Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерте тұру ырысты еселей ме?

Ерте тұру ырысты еселей ме?

Дұрыс ұйқы – дұрыс өмір кепілі. Сергектіктің серігіне баланатын ұйқыдан ерте тұрудың тигізер ықпалы туралы білетініміз қайсы? Білмейтініміз бар ма? Тақырып туралы басқа халықтардың пікірі қандай?

Техникалық мүмкіндіктерге иек артып, қалалық тұрмысқа бейімделген көбіміз, өкінішке орай, жұмыс күндері амалсыздықтан болмаса, демалыста күн шыққан соң, кеш оянуды әдетке айналдырғанбыз. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген бабалар оның тиімділігін бағзыдан бағамдап, мәселеге салмақпен қарауға шақырған. Иран фольклорында «Ерте тұрған адамның мақсаты да ерте тұрады» деген жолдар кездессе, қытайлықтар саналарын «Ұйықтап жатқан адамның бақыты да бірге ұйықтап жатады» деген нанымға сендірген.

Ежелгі веда өркениетінен бастау алған адам денсаулығын нығайту жөніндегі байырғы ілім – аюрведа от, су және ауа сынды жердегі уақыт үш элементтің ықпалында болатынына сендіреді. Аталмыш жүйе бойынша сағат 10-ға дейін ұйқыға жатып, таңғы 6-ға дейін ояну қажет. Себебі бұл уақытта от элементі үстемдік етеді. Ол кезде адамның асқазаны белсенді жұмыс істеп, ас қорытылады екен. Ал 6-дан кейін су элементі келетіндіктен, ол еңсені басып, бойыңыз ауырлайды. Бұл кездегі ұйқыдан адам тынықпайды, керісінше, шаршап тұрады.
Орыс халқының «Утро вечера мудренее» дейтін мақалы барын ойға алсақ, кешкілік шаршап тұрғанда адам санасына жақсы ойлар келе қоймайтынын түйіндейміз.

Әлемнің бірінші ұстазы саналатын Аристотель: «Энергияның көп бөлігі таң алдындағы уақытқа тиесілі. Мен жарық түскеннен кейін оянғанда, әлем менсіз өмірін бастап кеткенін сеземін», – десе, Терри Гиллеметс «Таңсәрінің аузында алтын бар» дегенді айтады. Бұл мысалдар ерте тұрудың пайдалылығы барша халықтарға ортақ екендігінен хабардар етеді.
Ұлылардың өмірлеріне бойласақ, жетістікке жеткендер қатарында ерте тұрғандар көп екенін аңғарамыз.

Атақты Оноре де Бальзактың кестесі кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Жазушы кешкі сағат 6-да жатып, түннің жарымына дейін тынығып, таңғы сағат 8-ге дейін жұмыс істеп, онан кейін 1,5 сағаттай көз шырымын алуды әдетке айналдырған. Түн ортасына дейін көз ілмесе де, таңертең 7-де оянып, серуенге шығатын Чарльз Дарвин өзіне жаңа ойлар осындай уақытта келетінін естеліктерінде қалдырған. Күндізгі ұйқыны жоғары бағалаған Уинстон Черчилль кеш жатып, ерте тұрған. Черчилдің парламент ғимаратының артқы жағында арнайы кереуеті болған деседі. Ол тіпті соғыс кезінде де күндізгі ұйқысына уақыт бөлген. Таңғы сағат 4-те ұйқысынан оянып, кешкі 10-нан кешікпей жатуды әдетке айналдырған Бенджамин Франклин күніне 6 сағат ұйықтаған.

Вольвганг Амадей Моцарт түн ауғанша шығармашылықпен айналысса да, сағат 6-да тұрып, сүйікті ісімен шұғылданған. Композитор туындыларын түске дейін ғана өндіртіп жазған көрінеді.
Білетіндердің айтуынша, күніне 40 саптаяқ кофе ішетін Вольтер Вольтердің тәуліктік ұйқысы 4 сағатты құраған. Ол түн жарымында жатып, таңғы сағат 4-те оянуға үйренген. Әлемге «темір әйел» деп танылған Маргарет Тэтчер де тұрақты төрт сағат тыныққанымен, кейде 1,5-2 сағат уақытын ғана ұйқыға бөлетін кездері де болған.
«Uberman» ұйқы тәртібін енгізген Леонардо да Винчи әр төрт сағат сайын алты рет бөліп жиырма минуттан ғана көз шырымын алған. Бұл шамамен есептегенде, 2-ақ сағатты құрайды.

Психолог Лейля Арзахметова бұл жайында: «Психологияда «Ерте тұру – табыс кілті» деген сөз бар. Бұл дәлелденген тұжырым. Бізге қандай да бір өзгеріске бейімделмек болған адам келсе, оларға айтатын алғашқы ұсынысымыз – ерте тұру арқылы өмірді жаңа арнаға бұру.
Таңертеңгі жауапкершілік миыңызды тынықтырып, сәтті және тапқыр идеяларды ойыңызға оралтады, көптеген артықшылықтар бере алады. Әдетте мұндай адамдар жігерлі әрі байсалды келеді. Алға қойған жоспарларыңызға айтарлықтай белсене кірісесіз. Уақытыңыз да жеткілікті болады.
Ал үйдегі әйел адамның бәрінен бұрын оянуы отбасылық берекеге бастайды. Атап айтар болсақ, балаларыңыз бен жарыңыз, басқа да отбасының қосалқы мүшелері тамақтанып, бір-біріне деген ықылас-ынтасы арта түседі. Олар сабақтары мен жұмыстарына уақытылы барып, өзіне деген сенімін нықтайды. Ерте ояну – өзіңізді бағалаудың бір жолы», – дейді.
Дәрігер Ақболат Нұрадинұлы да бұл дағдының денсаулыққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз екендігін айтады.
«Егер сіз таңғы жаттығу жасасаңыз, күні бойы физикалық тұрғыдан өзіңізді белсенді сезінесіз.
Соңғы кезде жас көрінудің бір құпиясы да ерте оянумен байланыстылығы анықталып отыр. Өзіңіз тұратын кезден ерте ояну, мейлінше ерте ұйықтауға көмегін тигізеді. Бұл түнімен тамақтанбай, асқазанды тынықтыруға таптырмас құрал.

Маман ретінде өзім білетін мына қағидаларды оқырмандарға жеткізуді жөн санап отырмын. Ол кофеин тұтыну, ұйқыға 3 сағат қалғанда тамақ ішу, 2 сағат қалғанда компьютер алдында жұмыс істеу, бір сағат қалғанда теледидар көру ерте тұруға зиянын тигізеді. Сондықтан осы әдеттерден аулақ болу, дұрыс ұйықтап, дұрыс оянуға жетелейді», – дейді ол.

«Кішкентай күнімізде әке-шешеміз, тіпті егде жасқа жеткен әже-аталарымыз да тынымсыз жұмыс істейтін. Бірі өрмек тоқып, жүн түтіп, ұршық иірсе, екіншісі жер тырмалап, отын жарып, үйге қолқабыс етіп жататын. Сол кісілердің қазіргідей ауруларға шалдығып жатқанын естімейтінбіз. Заман дамыған сайын, жалқаулық пен масылдық, аурушаңдық белең алып келеді. Қазір қарап отырсам, денсаулықтарының дұрыс болуының бір сыры ерте тұрып, уақытын еңбекпен ұштастыруына байланысты екен. Өзім де осы әдетті дағдыға айналдырғанмын. Ауладағы азын-аулақ жұмыспен бірге серуендеуге де уақыт бөлемін», – дейді еңбек ардагері Кемал Көпжасар.
Ислам дінінде аз ұйықтау – Аллаһ сүйіс­пеншілігінің белгілеріне саналады. Хадис шәрифтің бірінде: «Таңғы ұйқы ризыққа бөгет» делінеді десе, осы бағыттағы кітаптарда бұл мезетте көз ілдіру әлсіздік, жалқаулық, босаңдық және ұмытшақтыққа себеп болатыны, таңғы уақытта ұйықтайтын адам арқа және бел ауруларына шалдығатыны жазылған.

Бұл мысалдар ырзығын таңнан тілейтін адамдар үшін ерте тұру маңызды әрі міндетті қадам саналуы керектігін терең ұғындыра түседі. «Таңғы тілек Тәңірден» деген сөзді қаперге алсақ, ерте тұру арқылы шығармашылық әлеуетті арттырып, бойдағы күшімізді көбейтуге қол жеткізе алатынымызды ұғынамыз. Дұрыс ұйқы – жалқаулықпен күресу, ауру-сырқау мен артық салмақтың алдын алу құралы.

Дайындаған
А.ОСПАНОВА

08 ақпан 2020 ж. 2 419 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 96

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930