Конституциялық сот қызметін қайтаруды талап ететін азаматтар үшін маңызды ережені өзгертті

Кейбір заң нормалары адамдардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауына кедергі келтіріп келді. Енді жұмыстан заңсыз шығарылған қызметкер немесе сот шешімімен келіспейтін азамат өз ісін толық сотта қорғай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық сотқа азаматтардан Еңбек кодексінің 160-бабының 5-бөлігінің 1 және 2-абзацтарының, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының 2 және 3-бөліктерінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініштер түсті.
Сотқа жүгіну мерзімі өтіп кеткендіңктен сот оның жұмысқа қайта орналасу туралы талап-арызын қанағаттандырмаған. Бұл шешім Еңбек кодексінде белгіленген нормаларға сүйеніп қабылданған. Алайда құқық қорғау органдарындағы еңбек қатынастарының ерекшелігі ескерілмеген. Кейін қылмыстық іс сотта қаралғаннан кейін оның қызметтік тәртіпті бұзғаны дәлелденбеген. Бірақ қолданыстағы Азаматтық процестік кодекс нормалары оған жұмысқа қайта орналасу туралы сот шешімдерін қайта қарауды талап етуге мүмкіндік бермейді.
Екінші жағдайда өтініш беруші де сол Азаматтық процестік кодексіндегі нормаларға шағымданған. Себебі ол нормалар сот шешімдерін қайта қарауға кедергі келтіріп, бір-біріне қайшы шешімдердің сақталып қалуына жол береді деп есептеген.
Сот қорытынды шешімінде бұл нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп шешті.“Дауланып отырған Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің нормалары сот актілерін жаңа немесе қайта ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудың жалпы қағидатын бұзады”, – деп мәлімдеді Конституциялық сот.
"Жұмысқа қайта орналастыру туралы дау бойынша, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қатысты еңбек заңнамасына өзгерістер енгізілгенге дейін сотқа жүгіну мерзімі ретінде бір жылдық мерзім қолданылуы тиіс", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң өзгергенге дейін азаматтық істер бойынша жаңа немесе қайта ашылған мән-жайларға байланысты шешімдерді қайта қарау кезінде Азаматтық процестік кодексінің 455-бабы 1-бөлігі басшылыққа алынуы тиіс.
Онда былай делінген:
"Істі дұрыс шешу үшін маңызды, бірақ бұрын сотқа белгісіз болған заңды фактілер қайта қарауға негіз болады".










