Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Серт пен Сенім қоғам дамуының негізгі локомотиві

Серт пен Сенім қоғам дамуының негізгі локомотиві

Қазақстан Президентін ресми ұлықтау рәсімі еліміздің тәуелсіздік тарихындағы жаңа бір формациялық даму жолын көрсетіп берді. Президент онда ел дамуының алдына 10 міндет қойып, айшықты қадамдарды белгіледі. Мақсаттың түп-қазығы стратегиялық маңызы бар, елдің бет-бейнесі, айнасы болатын және даму мен болашағымызды айқындайтын құжат болып отыр.

Қазірдің өзінде билік пен қоғамдық сананың транзиті басталып кетті. Бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, сенім мен сыйластық керек. Әр адам өз орнын білгені шарт. Бұл туралы Конфуций: «Әр адам өз ісін атқара білсін. Билеуші ел билесін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сыйластық жойылады, ел ішін алауыздық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұшқыннан басталады..» дейді. Рас, емес пе?

Ел адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген саяси, экономикалық, рухани салалардағы түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде сезініп отыр.

Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы негізгі мақсаты өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуынан тұрады. Оның негізгі құралы сол қоғамдағы қолданыстағы заңның пәрменділігі. Заңға – заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілікті істерге бастайтыны анық. Халықтың өмірі мен қазынасына байланысты деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керек. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Сондай-ақ өз өмірін немесе басқа адамның өмірі мен мүлкін айыру құқығына ие бола алмайды. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша жұмыс атқарып отырған атқарушы билікке қоғамның кез келген мүшесі бағынады.

Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында, эконо­микалық реформалармен қатар, көптеген саяси әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптаспаған жағдайда өркениетті нарыққа өту де мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі басты қағида – адамдардың еңбекке қатынасы болу керек. Әр адамның өзі үшін өзі-ақ жасай алатын және жасауға міндетті шаруаларын үнемі мемлекеттің атқарып бергендігі оларға көмек болмайды. Әрине бұл жан-жақты ескеретін тұсымыз.

Кезінде бүкіл әлемді аузына қаратқан Маргарет Тэтчер: «Мен ел басқаруға мынадай нақты бағыт ұстанып кірістім, яғни, ағылшындар қоғамындағы әрбір адам басқа біреуге қарап алақан жайып отырмайтын, өзінің ертеңгі күніне деген сенімі зор кәсіпкер болуы тиіс; «маған ананы бер, мынаны бер» деген сұрамсақтықты тас­тап, «бәрін де өзім жасап аламын» дейтін іскерге айналуы тиіс; қалғып-мүлгіп отыратын әдетін тастап, өзіне өзі «тұр да ілгері жүр» дейтін деңгейге жетуі тиіс» деп жазған еді. Біздің Президент те өз халқын осындай деңгейде көргісі келеді.

Адам құқықтары – ең жоғары мәдени құндылықтардың бірі. Себебі ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айрықша тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік тақырыбы болды. Қоғамда орын алып отырған келеңсіздік – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының ал­шақ­тығы, ұлттық байлықтың тең­дей және әділ бөлінбеуі, азаматтар құқықтарының толық қорғалмауы, заң­ның өз шеңберінде орындалмауы дамуымызды кейінге ысырып барады. Президент: «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті әділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек... Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарамай әр азаматтың мүддесін қорғау», – деді. Қоғамға сенім мен келісім керек деген де біз осыны айтсақ керек.

Президент бұл бағытта елдің қазы­насына бөгденің қол сұқпауын қатаң талап етіп отыр. Бұл – мемлекеттің қазы­насы халықтың табан ақысы, маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. Ұрыны ұстасаң, дереу әшкере ет. Бүгіп қалсаң, өзің де ұрысың деген Махмұт Қашқаридың сөзімен сабақтас келеді.
Қазақстан Президенті елімізде Қоғам­дық сенім ұлттық кеңесі құрыла­тынын айтып, оның алғашқы отырысы тамыз айында өтетінін мәлім етті. Жалпы, Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мақсат-мұраты не? Ол туралы әлі жарытымды ештеңе білмейміз. Бірақ бұл жөнінде кесімді Ереже дайындалып жатқан болар.

Соңғы сайлаудан кейін ел ішінде дүмпу көбейді. Аттандаған ұраннан құлақ тұнады. Өкпе көбейіп, тіл табысу мүмкіндігі шекарасынан асып әрең басылды. Оған сырттан дем берушілер бар дестік. Данышпан Лао Цзы: «Егер кім де кім елге күшпен иелік еткісі келсе, ол ешқашан мақсатына жете алмайды» депті. Осы тұста бір айта кететін мәселе – Батыс бізге тек қана мәдениеттің ғана емес, сонымен бірге саясаттың сурогаттарын да таңғысы келетінін естен шығармағанымыз абзал. Солардың бірі – жоғарыдағы демократия. Сайып келгенде, Ұлыбритания, Америка, Гонконг, Сингапур олар әу бастан меритократия жүйесіне ауысып кеткен. Меритократияның негізгі мәні интеллектуалдардың билігі дегенді білдіреді. Біздің елімізде де осындай жүйе қалыптасқан, біздің ұлттық мүддеміз үшін осы жүйені ары қарай дамыта беру қажет. Ал миссияның бастамашысы ретінде «Nur Otan» партиясын тану керек сияқты. Партия оны онсыз да түбегейлі атқарып келеді. Партия – бұрыннан азаматтық қоғамның визиткасы ретінде танымалдыққа ие.

Рас, ақиқат айтыстан туады. Жоғары­дағы Кеңес осы жоқтың орнын толтыратынына сенеміз. Мысыр елінің белгілі ғалымы Абу Хуейни: «Шеру – ешқандай шешімге әсер етпейтін шара» депті. Бүгінде көпшіліктің «туннельдік ойлау» жүйесі басымдық сипат алып отыр. Жоқты іздеуге, шағып сөйлеуге әуестігіміз бар. Бірақ эмоция – ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы бола алмаған. Әйтсе де демократия және азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелеріне байланысты бұған дейін елімізде Тұрақты Кеңес жұмыс істегенін білеміз. Бірақ ол кезінде өз жұмысын тиімді атқара алмады. Оның негізгі міндеті – саяси диалог пен медиация алаңы болу керек еді. Саяси философияда диалогтың төрт түрлі анықтамасы бар. Алғашқы диалог – ақиқатқа жетудің жолы. Екіншісі, өз әріптестерін мүмкіндігінше өзінің ығына көндіруге тырысатын диалог. Үшіншісі, тек жеңіске жетуді көздейтін диалог. Төртінші диалог – елімізде демократия бар, пікірталастар жүріп жатыр деумен шектелетін диалог.

Құрылуынан тарқатылуы тез жоғарыдағы Тұрақты Кеңес сол тұста сындарлы диалогқа айналуы тиіс еді. Ол «елімізде демократия бар, пікір алаңы ашық» деумен ғана шектелді. Осы көзқарас шылауында диалог – диалог үшін жүргізулермен тынды. Екінші жағынан Кеңес – Үкімет жанындағы қатардағы бір комиссия болып шықты. Сонымен оның биік мәртебесі төмендеді. Осылайша демократияны қолдайды деген Кеңес, демократияны сыйламайтын кеңеске айналып шыға келді. Бұл өркениетке ұмтылған демократиялық елге тән құбылыс емес еді. Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздеп отыр. Жұрттың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағыну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заңдарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр.

Әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда басында бас­панасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демократияның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кәсіби біліміне, өзінің интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұру қажет. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт саяси катаклизмдерді бас­тан өткерудің қажеті жоқ.

Ой, ұсыныс дұрыс болса, оған үркіп қараудың қажеті жоқ. Елімізде саяси плюрализм бар. Тек мәселе ашық, қоғамға пайдасы тиетіндей болу керек. Мәселе үндемегеннен өліп жатыр. Бізде қалай? Президенттің алдында жақсы жақтарын айтып, есебін сәтті беруге бойымыз үйреніп алған.

Бізге, ең біріншіден, жергілікті жер­­лердің өзін-өзі басқару жүйесін қалып­тастыру керек. Ол – әзірге қоғам­дағы өте әлжуаз буын болып тұр. Қоғамдағы әлеуметтік, гуманитарлық ахуал да осы ортада нақты орнықпаған. Ұзақ уақыттар бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент басымдық беріп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады» деп нақтылап айтып берді.

Қоғамдық мақұлдауды алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда осыны меңзеп отыр. Бұл бастама – азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы, парасатты азаматтарды мемлекет мүддесіне тарту керек.
Қоғамдық кеңеске енетін адамдарды таңдап, іріктей білу де аса маңызды шешім. Оған халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын, сындарлы, елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері енгені абзал. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Президент өз сөзінде Кеңеске саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдерінің қам­тылу қажеттігін айтуы көңілге сенім ұялатады. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім сыйластығы керек. Сыйластық жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог берік орнайтын болады.

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне әртүрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда мойындауға тиісті ақиқат – кез келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек өркениет табысына ортақтасусыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын жапон елі де осы жолдан өткен. Бірақ жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трактатын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың бас­ты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмияндары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлай­тынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспеншіліктің суынуы, жеке мүд­делердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал оған жол беруге болмайтын еді.

Мемлекет көбіне билік басындағы азаматтарына қарап бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен сабақ үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл – Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Күншығыс елі техникалық дамуға ден қойса да, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.

Біз осының бәріне шамадан тыс еркіндік сыйладық. Жаһандану, нарықтық экономика кейде шектен тыс либерализмге бағытталған үгіт-насихат технологиялары екенін ескермедік. Екінші жағынан ұлттық сана-сезім мен жалпы дәстүрлі діни дүниетаным құндылықтарын пар­ша-паршасын шығаруға жетелейтінін ескермедік.

Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Президент жастар жылы аясында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резервін» қалып­тастыру туралы тапсырма берді. Бұл өте құптарлық саясат болып отыр.

Идеологиямыздың негізгі мақсат-мұраты – қоғамды ыдыратпай біріктіруге, әлеуметтік жікшілдікке, ұлттың, мемле­кеттің бірлігіне сына қағушыларға қарсы күрестен тұрады. Алайда бұл істе идеологияға иек артпау – қоғамның әлсіздігін ғана көрсетеді. Демек, бұл мақсат аясында бізге мықты ұлттық идео­логия керек. Ал ол ұлттық идеологияны ана тіліміз төңірегінде қалып­тастыруымыз керек. Өйткені тіл – қаты­нас құралы ғана емес, басқару өнері.

Бүгінгі таңда Қазақстанның гумани­тарлық картасы мүлдем өзгерген. Қазақ халқы – негізгі динамикалық күшке айналып отыр. Өзге ұлттар мен ұлыстар өздерінің дамуына мүдделі болса, бұл ретте біріншіден, қазақ ұлтының маңына топтасу қажет деген ұғымды қалыптастыра беруіміз керек. Осы үрдісте мемлекетті қалыптастырып отырған ұлт негізгі локомотив ретінде бәсі биік тұруы тиіс.

Реформалар жасау қашанда қиын болған. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партия­сының басына реформаторлардың тың жаңа буыны келіп отыр. Сондықтан даму бағытының шырағын осы жаққа бұруымыз таптырмас құралға айналмақ. Осының бәрін әкімшілік ресурсқа ысырып тастамай-ақ, алып саяси күшке айналдыруға мүмкіндігі бар ұйым – «Nur Otan» партиясы. Дәл бүгін партия бастауымен Президентімізді барынша қолдап, көмектесуіміз қажет.

Мнажадин ӨТЕЕВ,
«Сыр Маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты
02 шілде 2019 ж. 946 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930