Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық пен санақ салғырттықты көтермейді

Салық пен санақ салғырттықты көтермейді

Бейсенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжілісі болып өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселенің барлығы да бүгінгі таңдағы ең өзекті деген жайттар.

Мәжілісте алдымен Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов ауданда салық базасын ұлғайтуға байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Басқармамен ұсынылған 2019 жылға арналған салық базасын ұлғайту жөніндегі іс-шара жоспары бекітіліп, топ құрамы жаңартылды. Алдыңғы іс-шара жоспарының «Мемлекеттік тапсырыс жеңімпаздары болып табылған сыртқы мекемелерді ауданға салық төлеуші ретінде тарту» бағыты бойынша салық төлеушілер тізімі жасақталып, түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Алайда, атқарылған біршама жұмыстарға қарамастан, бүгінгі күнге тіркелген салық төлеушілер жоқ. Осыған орай аталған тармақ кешенді іс-шара жоспарынан алынып тасталды. Сонымен қатар, кешенді іс-шара жоспарына бірқатар тармақтар қосылды, – деді Фердоуси Әбілқасымұлы.
2019 жылы Қазақстанда өтетін басты оқиға ұлттық халық санағы болмақ. Осыған орай, аудандық статистика басқармасының басшысы Бақытжан Әлімбаев халық санағының дайындық барысы жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Басқарма басшысының айтуынша, аудан көлемінде идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге, сонымен қатар шартты атаулы көшелерге жаңа атау беру жұмыстарын жалғастыру қажет. 20 ақпан күнгі мәлімет бойынша Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Аранды, Ақжона, Бозкөл, Майдакөл, Сарбұлақ, Тасарық, Шәкен ауылдық округтерінде үйлердің және пәтерлердің нөмерлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстарының толықтай аяқталмағанын жеткізді.
Сондай-ақ, басқосуда көктемгі мерзімді әскерге шақыру мен алдағы наурыз айындағы мерекелерді атап өту жайы да сөз болды. Аталған мәселелерге байланысты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Серік Саянов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев баяндама жасап, бірлесе жұмыс жасалатынын тілге тиек етті.
Мәжілісте Мұрат Нәлхожаұлы алдағы мерекелерде аудан көлемінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, әлеуметтік көмек көрсету шараларын жүйелі түрде жүргізілуді қатаң тапсырды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
02 наурыз 2019 ж. 991 0

Жаңа министр ант берді

10 мамыр 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031