Сіз қалай күлесіз?
Шынында да, күлу үшін көп нәрсенің керегі шамалы (бірден айтайын, қытықтауды меңзеп тұрғам жоқ). Мәселен, достарыңызға хабарлассаңыз-ақ жетіп жатыр. Қалжыңы жарасқан құрдастардың күлкісінен артық не бар? Немесе сатиралық шығарма оқыңыз. Комедиялық фильмдер қараңыз. Әзіл-сықақ театрларының қойылымдарына барыңыз. Бұлардың бәрінің түпкі мақсаты – адамды күлдіру. Әрине, ойларында күлдіре отырып ойлантуға тырысу да бар, бірақ олардың басқа өнер түрінен өзгешелігі – өз мақсатына сізді күлдіре отырып жету.
Тіпті болмаса, анекдот оқыңыз, тыңдаңыз. Бұл жанрдың көздегені де – күлдіру, көңіліңізді көтеру. Дегенмен, көпшілік «ең жеңіл де оңай нәрсе» деп санайтын анекдотты айта білу де – өнер. Жасыратыны жоқ, кейде әлдекімдердің «іш пысып кетті, анекдот айтайықшы» дейтіні бар. Мұндай ұсыныстар әсіресе пойызда немесе біреуді күтіп отырғанда жасалады. Бір-бірімен әзіл айтып жарысып отырған адамдардың сыртынан қарап көріп пе едіңіз? Мен көргем: шыны керек, біртүрлі көрініс. Не болса, соған ішек-сілесі қатып жатқан жұрттың есінің дұрыстығына, әлде есірткіге есі кеткендердің сортынан еместігіне күмәнданып-ақ қаласыз.
Ақиқатына келсек, әзіл-қалжыңды «әдейі осыны айтып, бір күлдірейінші» деген мақсатпен айтуға болмайды. Әйгілі Юрий Никулиннің: «Анекдоттың өзін орайы келгенде, сөздің сәтіне қарай, болып жатқан әңгімеге кірістіре отырып айту керек, әйтпесе ол өзінің әу бастағы әдемі әсерінен айрылады», – деген сөзі бар. Яғни, кез келген әзілді де әңгіменің реті келгенде ғана айту қажет. «Темірді қызған кезінде соқ» демей ме...
«Никулин» демекші, оның анекдот жанрын айрықша әспеттеген адам екені белгілі. Ол өзінің әзілге қызығушылығы қалай басталғанын былай әңгімелеген екен: «Бірде жұмыстан кештеу шықтым. Үйдің алдына келсем, бізбен бір подъезде, қарама-қарсы пәтерде тұратын көршім удай мас, тәлтіректеп, баспалдақпен жоғары өрлей алар емес. Жетектеп алдым да, пәтеріне жеткізіп, есіктің қоңырауын бастым. Әйелі ашты. Қараймын: қолында – таба! Көршімнің күндегі тірлігі осы болса керек, әйелінің әбден зәрезап болған түрі бар. «Қанша іштің, қане, мойында!» деп табалдырықтан аттатпай-ақ тап берді. «Әдеттегідей... үш досқа... үш шиша ғой...» деп міңгірлейді тілі күрмелген күйеуі. «Соқ өтірікті! Бір шишадан сен бұлай мәңгіріп қалмаушы едің ғой!» деп анау да қояр емес. Сонда көршім былай деді: «Бүгін ана екеуі келмей қалды»... Үйге кірдім де, қойын дәптеріме осы оқиғаны түртіп қойдым. Менің әзіл жинауға әуестігім осылай басталды. Өмірдің өзі осындай анекдоттардан тұрады ғой».
Күлмегеннің күні қараң...
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызғанның» көкесі – ғаламтордан неше түрлі қызықтарды кездестіруге болады. Солардың кейбіріне бірге көз жүгіртелік.
Қайбір жылы Тайландтың мәдениет министрлігі «біздің халық неге кейінгі кезде аз күлетін болып жүр?!» деп дабыл қағыпты. Негізінен туризмнен түсер табыспен күн көріп отырған елде мұның өзі шынында да күлкілі жайт емес-ті. Соңғы жылдары бұл елге келетін туристердің кеміп кеткені де рас екен. Мұны халықтың ілтипаттылығының азаюынан деп ұққан әлгі министрлік ақыры дабыл қағумен ғана шектелмей, ел тұрғындарына: «Бұған дейін күніне үш рет жымиып келсеңіз, ертеңнен бастап қысқа күнде кемінде алты рет күлетін боласыз!» – деген талап қойыпты. Бұл талаптың қалай орындалғаны, жалпы, елді «күлдіру науқанының» қалай аяқталғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ, бірақ үкіметтік деңгейде қаралған мәселенің маңыздылығына дауласу қиын-ақ.
Ал Малайзияда халайық емес, атқамінерлер айыпты болған көрінеді. Аталған мемлекеттің мәдениет министрлігі «биліктегі қызметкерлердің алдына келген адамдарға дұрыс ілтипат көрсетпейтініне, мүлде жымимайтынына, керісінше, кейде дөкірлік танытып, дөрекі жауап беретініне» налиды. Сөйтіп, жұртқа жексұрын болған 850 мың шенеунікті адамдармен жылы қарым-қатынас жасауды және жымия қызмет көрсетуді үйрететін арнайы курсқа жіберуге шешім қабылдапты!
Мұны оқыған соң, сіздің не ойлап отырғаныңызды да біліп тұрмын, өйткені, өзімнің де ми сауытымды соған ұқсас қиял кезіп жүр: біздің шенеуніктерді де сондай курсқа бір жіберіп алса, артық болмас еді-ау, шіркін! Есігін әрең ашып кіріп, бүкіл мәселеңізді егіліп әңгімелесеңіз де, есінегенінен бір танбайтын, елге күлімсірей сөйлемек түгілі, жетім жымиысының өзін қимайтын, алдына келген жанның жағдайын түсініп, жәрдемін жасау былай тұрсын, «обал-ай» деп ойлануға ерінетін сабаздарға сондай сабақты бізде кім ұйымдастырар екен?..
Екі секундта күлдірмесе – әзіл емес!
Ілім-білім дамыған дәуір ғой, қазір кез келген нәрсенің ғылыми анықтамасы бар. Ал Канадада тұратын украин ғалымы Константин Глинка қарап жүрмей... күлкі формуласын ойлап тауыпты! Расында да, жұртты күлдіретін не құдірет? Неге біз әлдебір анекдотты естігенде күлкіден қырылып қала жаздаймыз, ал құрамы соған ұқсас сөздерден тұратын басқа әңгімеге тіпті де езу тартпаймыз? Бұған К.Глинка тапқан жауап, яғни, күлкінің формуласы мынадай: А + У + ТЖҚ = ӘӘ.
Түк түсінбедіңіз бе? Бұл былай: А дегеніміз – айтылған анекдоттың Астары, У – тыңдаушы адамның оны түсінуге кеткен Уақыты. ТЖҚ дегеніміз – сол айтылған анекдотқа Тыңдаушының Жеке Қатысы, ал ӘӘ – осының бәрін қосқанда туған Әзілдің Әсері. Демек, адам өзі естіген (немесе оқыған) анекдоттың астарын неғұрлым тез ұқса және ондағы айтылған ой өзіне (айналасына, өзі білетін жайттарға, күнделікті таныс тіршілікке) қатысы бар болса – бітті, анекдот сәтті шықты дей беріңіз.
К.Глинканың зерттеуінше, тыңдаушы анекдоттың астарын 2-3 секундтың ішінде аңдамаса, бәрі бекер: осы аз мерзім аясында күлкі тудыра алмаған әзіл – әзіл емес.
«Неменеге жетісіп ыржиямын?»
Әрине, әр адамның әрқалай (біреу қарқылдап, біреу сықылықтап, біреу шиқылдап, біреу әншейін жымиып дегендей) күлетіні секілді, әр ұлттың да күлетін нәрсесі, күлуге байланысты ұғым-түсініктері әрқилы. Мәселен, Ефим Шифриннің әр сөзіне ішек-сілесі қатып жатқан ресейліктерді көріп, таң қаласыз. Қазақ ұғымында оның әңгімесінде күлкілі ештеңе жоқ тәрізді. Сол сияқты, біздің «Шаншардың» концертінде «қырылып» жатқанымызға қарап, өзге халықтардың түк түсінбеуі мүмкін. Қайтесіз, ерекшелік-тағы...
Рас, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Еуропалықтар немесе америкалықтар көшеде көздері түйісіп қалған бейтаныс жанға да жымиюды әдетке айналдырған. Бұл – олардың ашық-жарқындығын аңғартқысы келген амалы. Сұхбаттасына да күлімсірей қарайды екен. Бұл да – «мен сізді өте мұқият тыңдап тұрмын» деген белгі. Ал бізде мұндай түсініксіз жымиюдың қалай қабылданары анық. «Танымайтын адамға қарап күлгені несі, дені сау ма өзінің?» – көшеде бізге қарап жымиған бейтаныс шетелдік туралы ойымыздың шамамен осылай болары белгілі. Немесе әңгімемізді тыңдап отырып күлімсірей берген жанға да аяқ астынан күдігіміз оянып, «осы мені мазақ қып отырған жоқ па?» деп күмәндана бастайтынымыз айқын.
Мұның себебі – біз, қазақтар, көбіне шын күлеміз. Және барлық уақытта дерлік таныс адамдарымызға қарап жымиямыз, күлсек те, солармен әзілдесіп күлеміз. Білмейтін адамдармен байыпты байланыс жасаймыз, әбден сыралғы болып кеткенше ара қашықтықты сақтауға бейілміз. Ал америкалық «ақжарқын ақтісті жымиыс» – көбіне бейтаныстармен тез тіл табысуды жеңілдететін, амандық-саулықтан соң-ақ бірден шаруа жайына ойысып кете қоюға оңай, бірақ негізінен жасанды, «дежурный» күлкі.
Тағы бір ерекшелік: жымию – шетелдерде ақжарқындықтың һәм ауқаттылықтың (яғни, ештеңеге алаңсыздықтың) нышаны. Былай қарағанда, бізде де солай сияқты. «Біреу 9-қабаттан құлап бара жатып, 5-қабаттың балконында темекі шегіп тұрған әлдекімнің сасқанынан «ей, қалай жағдай?» деп салған сұрағына «жаман емес!» деп жауап беріпті» деген әзілді білетін боларсыз? Расында да, қазекең ахуалы кісі аярлықтай болса да, бірден «жаман» деп айтпайды. Дегенмен, қазақтардың жоғарыда айтылған шынайылығы ары қарай жасанды жымия беруге жол бермейді. Хал сұраса келе, оның «кредит төлей алмай жүргені», «мәшинесін соғып алғаны», «баласының оқудан шығып кеткені», «жұмысында проблемалар болып жатқаны» немесе «қарызға батып қалғаны» мәлім бола бастайды. Мұндай жағдайда, әрине, одан «ақжарқын ақтісті жымиыс» талап ету орынсыз: «неменеме жетісіп күлемін?» деп өзіңізге дүрсе қоя беруі де ықтимал.
Бастысы – қандай жағдайға да қарамастан, ешкімге еліктемей, өзіміздің сол шынайы күлкімізді сақтасақ болғаны.
Сәкен СЫБАНБАЙ