Президент сайлауы – бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі
Қазіргі таңда елімізде саяси тұрақтылық бар, басқа елдер бізден ұлтаралық татулықтың үлгісін аларлықтай. Сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» бағдарламаларысы арқылы елде көптеген оңды өзгеріс орын алды. Бүгінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту арқылы еліміздің одан әрі дамуына жол ашылды. Алдағы сайлауда халық сайлайтын Қазақстанның кезекті Президенті үшін ел басқару қиынға соқпайды деп ойлаймын. Өйткені Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды дамытудың дара жолын көрсетіп берді.
Халқымыз соңынан жұртты ерте алатын, әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанды лайықты таныстыра алатын тұлғаны өркениетті жолмен таңдауы тиіс деп білемін. Заңды сайлау – ел болашағының тұрақтылығының және біздің болашағымыздың, білім, экономика, мәдениет, әлеуметтік өмірдің барлық салаларының әрі қарай екпінді дамуының кепілі. Сонымен бірге сайлаудың өткізілуі Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы және тұрақтылық діңгегі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетіні сөзсіз.
Президент сайлауының қорытындысы бізді саяси деңгейде де, білім беру ісінде де жаңа бір кезеңге көтереді және Қазақстанның саяси сахнасына жаңа күштердің келуіне жол ашады деп ойлаймын. Осындай жауапты кезеңде еліміздің әрбір азаматы өз дауысын беріп, республикамыздың қандай бағытта дамитынын анықтауға өз септігін тигізу өте маңызды болмақ. Сонымен бірге азаматтардың Қазақстанның болашағы – жас ұрпақ алдында жауапкершілігін көрсетеді.
Халық сайлайтын Президент ел дамуының бағытын анықтап ғана қоймай, елімізді халықаралық аренада таныстырады. Сондықтан ұстаздар қауымы да бұл науқанды заң аясында жоғары деңгейде өткізуге барынша атсалысатын болады. Кезектен тыс өтетін бұл сайлау еліміздің өсіп-өркендеуіне жаңа серпін әкеледі деген сенімім бар.
Қымбат СЕРМАХАН,
Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп директоры