Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тиянақты шешімдер істі ілгерілетеді

Тиянақты шешімдер істі ілгерілетеді

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласында болды.  Облыс басшысы әуелі Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» серіктестігінде ұйымдастырылған  астық жинау рәсімі мен  «Дала күні» семинар-кеңесіне қатысты. Басқосуда қызылордалық аграршылар аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылап, алдағы атқарылуы тиіс шараларға тоқталды. 
Биылғы ауа райы егінші қауымға үлкен сын болды. Мамыр, маусым айларында ауа температурасы аса жыли қойған жоқ. Шілдеде Сырдария өзенінде судың айтарлықтай азаюынан су тапшылығы орын алған еді. Соған қарамастан шаруалар бұл кедергілерге тойтарыс бере алды. Қазір олар егін жинау науқанына қызу кіріскен.
– Биылғы жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың одан әрі дамуы үшін барлық шараларды жасауға тиіспіз. Су тапшылығының кері әсерін азайтудың бірден-бір жолы – «Күміскеткен» су қоймасы мен Қараөзек арнасындағы тоғанның құрылысын бас­тауды жеделдету. Су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Қараөзекте тоған са­лынған жағдайда 1,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік туа­ды, – деді аймақ басшысы.
Семинар-кеңесте суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажеттілігі де айтылды.
– Елбасының алдағы 5 жыл ішінде агро­өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнім­ділігін және өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін біз облыстың аграрлық саласын 2020 жылға дейін дамыту Агрокартасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын бекітіп, аграрлық ғылымның озық жетістіктерін кеңінен пайдалануды бастадық, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі көр­шілес Қытайда сұранысқа ие соя тәрізді жоғары өнімді дақылдарды өсіру агроөнеркәсіп кешенінде экс­порттың үлесін ұлғайтатындығын атап өтті. Шиелі ауданында өткен жылдан бас­тап «Ақмая смарт ферм» интеллектуалды технологиясын қол­дану арқылы дақылдардың өнім­ділігін арттыратын нақты ауыл­шаруашылық жобасы іске асырылып отырғанын алға тартты. Жиында тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолдану мәселесі де шет қалмады. Сон­дай-ақ мамандардың айтуынша, көктемде топыраққа түскен ылғалды сақтай отырып, аквасорбенттерді қолданған тиімді. Пайдалы әдіспен Қара­тау беткейінде бос жатқан жерлерге малазықтық дақылдарды егу­ге болады. Ол өз кезегінде, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықтарды құ­нар­лы мал азығымен қамтамасыз етеді. Бұл мәселеде аймақ басшысы жаңа алқаптарға су жеткізу инфра­құрылымын мемлекеттік-жеке әріп­тестік негізінде жасауға шақырды. Мемлекет кеткен шығындарын ке­зең-кезеңімен 3-4 жылда қайтарып бе­ре­тінін, тамшылатып суару жүйесін енгізген жағдайда, оған жұмсалған шығынның 30 процентін мемлекет субсидиялайтынын мәлімдеді.
Шарада облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов пен аудан әкімдері егін жинау науқаны барысын баяндап, шаруа қожалықтарының басшылары әртүрлі дақылдарды өсірудегі тәжірибесімен бөлісті. Келелі кездесу соңында облыс басшысы алдағы уақытта  аграрлық сектордағы ықтимал қауіптерді ескере отырып, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажет­тілігін атады. «Жаңажол» шаруа­шылы­ғының егіс алқабын аралап, егін орағын бас­тау рәсімін өткізді. Диқандар дәстүрі бойынша Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова жиналған жұртшылыққа батасын берді.
***
Түс ауа сапар Байқоңыр қаласында жалғасты. Мұнда облыс басшысы құры­лысы жүріп жатқан көпқабатты үй­лер­дің, газдандырылған әлеуметтік нысандардың және Қазақстан азаматтарына арналған медициналық ұйым жұмысымен  танысып, жұлдызды қала­ны дамыту мәселелеріне арналған жиын­ға қатысты. Ауқымды шарадан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыс­тық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі қоғамдық бірлестік өкілдері мен кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың және қаржы институттарының басшылары, «Роскосмос» және «ЦЭНКИ» мемлекеттік корпорациялары бөлімшелерінің басшылары да табылды.
– Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. «Бәйтерек» бір­лескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақ­сатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы  №1 алаң­да ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды. Бүгін біз осыған дейін межеленген жоспарлардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, үкіметаралық комиссияның алдағы кездесуінде қандай мәселелерді қарас­тыратынымызды талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді кездесуді ашқан облыс әкімі.
Осыдан біршама уақыт бұрын «Байқоңырдың болашағы бар ма?» деген сауал жиілеп, келешегiне күмән­данушылар табылды. Бірақ, дау­рықпа әңгімеге дауа болар жобалардан соң мәселе мәнісі ашыла түскендей. Қазір мұнда ұзақ мерзімді даму бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау күн тәртібіндегі мәселеге айналғанын байқадық.
– Байқоңырда ұзақ мерзімді бағ­дар­ламаны іске асыру бойынша ау­қымды жұмыстар жүргізілуде, де­­ген­­мен, қала бюджеті барлық мәсе­лелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз. Ресей Федерациясына қа­расты қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қала Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, даму шығындары да облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік, – деді облыс әкімі.
Жиында қаланы абаттандыру­ды қаржыландырудың  негізгі көзде­рін анықтау мәселесі де көтерілді. Осыған орай облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­ма­сына Қаржы, Ұлттық экономика, Қор­ғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласы­ның дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және ҚР-ның бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.
Шілде айындағы іссапар барысын­да ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рого­зинмен  ресейлік және қазақс­тандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігін айтқан болатын. Аталған мәселе төңірегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жо­­ба­­ларды жүзеге асыру туралы Аэро­ғарыш комитеті төрағасының орын­­басары Ғалымжан Данбаев баян­дама жасады. Сондай-ақ, отырыста мем­лекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстар жайлы тар­қатып айтты.
Еске салайық, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады, қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға да қол қойылды. Қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен  көппәтерлі 5 үй­дің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техника-экономикалық негіз­демелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп біті­рушілерінің ҰБТ-ны тапсыруда қиын­дықтарға тап болмауы үшін қазақс­тандық білім беру стандартына көш­кені де баршаға мәлім.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімдігіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту шараларына арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
 
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
06 қыркүйек 2018 ж. 1 439 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 80

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930