Қызылордада көмір тапшылығының алдын алу қарастырылады
Биыл Қызылордада жергілікті басшылық көмір тапшылығының алдын алуға ертерек кірісіп кетті. Өткен қыста жергілікті тұрғындар бұл жөнінен біршама қиындық көрген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыс айларында облыста көмір тапшылығы орын алды. Оның құны біршама көтерілді. Алған көмірдің өзі дұрыс жанбай, жергілікті жұрт тарапынан реніш туындаған еді. Осыған орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол кезеңде аталмыш жай-жапсарды сынға алып, тиісті атқарушы органдарға нақты тапсырма міндеттеген болатын. Алдағы қысқа қажетті көмір қоры - 264,9 мың тонна. Оның ішінде 57,8 мың тоннасы әлеуметтік-мәдени нысандарға қажет болса, қалған бөлігі жергілікті тұрғындардың мұқтаждықтарына жұмсалады. «Қазіргі таңда әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға жеткізілетін көмір қорының кестесі әзірленді. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап облысқа көмір жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын-ала келісімі бар көмір жеткізушілер уақытылы алып келеді деген сенімдеміз. Көмір тапшылығын болдырмау мақсатында қажетті іс-шаралар қолға алынып жатыр. Қазір оның бағасы 15 пайыза төмен», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары. Облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу маусымына дайындығы уақытылы және сапалы өткізу мақсатында облыс әкімінің өкімімен облыстық шатбтың құрамаы жасақталды. Нәтижесінде іс-шаралар жоспары бекітілді.