Төрдің қадірін білесіз бе?
Аллаға шүкір, қазір той да, құдалық та көп. Құдажолы, ас та болып тұрады. Соларға, басқа да ретті шақырыстарға (шақырған жерге), кейде шақырмаған жерге де (көңіл айту, басқа да...) көңілжақын жандардың шаңырағына барып жатамыз.
Үй иесі, немесе қонақ жайлап жүрген адам бұрын барған адамдарға «төрлетіңіз», «жоғары шығыңыз», – деп жатады.
Төр қай жер? Оған кімдер отырады?
«Төр – әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі қасиетті орны. Үйге келген адамға «төрге шығыңыз» деген ілтипат пен ақ ниет осыдан шыққан.(С.Кенжеахметұлы. «Жеті Қазына» 3-кітап. Алматы.Ана тілі ЖШС 2007 жыл. 72-бет). Демек төр – сол елдің абыз ақсақалдары, қазақтың бұрыннан келе жатқан құда, жаста болса жолы үлкен саналатын, сол шаңыраққа сыйлы, қадірлі сыйлас қонақ отыратын жер. Кейде шаңырақ иесі ырысымыз артады, – деп қызын, күйеу баласын төрге шығарған. Ауыздылау ағайындардың «Ана күйеу төрде неғып отыр?», – деген уәжіне үй егесі немесе қонақ жайлап жүрген азамат «пайғамбарда күйеу баласын сыйлаған», – деп, оның мән-мағынасын түсіндіріп отырған. Қанша лауазымы болса да, есі бар келін төрге шықпаған. Қайта отбасына келген меймандарға ізетті қызмет етіп (шай құю, табақ алу т.б.) бата алу келіндер үшін бұлжымас борыш.
Осы күні келген қонақтарды жолымен, ретімен жайғастырып жатамыз. Ал, кешігіп келген ақсақалдарды, құда-жекжаттарды отырғызу үшін жоғарыдағы азаматтарды төмен ысырып, келгендерге орын бергіземіз. Сонда төрге шыққан жандарды сыйлағанымыз қайда?
Бұндайда академик-жазушы Мұхтар Әуезовтың «Менің отырған жерімді төр деп санаңыздар», – деп төмендегі орынға отыра салғаны еске түседі. Бұны Мұхаңның кішіпейілділігі деп пайымдаймыз. Бірақ оның астарына толық үңілмей жүрген сияқтымыз.
Бұл Мұхтар атамыздың қарапайымдылығымен бірге ғұламалығы. Шақырған үйдің қастерлі орынға лайық деп отырғызған адамдарын мен «Мұхтар Әуезовпін», – деп әлдекімдер сияқты төмен ысыртпауы, осы әрекетімен-ақ өзінің ұлылығын, түсінген адамға айтпай-ақ сездіріп тұрған жоқ па?!
Осыған ой жіберсек, шынында да шақырылған қадірлі қонақтарымыздың орны неге бос тұрмайды. Мұны білетін жан бара алмайтын, болмаса кештеу жететін болса – алдын ала ескертіп отырса өзін де, шаңырақ иесін де сыйлағаны болар еді.
Ал, төмендегі орында отырған қонақтардың келген үлкен кісілерге тұрып орын беруі, бұлжымайтын дәстүр – ата салтымыз. Ол жөнінде айтылар әңгіме жоқ.
Ал, шақырмаған жерге барғанда кім-кімге де бос тұрған орын лайық.
Бұл шаңырақтағы жағдай. Ал, мейрамханадағы төр қалай шешіліп жүр? Мейрамханада өтетін той, ас үстінде абыз ақсақалдарды, қазақтың бұрыннан жалғасқан жолымен құдаларды, жаста болса жолы үлкен саналатын, сол той иелері мен ас берушілерге қадірлі, сыйлас қонақтарды «төр осы», – деп бір түкпірдегі орынға орналастырамыз. Сөйтіп, сондағы отырған адамдарды залдағы адамдар, ал залдағыларды олар көрмейді. Тіпті тілек айтушылардың кім екенін аңғармайды. Той мен астың соңында ғана жолығып, бір-бірімен амандасып жатады. Отырған орындары жазда салқындатқыштың асты, болмаса дыбыс күшейткіштің түбі болады. Сонда ол кісілерге көрсеткен ілтипат пен ақ ниетіміз қайда?
Менің ойымша мейрамханалардағы төр – сыйлы қонақтарды сол тойға келген жандар көретін, биленетін билер, ән айтушылар, басқа да көріністер, тілек білдірушілер анық байқалатын той залының ортасына таман, алдыңғы қатарда болғаны дұрыс-ау. Оған жөн білетін сыйлы қонақтар ренжи қоймас.
Бұл менің ғана емес, көзі қарақты, әр істі пайымдай білетін, қонаққа барып жүрген жандардың да толғам-пікірлері. Олай болса осы тілектің орындаушысы да өзіміз болсақ, ағайын!
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті