Ғашық болып қалсаңыз...
Ақын Абай айтқандай, «Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған» бойдақ кезеңде әркімнің-ақ ел кезіп, қызық қуатыны, қызық қуып жүріп қызға жолығатыны жасырын емес. «Асықтық та - жүректің ісі», - деген Абай атамыз 14-қара сөзінде. Иә, Жаратушы Иеміз әу бастан-ақ ер мен әйел етіп жаратып, арасына сүйіспеншілік пен мейірім орнатып қойғаннан кейін Жаратқанның табиғатына ешкім де қарсы келе алмайды. Сүйеді, ғашық болады. Сондықтан да ақын Абай: «...Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, мен не болсам болайын, сен аман бол», - деген. Ал сыршыл ақын М.Жұмабаев «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін» - деп жырласа, М.Мақатаев: «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға, мен болмасам болмайын, сол аман ба?» - деп сүйгені үшін алаңдап, оның амандығына тілекші екендігін білдірген. Демек, мұның барлығы ғашықтықтың аса маңызды, жауапкершілігі мол әрі нәзік мәселе екендігін көрсетеді. Алайда,
Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар,
Кездейсоқ кездесулер, қоштасулар, - деп ақын Қалқаман Сарин жырлағандай, кездесулер мен қоштасулардың соңы от басуға ұласып жататын жағдайлардың да кездесіп қалатынын көріп жүрміз. Мұның себебі неде? Неге сүюдің ақыры жек көрушілікке, асықтықтың соңы азапқа кеп тіреліп жатады?
1. «Қиқу қыздырғанмен, оздыра бермейді...»
«Қиқу қыздырғанмен, оздыра бермейді». Бұл –Мұзафар ағамыздың сөзі. Ақыл айтып, біреуге жол үйретер жаста емеспін, бірақ өзім қатарлы жастардың арасынан бармақ тістеп, баз кешіп жүрген ұл-қыздарды жиі көзім шалады. Бүгін ғана ойнап-күліп, тату-тәтті болып жүрген жастардың ертең адал жар, жауапкершілігі мол айбынды азамат бола алмай, бір-бірінің алдында қадірі кетіп, абыройсыз боп жататыны, жетімдердің көбейіп, кінәсіз сәбилердің қоқысқа лақтырылатыны, қыздардың теңін тауып, абыройымен ұзатыла алмайтыны немесе аналар үйін паналауға мұқтаж боп қалатыны, ұлдардың жауапкершіліктен жұрдай босбелбеу болып кететіні ... Осының бәрінің бір ғана себебі бар. Оны сіз де білесіз. Ол – некеге дейінгі танысудың, сөз байласқанға дейінгі қарым-қатынастардың шариғат шеңберінен шығып кетуі. Міне, сол себепті де құлының нені қалап, нені қаламайтынын, оған ненің пайда, ненің зиян екенін бәрінен де артық білетін Дана, Бәрінен Хабардар Жаратушы Иеміз адамдарды құрдымға апаратын барлық жолдан тыйып, шариғатта отбасын сақтап қалудың көркем үлгілерін көрсеткен. Егер сәл ойлансаңыз, Мейірімі күшті Алланың осы тыйымының астарында үлкен қамқорлық, есепсіз пайда жатқанын анық көресіз. Кезінде Мұрат Мөңкеұлы осы жайды меңзеп,«Қарап тұрған жігітке қыз артылар» - деген...
2. «Ұл ұяты – әкеге...»
Аяулы құрбым, жасы үлкен ағам, бауырым! Түсінемін, сен қайта айналып келмейтін жастық шағыңды барынша қызықты өткізгің келеді. Бірақ қызық деген сол ма? Қызық деген - ата-анаңның, отбасыңның амандығы, олардың сені мақтан тұтқаны емес пе? Мысалы, жазушы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» деп аталатын повесін оқыған болсаң, сондағы көркі көз тойдыратын сұлу Шұғаның ұнатқан адамына отаудың сықырлауығынан ешкімге білдірмей сығалап тұратындығын байқайсың. Ал бұл аз ғана детальдың астарында қазақы болмыс, тәрбие жатыр. «Ұл ұяты – әкеге, қыз ұяты - шешеге». Қыздың шалыс басып, қателікке ұрынуы, ең алдымен, ата-анасының, аға-әпкелерінің, туған-туысының бетіне салық болады. Себебі, ұлдың ұлағатты, қыздың көргенді болуы, ең бірінші, отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеге байланысты. Сондықтан, өмірде ең көп ұтатын адам - «ақырын жүріп, анық басқан» адам.
3. Отбасының тыныштығы – Отанның тыныштығы
Отбасы – ол да бір шағын Отан екенін білеміз. Ал қыз бен жігіт арасындағы жауапсыз сезім, жасанды қылымсу, жасанды сыйласудың артында не тұрғанын білесің бе? Иә, ойрандалған отбасылар санының артуы тұр. Осыдан кейін «Үйленгенше сезім керек, үйленген соң төзім керек», «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді ғой», - деген секілді кінәласулар көбейеді. Әр отбасы – Отан деген алып ғимаратты құрайтын кірпіш. Ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер құдалар мен рулар арасындағы келеңсіздіктерге алып келіп, олардың бірлігі мен берекесіне сызат түсіреді. Міне, қателіктің зардабы. Ал кешегі Мағжан Жұмабаевтай ағаларымыз «Иман күшті оларда», «Жаннан қымбат оларға ар, мен жастарға сенемін!» - деп жас буынға үлкен сенім артып кеткен.
Осы орайда болашақтың іргетасын бірге қалаймыз деп бір-біріне серт берген екі жаста «енді не істемек керек?», «сонда қалай қылсақ дұрыс болады?» дейтін сұрақтардың болатыны заңды. Сондықтан да бір-бірін ұнатқан қос ғашыққа мына кеңестерді айтамыз:
Қос ғашыққа қос кеңес:
1. Ер мен әйел арасындағы қатынастың маңызды әрі нәзік болатындығы себепті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шамасы барларғаүйленуді, үйленуге мүмкіндігі жоқтарға ораза ұстауды бұйырған.
2. Қазақта сырға салу, ұрын бару, айттыру сынды жоралғылар бар. Қос ғашық айттырып қойылғаннан кейін өсектен, дұшпанының табасынан, шайтанның азғырылуынан аман болады. Бұл өз кезегінде қыздың да, ұлдың да абыройының сақталуына септігін тигізеді. Айттырылып қойған жастар, әлбетте, үйленеді. Ата-ананың батасын алып, үйлену – әрі сүннет, әрі күнәдан алыстау. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Некеде береке бар. Үйленген адамға ризықты Алла өзі береді. Демек, сізге айтар кеңесіміз сол – үйленуге шамаңыз келсе, қам жасаңыз. Бірақ жар таңдау мәселесінде өзіңізді жоқтан бар етіп жаратқан Алламен ақылдасқаныңыз, яғни истихара намазын оқып қайырлысын сұрағаныңыз абзал. Себебі, ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте:«Истихара оқыған адам ұтылмайды, ақылдасқан адам өкінбейді, үндемеген адам тарықпайды», - делінген (Табарани, 6/365).
Бәріміз де күліп-ойнап, қаншама уақыт бірге жүріп, ақыры келісе алмай жолдары екіге айырылған талай оқиғалардың куәгері болып жүрміз. Болмайтын іске кеткен қайран уақыт, қайран энергия, қайран ақша деп жаным ашиды кейде. Сүйіктісіне құшақ-құшақ гүл алған жігіттердің өз аналарына бір талын да қимайтыны тағы бар. Осының бәрін ескере келе қыз бала мен ер баланың арасында ұнату, махаббат дейтін нәзік cезімдердің болатыны заңды. Бірақ ол
Жолы деп шариғаттың ғамал етсе,
Инша Алла, сол уақытта азбас халық, -
деп Әбубәкір Кердері атамыз айтқандай, шариғатқа сай болса ғана құба-құп деген ой айтамыз. «Бұйрықсыздың бәрі - харам, Шариғатқа сыймаса», - деген Шортанбай Қанайұлы. Демек, шынайы сезім деген – жар салып, жария қылу емес, ол екі жастың, ең алдымен, араларына мейірім орнатқан Алланы естеріне алып, баянды, берекелі өмірге қарай қадам басуы, соған талпыныс жасауы.
Абай өзінің 43-қара сөзінде: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады», - деген. Ендеше, әр амалымызды ойға салып өлшеп, зерделегеніміз дұрыс-ау.