Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рамазан айы мүбәрак болсын

Рамазан айы мүбәрак болсын

Аса қамқор ерекше Алла­ның атымен бастаймын. Қасиетті рамазан айының бірнеше атаулары бар. Рамазан – сабыр айы, рақмет айы, жарылқау айы, азаптан, дозақ отынан құтылу айы, игілік айы, ораза айы, ізгілік айы, Құран кәрім түсетін ай деп атайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммедке (салла Аллаһу Ғалейһи Уәсәллам) осынау мүбәрак айдың 26-нан 27-сіне қараған Лайлатул – Қадір, яғни Қадір түнінде Алла тағала тарапынан Жәбірейіл періштенің жеткізуімен нұрлы Құранның алғашқы сүрелері түсе бастады. Алла тағала осы айда Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіне ораза ұстауды парыз етті. Себебі, Құран кәрімде «Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсірілген ай, Рамазан айының туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын...» (Бақара сүресі 185-аят) делінген.

Рамазан Құран кәрім айы болғандықтан осы айда Құран шәрифті бұрынғыдан да көбірек оқып, бұрынғыдан да көбірек зерделеген ләзім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәрифінен ойға түйгеніміз, оқылған Құранның әрбір әрпі он сауап, он игілік және он түрлі жаннат миуасына айналады екен. Сол үшін Құран мен көбірек амал қылмақ, Құран бұйырған істерге басқа айлардан гөрі нығырақ жабыспақ. Бұл ораза ұстаушы әрбір пенденің жадынан шықпауы керек.

Ораза мұсылманның үшінші парызы. Әрбір ақыл-есі бүтін, балиғатқа жеткен, денсаулығы мығым мұсылман ер-әйелдің осы айда өзін-өзі таң рауандаудан бұрын күн батқанға дейін тағамнан, сусыннан, жыныстық жақындықтан тежеп, нәпсінің тізгіндеуімен ғана шектеліп қоймауы тиіс. Рамазанда тек қана асқазан емес, сол сияқты көз, құлақ, жүрек, қиял, тіл, сана секілді мүшелердің өздеріне тән оразасы бар.
Адам өтірік, өсек-аяңнан, бұралқы сөздерден аулақ болып, ораза тұтып, тілді Құран кәрімді оқуға, Алланы зікір қылуға, оны мадақтауға, оған шүкір етуге, салауат пен истиғфар (жарылқану, тілеу) етуге бағыттау керек.

Көзді харам болған, тиым салынған жерлерге емес, ғибратты тағылым алатын нәрселерге, құлақты жаман, анайы, тұрпайы сөздерден аулақ ұстап, хақ сөз – Құранды тыңдауға, насихат, пайдалы уағыз тыңдауға бейімделген абзал.

Адамның жаратылысы тумысынан ішуге, жеуге, ұйық­тауға, ләззаттануға шектен тыс құмар. Сондай-ақ адамды билеп төстеуге үйреніп қалған нәпсі ораза уақытында ғана жеңіліс тауып, осы аталған рахаттардан ықтиярлы түрде бас тартып, өзін-өзі тежеп, толық қожайындық сипатқа ие болған адам баласы бір сәт жаратушысына ғана бойсұнып, Ұлы Құдірет иесі – Алла тағаланың құлы екендігін сезінеді.

Ораза төзімділікке, шыдамдылыққа, сабыр­лыққа шақырып, адам бойындағы ашкөздік, тойымсыздық, тәкәппарлық, мен­мендік сияқты жағымсыз қылықтарды күйретіп, адам рухын асқақтатып, ішкі жан сарайын нұрландыратын, сауықтыратын бірегей амал. Демек, адамзаттың қайғы-қасіретін, өмірдегі қолайсыздықтарға ұр­ын­­дыратын сабырсыздық пен шыдам­сыз­дықтың да бірден-бір шипасы, дәруі – ораза екен.

Сондай-ақ бұл ай – ізгілік һәм мейірім айы болып та есептеледі. Осы айда ата-аналардың көңілін аулау, көрші-көлеммен сыйласу, қолдағы бармен бөлісіп, ауызашар дастарқандарынан дәм тату, мұсылмандық һәм адамшылық Уазифамыз болып табылады. Әлді, ауқатты, жомарт жандар жоқ-жетіктерге қарайласып, жетім-жесірді есіркейтін, көмек-жәрдем көрсететін ұрымтал сәті осы ай.

Пітір-садақаларын да жергілікті мұ­сыл­­ман бауырлар ораза айының ішінде мешітке әкеліп бергені абзал. Себебі, мешіт мемлекет тарапынан ешқандай қаржыландырылмайды. Тек қана халықтан түскен пітір-садақалардың арқасында ғана күн көруде екені жасырын емес.

Бұл айда сегіз жұмақтың есігі айқара ашылып, жаһаннам есіктері бекітіледі. Шайтан атаулы шынжырланып, иман­дылық, парасаттылық салтанат құрады. Жамандықтан безініп, жақсылыққа ұмты­лып, Алла ризашылығы үшін ораза ұстаған мұсылмандар ғана кіретін жаннаттың Роййон есімді есігі оларды зарыға күтеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ұжмақ төрт түрлі топқа құшағын ашып, асыға күтеді. Олар – Құран Кәрімді оқушылар, өз-өздерін ғайбаттан сақтаушылар, аштарды тойындырғандар, ықыласпен ораза ұстаушылар» – деген ғибратты тәлімін ұмытпағанымыз жөн.
Әрбір ораза тұтушы «Ниет еттім таңнан кешке дейін, Рамазан айының оразасын ұстауға Нағыз Аллаһ үшін, Аллаһу акбар» – деп ауыз бекітеді.

Сондай-ақ, әрбір ораза тұтушы «Иа, Аллаһ саған ораза ұстадым. Саған Иман келтірдім. Өзіңе сенім арттым, берген несібеңе ауыз аштым.
Иа. Жарылқаушы Аллаһ ілгері кейінгі күнәларымды жарылқай гөр! Ерекше мейірімді Аллаһ, сенің Марха­батыңнан үміт етемін. Аллаһу акбар» деп ауыз ашады.

Оразаны бұзатын істерге мыналар жатады:
Ораза тұтушы өте аз мөлшерде болсын су, тағам жесе; ыстық булы монша немесе бір қауыз толы суға түссе; емдікке болса да дәрі қабылдаса; жыныстық қатынаста болса; тағам немесе басқа да иісті заттарды иіскеп рахаттанса; біреудің артынан ғайбат сөз айтса (өсектеу, жамандау).

Егер ораза тұтушы науқас адамға немесе кішкентай нәрестеге тамақ шайнап берсе; тағам дәмін татып көріп, қайтадан түкіріп тастаса; базардан тағам сатып аларда дәмін татып көріп алса; жоғарыдан төгіліп тұрған суға (душ) шомылса немесе құман, шәйнекпен жуынса; тырнақ, шашын алса; түкірігін жұтқанымен оразасы бұзылмайды. (Егер ауызға жиналған түкірік көп мөлшерде болса оразаға нұсқан келуі мүмкін).

Ескерту: Егер сапарға шығатындар сол күндердің оразасын қайтып ораламын дегенше тоқтата тұрады. Сапардан оралған соң қайта тұта беруіне болады.
Рамазан айынан кейінгі: айт күн­дері біткен соң сапарда болған күнгі оразаның қазасын өтейді.
Егер кімде-кім ораза айын асыға күтсе, ол адам үшін тозақ оты – Харам деген. Ауыз­­­ашар алдындағы тілегін Аллаһ тағала қабыл алады.
«Кімде-кім рамазан айында ораза ұстап аузынан жағымсыз иіс шықса, Жаннатта олардың аузынан әтір іспеттес хош иіс шығады».

Мұсылман бауырлар!

Осы жылдың мамыр айының 6-шы жұлдызы қасиетті Рамазан айының бірінші жұлдызы. Яғни оразаның алғашқы күні.
Ораза ұстаушылар ескергені жөн:
– Ауызды құрма не сумен ашқан дұрыс.
– Ауызашар уақыты ақшам намазының уақытында.
– Сәресіні таң намазына 10 минут қалғанда аяқтап, ауыз бекітеді.
Мамыр айының 5-ші жұлдызында Құптан намазы мен Үтір намазының аралығында Тарауық намазы оқылады.
– Мамыр айының 31-нен маусымның 1-не қараған түн қасиетті Қадір түні.
– Пітір садақасы рамазан айының басынан айт намазына дейін беріледі (мөлшері адам басына 300 теңгеден).
– Маусым айының 5-ші жұлдызында таңертеңгі сағат 7:45-те аудан көлеміндегі барлық мешіттерде Ораза айт намазы оқылады.
Құрметті мұсылман бауырлар! Рамазан айы баршаңызға құтты, күллі Ислам әлеміне қайырлы, берекелі болғай!

Берік қажы СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы

29 сәуір 2019 ж. 2 671 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031