Қонақ келсе, қолдарына су құйған...
Үйге қонақ келе қалса үлкендердің оларды қалай сыйлап, жайғаратынын бала кезден көріп өстік. Ал шаңырақтың кіші баласы қонаққа деген құрметті қолға су құю арқылы көрсететін. Ас ішер алдында анамыздың жылытып қойған шәйнегін таппай зыр жүгіретініміздің өзі бөлек әңгіме. Одан кейін қолға су құйған баланың міндетті түрде иығында асулы тұратын қол орамалды ұмытқанымызды қабағы қатулы әкенің жүзіне қарап-ақ білетін едік.
Қонақтардан төменірек отыратын ағайын ақсақалдың «суларыңды әкеліңдер» деген сөзін естімей қалуға әсте болмайды. Мұның өзі келген қонақтарға әулет абыройын әспеттей түседі. Содан қолға су құюға қажетті затты алып, қонақ бөлмеге енген бойы бірінші кімнен бастау керек екенін білмей бір орында тұрып қаламыз. Дауысын көтере шақырған атаның: «Су етектен, бата төрден» деген бар, қонақтардың оң жағынан құя бер, балам», – деген нұсқауынан кейін ғана, күрделі сұрақтың жауабын ұққандай жеңілдеп, іске кірісетінбіз. Бұдан кейін де үй үлкенінің «сол қолыңмен шүмегін ұста», «суды бірқалыпты құйып тұрма», «үзіп-үзіп үш рет құй», «одан ары қонақтың сұрауымен құясың» деген сияқты ақылынан құлақ тұнатын. Бұл жазылмаған заңдылықтардың өзіндік мәні бар екенін кейін ұққандай болдық. Мәселен, құманның шүмегін екінші қолымен ұстап тұру баланың құманмен бірге иіліп, ізет көрсеткенін әспеттейді. Осы ретте адам дүние салып, оны жуындырғанда құйылатын мейрам суы ожаудан түгесілгенше үзбей құйылады екен. Қонақ қолына су құйғанда үзіп құю осы екеуінің ара-жігін ажыратып тұрғандай.
Балалықтың шалалығы шығар, сол кездері кеудемізде «осылар неге үйге кіре берістегі қол жуғышқа жуып отырмайды, жұртты әуре қылып», – деген ой болғаны жасырын емес. Ал ізет көрген қонақтар: «Суың жылы, жақсы екен», «Әдемі құяды екенсің, бақытты бол», «Ой, айналайын, жарайсың» деп жылы суға жылы лебізін білдіргенде қалай жадырап кеткенімізді байқамай қалушы едік.
Тәрбиелік мәні зор қазақы салт-дәстүрді қашанда қасиетті діннен іздейтін әдетіміз. Осы тұста бұл үрдіс Сүлеймен пайғамбардан жеткендігін дәлелдейтін мына бір ғибратты оқиға ойға оралады.
Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.
– Әй, Дәуіт! Ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді.
Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде 7 жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар:
– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!
– Құдайдың сүйікті құлы бол!
– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!
– Әділ патша бол!
– Екі дүниенің сырын біл!
– Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!
– Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, ер жетеді. Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:
– Иә, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:
– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ, зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын берді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, 18 мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі. Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп, «үлкен кісілердің батасын ал» деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен.
Ғұмырында адамгершілік пен парасаттылықтың биік шыңын бағындыра білген дана-бабалар қазақы құндылықты қалыптастырып ғана қоймай, кейінгі ұрпаққа да қаз-қалпында жеткізе білді. Мұның барлығы бейәдеп істерден аулақ болып, саналы да сапалы ұлт ұландарын қалыптастыру үшін жасалған қаракет десек қателеспесіміз анық. Сол сияқты келер ұрпақ та осынау үлгілі салтты ұмытпаса әрбіріміздің бойымыздағы асыл қасиет те өз бағасын жоғалтпас еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ