Сұрап алған атақ, сатып алған мадақ
Кеше көшеден Гүлжанды көрдім. Асығыс. Апыл-ғұпыл амандық-саулық сұрасқанынан шошып:
– Аманшылық болар. Қайда асықтың? –дедім.
– Атақ алуым керек.
– Қандай атақ? Қайдан аласың?
– Өткенде ақшам жетпей, кешігіп қалдым. Бұл жолы үлгермесем ұят. Елдің бәрі алып болды, – деді қатты қынжылып.
Ел арасындағы «Атақтың бәрін ақшамен сатып алады», – деген сөзге алып-қашпа әңгіме шығар деп мән бермеуші едім. Мына оқиғадан кейін «Расында да атақтың бәрі ақшамен келеді екен-ау» деген ойда қалдым. Сонда кім-кімді алдап жүр? Атақты иеленген адам өзін бе әлде өзгелерді ме?
Ақын Жұмекен Нәжімеденов: «Атақ-даңқ дегеніміз — ит сияқты. Оны біреулер күшігінен асырап, тер төгіп өсіреді, енді біреулер жол ортадан сатып ала салады. Осы ит-атаққа жақсылап тамақ беріп, сылап-сыйпасаң, ол керек кезінде ырылдап сені қорғайды» деген екен. Рас-ау кейбір кісілердің жер жарып тұрған атағын естігенде қызығып та, қызғанып та қаласың. Тіпті «Менде осы дәрежеге жетсем екен деп» тәтті қиялға берілетіндер де табылады.
Қазір қоғамда жиі кездесетін тамыр-таныстықпен өсу, жүлде бөлісу, орынтаққа жабысу кеселдерінің қатарына ақшаға атақ алу да қосылған. Егер сіз «Ғасыр ұстазы» атанғыңыз келсе 13 мың теңге төлейсіз. Ал он-ақ мың теңгеге «Алаш ұстазы» боласыз. Ақшаңыз оған жетпесе 5 мың теңге төлеп, «Ұлт ұстазы» атағын иеленесіз. Алайда «Ұлағатты ұстаз» атану бұл сияқты арзан емес. Оған бақандай жиырма мың теңгеңізді жібересіз.
Бұған дейін Қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлына тағылған «Ұлт ұстазы» атағын қазір екінің бірі алып жүр. Бәрі бірдей бұл атаққа лайықты емес деуден аулақпыз. Дегенмен сатып алғандар сапаны түсіріп тұрғаны қынжылтады.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың мәлімдеуінше, мұғалімдердің ерен еңбегі үшін мемлекет тарапынан берілетін екі ғана награда бар. Министрлік тарапынан берілетін награда – «Білім беру ісінің үздігі» және «Алтынсарин» төсбелгісі. Басқа ешқандай атақтардың министрлікке қатысы жоқ екен.
Атақ алу үшін ақша ұсынасыздар ма? Бұл сұраққа жауап берген ұстаздардың аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Себебін сезіп те отырған боларсыздар.
«Атақ алу да журналға мақала жариялауда ақшаға тіреледі. Несін жасырайын ақшасын беріп, журналға шыққаным рас. Алайда «Атақ алатын едім» деп таусылмадым. Көп әріптестерім көштен қалмау үшін осындай жолға барып жүр», – дейді мұғалімдердің бірі. Екіншісі бірнеше атақты ақшаға алғанын мойындады. Оның айтуынша, бұл атақтарды алғаннан мұғалімнің жалақысы артпайды.
Біз бір ғана білім беру жүйесіндегі атақтар жайлы айттық. Қалған саладағы қаншама атақтың бәрі осылай ақшаға сатыла берсе олардың қатары жыл санап арта берері сөзсіз.
Мені мазалайтыны мұғалімдер неге шәкіртінің шыққан шыңымен емес, кеудесіне таққан медалімен мақтанады? Атақтың қандай пайдасы бар?
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ