Халықтың әл-ауқатын арттыру - басты бағыт
Қазақстан Республикасының Президенті өз міндетіне кіріскеніне көп уақыт өтпей-ақ біршама ауқымды істерді қолға алды. Оның ішінде бұқара халықтың тұрмыс деңгейін жоғарылату мақсатында аянбай тер төгіп жүргенін көріп отырмыз. Елдегі маңдайалды партияның өкілі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемел саясаты ізінен ерген халықты өркениеті қанат жайған келешекке бастайды деп сенемін.
Осы сәтке дейін Мемлекет басшысы өнім сапасын арттыру саласына ел Президенті ретінде баса көңіл бөлетінін айтқан болатын. Сондай-ақ халықтың, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жиынтығына да назар аударды. Мәселен, елімізде 1 маусымнан бастап бюджет саласының жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке көбейтілді. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің шарттары өзгеріп, оны алушылар саны 3 есеге дейін артты. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1,5 млн адамды қамтыған. Аталған 291 мың отбасыға жәрдемақы төлеуге 202,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл үлкен тәуекелмен қатар ел азаматтарына жасалынып отырған көлемді көмектің көрінісі.
Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы бағдарлама да өте құптарлық іс. Бұл бастамаға «Nur Otan» партиясы да өзіндік үлесін қосып келеді. Оны индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің: «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу және сатып алу қарастырылған. 7 жыл ішінде 40 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Биыл мамыр айынан бастап 1610 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді”, – деген сөзінен анық байқауға болады.
Қалың жұрттың қамы үшін қолға алынып жатқан мұндай бағдарламалар тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне, халқының бақытты ғұмыр кешуіне жұмыс істейді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да экономикамызды қарыштататын жобаларды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікпен атқарып шығамыз деп ойлаймын.
Қасықырбек МӘМБЕТЖАН
«Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары