерейін асқақтатып жүлделі орындарды иеленуде алдына жан салмайды. Соның бірі М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Меруерт Рахманберді. Меруерт шахмат ойынымен 7 жасынан айналысып келеді. Оның отбасында әкесінің бастауымен арнайы уақыт бөлініп, барлығы шаршы тақта үстінде бір-бірімен бақ сынасады.
Жас шахматшының айтуынша, әкесі Болат кезінде шахматтан жүлделі орындарға ие болған. Осыдан соң өзінің қызығушылығын балаларына үйретіп, баулыған. Соның арқасында бұрымды қыз үйінде бауырларымен жаттығып, көптеген жетістікке жеткен. Алғашқы жүлдесіне 2013 жылы қол жеткізген.
Бүгінде Меруерт Болатқызы аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы және республикалық сайыстарда орташа деңгейде ойын өрнегін көрсетеді. Мақсатшыл бойжеткен осы уақытқа дейін бірқатар жетістікке қол жеткізген. Атап айтсақ, Шахмат федерациясының құрылғанына 5 жыл толуына орай өткізілген турнирде, Тәуелсіздік күні мерекесіндегі сайыста, Жеңістің 74 жылдық мерекесіне орай аудандық біріншілікте, студенттер мен оқушылар арасында өткен жарыста жеңіс тұғырынан көрінді.
Сондай-ақ республикалық “SportFEST Kazakhstan” спартакиадасында, 20 жасқа дейінгі облыс біріншілігінде, халықаралық шахмат турнирінің облыстық кезеңінде, Сырдария ауданының 90 жылдығына орайластырылған додада, Қамбаш олимпиадалар және қосымша білім беру орталық базасында оқушылар арасындағы Қызылорда облыстық шахмат турнирінен, 7 мамыр – Отан қорғаушылар мен Спортшылар күнінде өткен жарыста екінші орынға тұрақтады. “Жаңақорған олимпиадалар және қосымша білім беру орталық базасында оқушылар арасында Қызылорда облыстық шахмат турнирінен үшінші орынды қанағат тұтты. Ал Астана қаласының 20 жылдығына байланысты бәйгеде “Үздік ойыншы” атанып, Дәрмен Сәдуақасов кубогын иеленді. Сонымен бірге облыстық командалық спартакиадада екі жыл қатарынан бірінші және үшінші орынды қанжығасына байлады.
– Мен шахмат ойынына баулыған әкем Болат Сабырбаевқа және ұстаздарым Абдрейім Шүренов пен Ади Шулембаевқа алғыс айтамын. Шахмат адам ойының ұшқыр болуына тәрбиелейді. Сондықтан балалар мен ересектерді осы спорт түрімен айналысуға шақырамын, – дейді Меруерт.
Осындай жігерлі спортшылар қатарынан көрініп жүрген Аида Берікбай шахмат ойыны – математикалық логиканы қажет етеді деген тұжырымда. Бұл спорт түріне ол Ж. Жабаев атындағы №234 мектептің 3 сыныбында оқып жүргенінде қызыққан. Кезекті дайындық кезінде өте бір ыңғайлы фигураны жүрген. Сонда жаттықтырушысы Орал Әлекеев Аиданың шахмат ойнауға бейімі бар екендігін байқап, ата-анасынан жарысқа қатысуға рұқсат алған. Содан кейін-ақ өрімдей қыз шаршы тақта сайысына ерекше мән берген.
– Ең бірінші жеңісім маған айрықша күш берді. Ол кезде облыстық жарыс жеңімпазын ұтып, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне байланысты ұйымдастырылған жарыста бірінші орын алдым. Мерекелік атаулы күндерде жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Осындай жетістікке жетуіме шахмат үйірмесінің бапкері – Абдрейім ағайдың үлесі мол. Ол маған әкемдей қамқорлық жасады. Жазғы демалыста Көкшетау мен Елордаға, Алматы мен Шымкентке жарыстарға апарып бос уақытымызды тиімді өткізді. Сол үшін де оған ризашылығымды білдіремін, – дейді Аида Русланқызы.
Қазір Аида Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің студенті. Спорттан қол үзбей түрлі жарыстарға командамен қатысып тұрады.
2019 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық колледжаралық жарыста оның командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ол кезде денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бақтияр Ерғазы дайындап апарған.
Талант Жаңабергенұлы да шахмат үйірмесіне 9 жасынан бастап қатыса бастаған. Оны осы ойын түріне баулыған ұстазы Орал әуелі аудандық жарыстарға қатыстырып ширатқан. Осылайша дарынды бала 12 жасында аудан чемпионы атанды. Жолдамамен облыстық жарысқа барып үшінші орынды иемденеді.
2018 жылы республикалық сайыста да жүлделі орынды жеңіп арнайы кубок және сыйлықтармен марапатталады. Қазір Талант Жақсылық бос уақытында қосымша дайындық курстар шеберлігін жетілдіріп, шахмат ойнаудан қол үзген емес.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА