Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айттан кейін 6 күн ауыз бекітетін нәпіл оразаның артықшылығы қандай

Айттан кейін 6 күн ауыз бекітетін нәпіл оразаның артықшылығы қандай

Ораза айттан кейін ұстайтын нәпіл оразасының нендей артықшылығы бар? Нәпіл оразасын ұстау міндетті ме?
1. Шәууәл айының оразасы – нәпіл ораза. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ықтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) “Кім Рамазан айында ораза ұстап, кейін оған шәууәлдің алты күнін қосса, онда ол жыл бойы ораза ұстағандай болады” деген хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады, деп хабарлайды Асыл арна.
2. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады және оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстауға болады.
3. Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.
4. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен, Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан, алдымен оразаның қазасын өтеген абзал. Себебі, адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.
5. Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.
6. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – бізге парыз етілген ораза.
7. Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (Таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына яғни, күн батқанға дейін жалғасады.
8. Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын», – деген. (Тирмизи)
Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни, Алла Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, мол мүмкіндік тудырады.
Stan.kz
18 маусым 2018 ж. 8 259 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930