Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлерді жағымсыз "тосынсый" күтіп тұр

Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлерді жағымсыз "тосынсый" күтіп тұр

Еуразиялық одақ елдері ұсақ және шағын бизнестің жолын ауырлата түсті.
Фото: canva.com
Көрші елд Госдума жеке кәсіпкер (ИП) мәртебесін мүлдем жоюды және оның бәрін заңды тұлғаға жаппай трансформациялануға айналдыруды ұсынды.
Ресейлік "Наша Версия" басылымының мәліметінше, бұл идеяның авторы – Думаның Экономикалық саясат жөніндегі комитеті басшысының орынбасары Артем Кирьянов. Депутаттың пікірінше, жеке кәсіпкерлік мәртебесі – 1990-шы жылдардың мұрасы, ескірген жәдігер, тіпті ақшаны жылыстату үшін пайдаланылатын бір күндік фирмалардың сұр схемасы.  
Бұл ретте ресейлік сарапшылар күндіз-түні тынбай еңбек ететін, жаңа жұмыс орындарын құратын, экономикаға ұстын болатын, мемлекеттің жыл сайын ұлғайтқан салықтары мен аударым-жарналарын тұрақты төлейтін адамдарды "өткеннің қалдығы" деп жаппай күстәналауға болмайтынын ескертті.
Ресейлік сарапшылар қоғамдастығы бұл депутаттық бастаманы "экономиканы тұрақсыздандыру қаупі бар үлкен қателік" деп санайды. 
"Бүгінде "жеке кәсіпкер" деп жүрген нәрсе салықты әкімшілендіру мен бизнесті басқарудың ескірген түрі деп санаймын. Бұл 1990 жылдары өзекті болса керек. Сондықтан, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін де пайдаланылатын жеке кәсіпкерлік мәртебесін Ресейде әрі қарай сақтау мүлдем қажет емес", – деді ресейлік депутат Кирьянов.
Бұған дайындық қазірден басталып кетті. Мемдума осының алдында шағын бизнес үшін қосылған құн салығының (ҚҚС) шегін біртіндеп төмендететін заң қабылдады. 2028 жылға қарай бұл шек 10 миллион рубльге дейін азаяды.
Салыстыра кетсек, бұдан бұрын, 2026 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, ҚҚС төлеуші ретінде міндетті түрде тіркелуге арналған шек Қазақстанда бұрынғы 20 000 АЕК-тен 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 000 АЕК-ке дейін екі есе кемітілді. Келесі жылы 1 АЕК 4 325 теңгеге теңелетінін ескерсек, жылдық айналымы небәрі 43 250 000 теңгені құрайтын барлық кәсіпкер ҚҚС төлеуге көшуге тиіс. Бұл сома ресми бағам бойынша 6,5 миллион рубльге барабар.
2025 жылдың соңында Ресейде жалпы саны 4,2 миллионнан аса жеке кәсіпкер болды. Оның бәріне жойылу қаупі төнуі мүмкін.
Ресейлік экономикалық шолушы Александр Кузьмин РФ-тің бергі тарихында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жаппай жойылуы болғанын еске салды. 2013 жылы Ресейде әлеуметтік сақтандыру жарналары екі есеге өсті, содан кейін небәрі 6 ай ішінде РФ 650 000 (!) шағын кәсіпкерлер мен фермерлерден айырылып қалды.
Кәсіби қауымдастықтардың бағалауынша, сонда шағын бизнес жаппай көлеңкеге кетті. Содан соң 2014 жылдан Ресейде экономикалық құлдырау басталғаны белгілі. Дағдарыс әлі күнге жалғасуда.
Жеке кәсіпкерлік режимін жою мәселесін талқылаған заң шығарушылар бір сезімтал мәселені елейтін емес. Жеке кәсіпкер (ИП) – "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" мәртебесімен бірге шағын бизнес үшін өте ыңғайлы нысан саналады.
Жеке кәсіпкерлік – бюрократиялық сергелдеңнен азат аумақ. Жеке ісін жаңа бастаған азаматтарды оның қарапайымдылығы қызықтырады: бухгалтер, заңгер, хатшы жалдаудың қажеті жоқ, өзі жеке тыныш жұмыс істейді немесе шағын ұжымымен өзі тікелей араласады.
Жауапкершілігі шектеулі қоғам (ЖШҚ немесе Қазақстандағы баламасы – ЖШС) – бұл дегеніміз салықтық әкімшілендірудің ит тұмсығы батпас ну орманы, қаптаған бухгалтерлік есеп, тонна-тонна құжаттар және әрбір қате қойылған үтір үшін айыппұлдар.
Мұндай шарттарға бәрі бірдей келісе бермейді. Заңгерлер, бухгалтерлер және есептіліктің қамыты – қарапайым шаштаразға немесе шағын кофехана иесіне мұның бәрі не үшін қажет? Олар үшін ыңғайлы болған жеке кәсіпкер мәртебесін жою кез келген елдегі микро және шағын бизнес үшін апатқа тең болар еді.
"Жеке кәсіпкерден ЖШҚ-ға көшу деген тек маңдайшаны өзгерте салу емес қой. Оларды алда аса күрделі бухгалтерлік есеп, заңгерлік сүйемелдеуді жалдау және басқа да қызметтерге жұмсалатын операциялық шығындар күтіп тұр. Жеке кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесі әкімшілендіруде өте қарапайым: өндірісті, сауданы бастау немесе қызмет көрсету үшін бизнесті басқаруға қатысты кең біліміңнің болуы қажет емес. Ал, жауапкершілігі шектеулі қоғам мәртебесінде жұмыс істеу мол тәжірибені, мамандандырылған дағдыларды және кәсіби мамандарды талап етеді", – деп түсіндірді Urvista заңгерлік фирмасының басшысы Алексей Петропольский BFM радиосына сұхбатында."Ресейде шағын бизнестің шамамен жартысы жеке кәсіпкер болып табылады. Олар қазіргі уақытта ААҚ, АҚ немесе ЖАҚ-тармен тең дәрежеде бәсекелесе алады. Сондықтан егер мемлекет ЖК түріндегі шағын бизнесті тарату туралы шешім қабылдаса, онда олардан босап, үңірейіп қалатын нарықтағы орынды біреу толтыруға тиіс. Әйтпесе барлық нарықтар тегіс монополияланады. Ірі компаниялардың икемділігі төмен болғандықтан, экономика амалсыз, кеңес кезіндегідей жоспарлы жүйеге көшеді. Бұған жалғыз балама – бағалардың жаппай өсуі", – деп ескертті заңгер Дмитрий Кваша.
"Өгізге туған күн бұзауға да туады" дейді халық даналығы. Бұл тұрғыда осы жолға түскен ЕАЭО-ның өзге мүшелеріне одақтас елде қалыптасқан ауыр ахуал үлгі бола алады. Беларусьтің шағын бизнесі де күрделі әкімшілік-реттеушілік қиындықтарға тап болып жатыр. Бұл республика дара кәсіпкерлермен күресті 2 жыл бұрын, бәрінен ерте бастап кеткен еді.  
Елдегі жеке кәсіпкерлер саны 2025 жылдың басынан бері бірден 10%-ға азайып кеткен. "Белстат" мемлекеттік агенттігіне сілтеме жасап, Neg.by хабарлауынша, қараша айында Беларусьте тек 214 900 жеке кәсіпкер қалыпты. Қалғанының бәрі жабылып қалды.
Салалар бөлінісінде биылғы 10 ай ішінде жеке кәсіпкерлер (ИП) санының ең үлкен құлдырауы ақпарат және коммуникация саласында болды: -22,8%-ға төмендеді. Құрылыста бұл көрсеткіш -10,2%-ға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте -15,1%-ға, автомобиль жөндеуде -9,7%-ға, өндірісте -8,3%-ға азайған.
Сонымен қатар, статистика мамандары 2025 жылы жеке кәсіпкер санының азаюы биылғы барлық айда және Беларусьтің барлық өңірінде тіркелгеніне назар аудартты.
"Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлердің коммерциялық қызметіне қатысты шарттардың күрт нашарлауына байланысты олардың саны қарқынды түрде азайып келеді. Мысалы, Беларусьте оларға жеңілдетілген салық режимін пайдалануға тыйым салынды. Егер кірісі 500 000 беларусьтік рубльден (89 миллион теңгеден) асса, кәсіпкерлер жұмысын жалғастыру үшін заңды тұлға құруы керек", – деп жазды жергілікті Office Life порталы.
Бұдан бөлек, шағын бизнес субъектілері санының азаюына тағы бір жаңашылдық соңы серпін беруі мүмкін. Беларусьте 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер тек рұқсат етілген тізімге енгізілген қызмет түрлерімен ғана айналыса алатын болды. Ол тізімге кірмеген бизнес түрімен шұғылданғысы келетіндер ЖК-дан басқа нысан мен мәртебедегі компания құруға міндетті.
Бұл тізім алғаш рет 2024 жылдың шілдесінде жасалды және сол жылдың 1 қазанынан бастап осы тізімге енгізілмеген қызмет түрлері бойынша жаңа жеке кәсіпкерлерді (ИП) тіркеу тоқтатылды. Жаңа жылдан бастап, қолданыстағы қалған дара кәсіпкерлер де жабылуға мәжбүр болады.
19 желтоқсан 2025 ж. 105 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031