Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үстел теннисінің үздіктері

Үстел теннисінің үздіктері

Сенбі күні Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Қазалы» газетінің 10 жылдығына орай, редакция ұжымы мен аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында үстел теннисінен жарыс өткізілді.

Соңғы жылдары ауданда бұқаралық спортпен тұрақты айналысып, қарымды жұмыстар атқару үшін қайратты болуға ұмтылып жүрген жас­тар саны артып келеді. Апта сайын бес күн бойы бел жазбай ел игілігі жолында еңбектенетін мемлекеттік қызметкерлер де солардың қатарында. Бұл сайысқа бос уақыттарын тиімді өткізіп, үстел теннисінің үстінде маңызды тақырыптар қозғап, толғамды пікір алысатын осы спорт түрінің қызығушылары жиналды.
Жиырмадан аса қатысушыға №249 мектеп-лицейдің жаттықтырушысы Ғани Алиасқаров турнирдің өту ережесімен таныстырып, оларды үш топқа бөлді. Кәнігі шебер ойыншылар мен қолына енді ғана ракетка ұстап үлгергендер араласып кетті. Өз ішінен кім мықтыны анықтау үшін көк үстелдің екі бетінде сайысқа түскен жастар жарыс көркін қыздырды. Ұпайын түгел алып, ұтылмай шыққан төрт ойыншы көрерменнің көңілі тоярлық тартысты кездесуден соң, ақтық кезеңге өтті. Олар соңғы турда бәйгенің бас жүлдесін сарапқа салды.
Нәтижесінде ауданаралық аурухана қызметкері Ермек Таласбай төртінші орынға тұрақтап, Жанқожа ауылдық клубының намысын қорғап келген Тұрар Айсауытов үшінші орынды қанағат қылды. Барлық топтан оза шыққан Әйтеке би спорт клубының маманы Ернар Ибрай қарсыласынан басым түсіп, бірінші орынды қанжығасына байласа, оған есе жіберген Орасқан Нұрбай екінші орынды місе тұтты. Жеңіпаздарға арнайы сыйлық пен дипломдар табысталды.
Жарыстың соңында Қазалы ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев сөз алып, газеттің он жылдығы қарсаңында өткізілген шарада тізе қосып жұмыс істеген «Қазалы» газеті мен Жастар ресурстық орталығы ұжымына алғысын айтты. Алдағы уақытта да аудан жастарының осындай игі істердің басынан табыла беруіне тілектестігін білдірді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
27 тамыз 2019 ж. 1 118 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930