Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Несиені не үшін алдыңыз?

Несиені не үшін алдыңыз?

Қазір ұл үйлендіріп, қыз ұзатушылар арасында бәсекелестік қызып тұр. Бар жиған-тергенімді баламның ең бақытты күнінде шашпасам, қайда шашамын деген ата-ана қуанышты күнге айлап дайындалады. Алайда, көпшілігі көрпеге қарай көсілмей, артынан бармақ тістеп қалып жатады. «Судың да сұрауы бар» деген. Несие – алғанда жақсы. Қиындығын еселеп қайтарғанда сезінесің. Несиені алушылар да әр түрлі. Кейбірі аса қатты мұқтаждықтан кредиттің көмегіне жүгінсе, енді бірі «Ұлымның тойы немесе қызымның ұзатылуы пәленшенің тойынан асып түссін» деп астамшылыққа барады.

Бүгінде жас отбасылар арасындағы ажырасудың көбеюі тікелей несиеге тіреліп тұр демесек те, үкіметтен алған қарызды қайтара алмай кикілжің туындап, екі жаққа кетіп жатқан жұптар жетерлік. Осы орайда үйлену тойлары мен құдалық кезіндегі бітпейтін рәсімдер берекені алады. Бір ғана екі жақтың бір-біріне кигізетін киттерін айтайық. Сол дәстүрді даңғазалыққа айналдыру керек пе өзі? «Пәлен жаға, түген көйлек» әкеліпті деп ауыз толтырып, көрші-қолаң, ағайын-туыс айлап әңгіме қылады. Оның ішінде ілеуде біреуі киюге жарамды болса, көпшілігі екі арада жүретін «айырбас» заттар. Сайып келгенде, бос шығын, құр ысырапшылдық.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бүгінгідей нарық заманында шабадан толы «Киіт» көтеріп, құдалыққа барғаннан, жаңадан отау болып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас шаңыраққа пайдасы тиер іс қылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Алайда, былай жасайық десек, бізді «Ұят болады» ұстап қалады. Олай дейтін де жөніміз жоқ емес. Киітсіз келген құданы көрсе, ел-жұрт күңкілдесіп, көретін қызығы жоқ тойға келгендей күй кешеді. Тойдың сәні киіт емес, көңілді ән мен жүздері бақыттан бал-бұл жанған жандар емес пе?

Бірде көптен көрмеген құрбыммен жолығып қалдым. Басқа қалаға тұрмыс құрғалы көрмеппін. Біраз әңгіме айттық. «Ата-анаңның үйіне қыдырып келдің бе?» – деп сұрағанымда қабағы түсіп кетті.

Жүзіндегі солғындықтан орынсыз сұрақ қойғанымды аңғарып, ыңғайсыз күйге түстім. Досым ішіндегі шерін айтып жеңілдейін деді ме, сұрағыма ашық жауап берді.

«Тұрмысқа шығарда анам несие алған. Артымнан баратын дүние-мүлкімді түгендегенде тағы да қаражат керек болып өзім де алдым. Той дүркіреп өтті. Отбасылық өмір басталды. Жұмыста жүріп, несиемді төледім. Бірнеше жылға алған болтынмын. Аяғым ауырлап, декреттік демалысқа шыққанымда несиемді қалай төлерімді білмей қатты қиналдым. Күйеуім де той жасар кезде несие алған. Анамнан көмек сұрайын десем, өзінің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Ойланбай әрекет еткеніме қатты өкіндім. Үйде күнде ұрыс-керіс. Ақырында қайынжұртыма да жеккөрінішті болдым. Жолдасыммен арамыз суып, қит еткенге керілдесіп қалатынбыз. Арман-қиялдарымның бәрі көкке ұшып кеткендей. Нәтижесінде алғашқы нәрестемді өз әке-шешемнің шаңырағында босандым», – деді. Соңғы сөздерді дауысы дірілдеп, қинала-қинала жеткізді.

Іштей қиналып қалдым. Алайда, құрбыма жұбату айтарымды, не жігер берерімді білмедім.
Бұл несие алып, ысырапшылдыққа барған бір ғана жанның әңгімесі. Бүгінде алмасаң тағы болмайтын, алсаң басыңды қайғы торлайтын несие деген дертке айналғандай. Кредиті жоқ кісі көрсек, кәдімгідей таңданыспен қараймыз. Елдің бәрі еріккеннен қарызға батпайды. Тек қана несие аларда, жұмсалар жері мен қайтарылар қарызды қалтаңыздың көтеретін немесе көтермейтіндігіне көңіл бөлсеңіз болғаны. Ал, енді құрметті оқырман, ойланыңызшы, Сіз несиені не үшін алдыңыз?

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА


27 маусым 2019 ж. 1 091 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 65

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 57

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930