Бұйырмаған бақыт
Шырт ұйқы құшағында жатқан Шырын шошып оянды. Әдеттегідей телефоны екен. Бейтаныс нөмір. Күнде осылай хабарласады. Танымайтын адаммен сөйлесуге құлқы жоқ. «Кімсің?» деп те сұрамайды. Іштей үнсіз қалады. Бейтаныс та қызық. Мазасын алдым демейді. Түнде қоңырау шалады. Шырын телефонын басып жіберді. Артынша өшіріп тастайды. Күнде осы. Тыным таппайды. Дамылсыз шылдырайды.
Жас келген сайын көңілшек болып барады. Бұрынғы тәкаппар мінез жоқ. Кісі көңіліне қарайды. Қас-қабағын бағады. Отыздан асқанда жалғыздығы жанына батады. Қатарластары болса отбасылы. Үбірлі-шүбірлі. Құрбыларын көргенде көңілі түсіп кетеді. Өзін бақытсыз сезінеді. Жігіт кездеспеді демейді. Небір жігіттің сұлтаны жолықты. Тәкаппар, менмен көңіл оларды ұнатпады. Қазір сол сөз салған жігіттер Шырыннан бақытты. Тәп-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл сияқты қос тізесін құшақтап жалғызсырамайды.
Бірде Шырын базарға барды. Азық-түлік қатарына өтті. Кенет... көзіне таныс бейне оттай басылды. Асылбек... Қатты өзгеріпті. Ұзын бойлы жігіт өзі келіп амандасты. Таңырқай бетіне қарап қалыпты. Студенттік жылдардағы досын көріп, жүрегі елжіреді. Бойын беймәлім сезім баурап алды. Сөйтсе, көңілі суымапты. Қыз әлі жақсы көреді екен.. Асылбек ірі қызметте көрінеді. Бұрынғыдан гөрі ашылған. Сөзшең. Өткен-кеткенді айтып, сөзге қонақ берер емес.
– Әскери жігітті іздеген досым-ау! Жігіт таптың ба? – деп әзілдеді. Бұл сөз Шырынға ауыр тиді. Жай ғана күлімсіреді. Досы ағынан жарылды. Қалжыңы да таусылмайды.
– Сені көрмеген жігіттің көзі соқыр. Мынандай қызды елемеу күнә! Маған күйеуге тигенде, бес балалы жан болар едің, – деп тағы да қағытты. Не керек, екеуі ұзақ сыр шертіп, шай ішті. Шырынның көңілі серпіліп қалды. Досы демалыста екен. Оны-мұны алуға базарға келіпті. Әйелі қандай бақытты! – деп қызықты іштей. Соны мен бағалаған жоқпын. Ақымақпын-ау деп өзін жазғырды.
Шырынның өмірі қараңғы қапас сияқты. Жұмыстан кейін үйінен шықпайды. Бұрынғыдай сыртта серуендеп, бой жазбайды. Бір өзі ой қоршауында қалады. Алдағы өмірін ойлайды. Осылай жалғыз қаламын ба деп тұнжырайды. Ата-ана, туыстары алыста. Сонау алыс ауданның бір түпкірінде. Жылына ат арылтып бір барады. Үйдің табалдырығын аттағаннан анасы әңгіме бастайды. Жалғыздықтың жақсы емес екенін, серік табу қажеттігін айтады. Қайтқанша анасының айтатыны осы. Қайдағы жоқты еске салып, тығырыққа тірейді. Қыздың ана сөзінен жаны ауырады. Ескі жарасының орнын шұқи бергеннен не өзгереді? Дені дұрыс адам болса қанекей! Көзін жұмып, етегінен ұстамай ма? Әттең...Сол 21-22 жаста болса. Бәрін қайтадан бастайтын еді. Мүмкін Асылбек жолдасы болар ма еді, кім білсін?
Не керек, екеуі шәй ішіп, ұзақ сырласты. Соңында бір-бірімен телефон алмасып, қимай қоштасты. Бірнеше күннен соң, досы хабарласты. Бір-бірін тосырқамады. Екеуінің әңгімесі жараса кетті. Шырынға жақсы болды. Бұрынғыдай үйдің төрт қабырғасына қамалмайды. Досымен жолығады. Сырттағы кафеде бірге тамақтанады. Екеуінің жолығуы, кездесуі жиіледі. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын Шырын да біліп жүрді.
Бірде кешке телефоны «әндете» жөнелді. Нөмір Асылбектікі. Бірақ тұтқаны көтергенде әйелдің ащы дауысы шықты.
– Ұятсыз екенсің! Біреудің күйеуінде нең бар? Еркек құрып қалды ма? Енді Асылбектен аулақ жүр! – деп дікектемесі бар ма? Шырынның жүрегі аузына тығылды. Бәсе, өзі біліп еді. Осындай айқайдың боларын. Тұтқаны үнсіз қоя салды. Сонан бастап, досы екеуінің арасы алшақтады. Телефонмен сөйлесу, кездесу сап тыйылды. Асылбекпен қарым-қатынасын үзгеніне біраз болды. Алайда Шырынға бейтаныс нөмірмен қоңырау салатын біреу пайда болды. Беті қайтып қалған қыз оған жауап бермейді. Ар жағынан Асылбектің әйелі ұрсатындай көрінеді. Жұмбақ нөмір де әдетінен жаңылмайды. Түн ортасы ауғанда мазалайды. Қазір Шырынның оған еті үйренді. Ашуланып, күйгелектікке салынбайды. Солай болуы тиіс дегендей үндемейді. Ал бейтаныс нөмір... Асылбектікі ме, әлде әйелінікі ме?.. Ойлауға да, білуге де қорқады.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛОВА