Қытайда жаңа минерал анықталды
Фото: ©Pixabay.comҚытайлық геологтар елдің оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында орналасқан Лунхуа никель-кобальт кен орнынан бұрын ғылымға белгісіз жаңа минералды анықтап, оны ресми түрде тіркеді. Бұл туралы Hong Kong 01 агенттігіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Жаңа минерал «цзиньсюй» деп аталды. Ол никель, висмут, сурьма және мышьяк элементтерінен тұратын сульфидті қосылыс болып табылады. Минералды Қытай геологиялық ғылымдар академиясының мамандары ашқан. Кейін Халықаралық минералогиялық қауымдастықтың жаңа минералдар, номенклатура және жіктеу жөніндегі комиссиясы жүргізген дауыс беру нәтижесінде цзиньсюй ресми түрде мойындалды.
Зертхана жетекшісі Янь Цзяюнның айтуынша, цзиньсюй бұрын қалыптасқан никель құрамды минералдардың орнына келу арқылы пайда болған. Бұл процесс кристалдық құрылымның қайта түзілуіне әкеліп, жаңа әрі тұрақты минералдық қосылыстың қалыптасуына себеп болған.
Мамандар Лунхуа кен орнының ерекше бай екеніне назар аударады. Мұндағы кен құрамындағы никель мөлшері шамамен – 17,5%, ал кобальт көлемі 1,5%-ға жетеді. Бұл көрсеткіштер орташа өнеркәсіптік деңгейден шамамен 80 есе жоғары. Осыған байланысты цзиньсюйдің ашылуы гидротермалдық никель-кобальт кен орындарының қалыптасу табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жаңалық стратегиялық маңызы бар, соның ішінде Қытай импортына тәуелді кобальт сияқты ресурстарды іздеуде маңызды серпін беруі мүмкін.
Ғалымдардың пікірінше, жаңа минералдардың ашылуы Жер қойнауындағы экстремалды геологиялық жағдайларда заттардың эволюциясын зерттеуге жол ашады. Сонымен қатар болашақта ерекше физика-химиялық қасиеттерге ие жаңа материалдарды жасауға негіз болуы ықтимал.










