Жолға жөндеу жүргізіледі

«Жол қадірін жүрген біледі» деген мақал да оның машақатын түсінгендер тарапынан айтылса керек. Ал мұндай олқылықты болдырмау – бүгінгі заманның талабы.
Қазалы ауданы көшелерінің 62 проценттен астам бөлігі жақсы жағдайда деуге толық негіз бар. Мұндағы маңыздылығы жоғары автомобиль жолдарының көлемі 406 шақырымды құрайды. 184 шақырым жолға асфальт төселген. Оның 141 шақырымына қиыршық тас төселген болса, қалған бөлігі топырақты жолдар санатына жатады. Бұл жолдарды күтіп ұстау, қайта жөндеу жұмыстарының жыл санап маңыздылығы артып келеді.
Мәселен ауданға қарасты жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 2018-2020 жылдар аралығында көлемі 16,15 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс 68 шақырым жол жоспарға енген. Қазіргі таңда «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» елді мекендерінің арасын жалғайтын және «Басықара-Абай-Өркендеу» мен «Қожабақы-Бекарыстан би» ауылдарының аралығын қосатын жолдардың орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды.
2019 жылы да жол машақатынан айықтыратын бірнеше кешенді жоба қолға алынған. Қазалы ауданы арқылы өтетін халықаралық маңыздағы жолдар, Әйтеке би кентіне кіре беріс, айналма көшелер мен қала және кентті басқа елді мекендермен байланыстыратын бірқатар маңызды автомобиль жолдарын қайта жөндеуден өткізу ісі басталып та кетті. Ол үшін “Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберіндегі моноқалаларда және өңірлерде іс-шараларды жүзеге асыру” жобасына жоспар әзірленді. Онда қаржыландыруды қажет ететін Әйтеке би кентінің 30 көшесі, Қазалы қаласы бойынша 30 көше қайта жаңғыртуға ұсынылған. Қазіргі таңда Қ.Пірімов ауылының 3, Ақсуаттың 1, Түктібаев ауылының 8 көшесіне облыстық және аудандық бюджеттерден 109796,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ