Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз саптауда салғырттық жараспайды

Сөз саптауда салғырттық жараспайды

Дарқан даладай кең пейілді қазақ халқы өткен заманда ауыздан шыққан әрбір сөздің мән-мағынасына байып­пен қарап, оның қадір-қасиетін айрықша ұлық тұтқан. Сонан келе көкірегі ақылдың кеніне толы көнекөздер кейінгі ұрпаққа «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп тағылымды тәмсіл қалдырған.
Дей тұрғанмен бүгіндері ортамызда осы айтылған ұлттық ұғымға жеңіл-желпі қарап, рухани құндылықтың бәсін төмендетпеу жағын ескере бермейтін жағдайлар жолығып жатады. Күнделікті өмірде мұндайдың талайын көріп-біліп жүрміз.
Бір жолы Алатаудың етегіндегі оңтүстік астана саналатын Алматыдан ауылға қайттық. Желмен жарысып, жер апшысын тықсырған жүрдек пойыз Түркістан стансасына келгенде біздің вагонға бір топ жолаушы мінді. Ұсақ-түйек затын орналастырып, жайғасқан соң жанымызда отырғандардан жөн сұрастық. Ашық-жарқын жас келіншек:
– Туған жерге ат басын тіреп, бірнеше күн аунап-қунадым. Арасында інімнің баласының пішпе тойына да қатыстым, – деді. Мен түсініңкіремегесін, елең етіп:
– Онысы не тағы? – деген сауал қойдым.
Сәл-пәл іркіліп қалған ол:
– Пішпе той ше... Яғни баласын мұсылмандыққа ендірді ғой, – деді жауабын қысқа қайырып.
– Жарайды. Қадамы құтты, сүндет жеңіл болсын! Пішпең құлаққа ерсілеу есітеледі екен. Негізінен қазақ қозы-лақты пішеді. Сондықтан бұдан былай сүндет той десеңші, – деп көкейге келген пікірді ірікпедім.
Орынды өтініш ойынан шыққан болар:
– Иә, бізде сүндет тойын кейде пішпе той деп те атай береді, – деді сапарласым қысылған сыңай танытып.
Енді бірде ағайындас, сыйластығы жарасқан інім қалта телефоныма қоңырау шалды. Ол маған жақсы таныс зейнеткер ағаның атын атай келе: «Сол кісінің үйінде түскі мезгілде құдайы өткізіледі. Соған сізді де шақырып жатыр» деген хабар жеткізді.
Дауысымды көтере тіл қатып: «Інім-ау, баратынымыз құдайы емес, құдажолы шығар», – деп қайтара пысықтадым.
Інім әбестігін түсіне қойып, кешірім сұрады.
Кейде жұмыс бабымен көпшілік орындарға бас сұға қалсақ, кейбіреулердің бір-біріне «Үлкен алғыс айтамын!» деп ризашылық білдіргенін құлағымыз шалады. Іле-шала іштей ойға беріліп: «Ойпыр-ай, алғыстың да үлкені және кішісі болады екен-ау. Дұрысында бұндай кезде қазақ атам: «Шынайы алғысымды айтамын», «Шын жүректен алғыс білдіремін» деген риясыз ниетін көрсетпеуші ме еді», – деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз.
Қазіргі күні кейбір басшылардың алдына бара қалсаң «Құлағым сізде» деген ишаратын есітіп қаласыз. Сосын көңіліңе кірбің ұялап, жаңағы басшы қабылдауына келушілерге «Бұйымтайыңызды білдіре отырыңыз» немесе «Шаруаңызды айта беріңіз» десе ғой, шіркін!» дейсің. Сонда төл тіліміздің реңі артып, арқауы нығая түсері анық емес пе?!
Сондай-ақ кейде бірқатар телеарналардан: «Орын алған табиғат апатының нәтижесінде көптеген мал басы шығынға ұшырады» деп жатады. Бұл тұста «нәтижесінде» сөзі көбіне жағымды жайтты баяндауға байланысты қолданылатындықтан көңілге қонымсыздау әсер ететіні шындық. Оның орнына «кесірінен», «салдарынан» деп айтылса жүрекке жайлы тиетін сияқты. Тағы да кейбір радиотолқынындағы спорт шолушылары «қарсыласына шарт еткізіп соққы берді», «қақпа ішінде екінші рет допты тулатты» дейді тікелей репортаж жүргізу үстінде.
Жүре берсең, көре бересің. Өркениет көшіне бетбұрған қазіргі жастардың бірқатарының сөздік қорына біршама «қысқарту» ене бастағандай. Олай дейтіміз осы күні олар өзара әңгіме үстінде бір-біріне: «келе жатырық», «бара жатырық», «кел отырық» деп шолақ қайырып, мүкістене сөйлеуді шығарып алған. Осыны озық мәдениеттілік, жарасымды қылық деуге бола ма?
Тіл – ұлттың жаны. Мезгілінде халқымыздың дара тұлғаларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген. Олай болса мемлекеттік мәртебеге әлдеқашан ие болған, туған тілімізді төрге оздырып, сөз саптауда салғырттыққа жол бермеу мәселесін жадымызға мықтап түйе жүргеніміз ләзім.
Сахи ҚАПАР

23 ақпан 2019 ж. 1 582 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031